Accessibility links

Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде шешім тек он күннің ішінде ғана күшіне енбек

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Желтоқсанның 14-күні Павлодар облысы Екібастұз қалалық соты Шідерті жалпы қоныстану мекемесінде отырған бұрынғы Павлодар облысының әкімі, Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде шешім шығарды. Алайда, Ғалымжан Бәділжанұлының айтуынша, шешімді ауызша шығарған. Енді ол жазбаша жазылып, күшіне ену үшін Шідертіде әлі он күн отыруым керек, дейді Жақиянов.

Президент сайлауынан соң он күн өткеннен кейін Павлодар облысы Екібастұз қалалық соты Шідерті жалпы қоныстану мекемесінде отырған Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде шешім шығарды. Желтоқсанның 14-күні Ғалымжан Жақиянов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында бұл жайында былай деді:

– Бірақ шешім қабылдаған күннің өзінде ол ауызша айтылды. Енді ол іс жүзінде іске асуы үшін әлі он күнге дейін уақыт беріледі екен. Сондықтан осы он күн ішінде әлі Шідертіде, яғни мекемеде болуым керек.

Бұл жайтқа қатысты ресми мекеме басшылығынан білмек болып «Азаттық» радиосы сол күні Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесі басшысының орынбасары Виктор Николаевичқа хабарласқан еді. Бірақ ол бастығының рұқсатынсыз сұхбат бере алмайтындығын айтты. Ал Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесінің басшысы Құмар Құттыбаев телефон арқылы сұхбат беруден бас тартты.

Дегенмен Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөніндегі істі Екібастұз қалалық сотынің бір айдан астам уақыт қарауын «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев президент сайлауымен байланыстырады. С.Әлібаевтың айтуынша, президент сайлауынан бұрын Жақияновтың бостандыққа шығуы билік үшін тиімсіз болған:

– Сайлау өтпей Жақияновты шығармайтыны белгілі болды. Өйткені, сайлаудың кезінде Ғалымжан өзінің әріптестерімен кездесіп, саясатқа араласушы еді. Ал Ғ.Жақияновты 16-желтоқсан - тәуелсіздік күні қарсаңында да шығармай отыруында себеп бар. Билік 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының ызғарынан әлі үрейленеді.

Ғ.Жақиянов қамауға алынған сәттен бастап оның оппозицияда жүрген серіктері Жақияновтың ісінде саяси астар барын үнемі айтып келеді. Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы болса Қазақстанда саяси тұтқын бар ма деген сауалға жауап іздегеннен гөрі маған жемқорлықпен күресудің пәрменсіздігі жөнінде сөз айтқан тиімді, дейді. Ал С.Әлібаев болса, Жақияновты саяси тұтқын деп есептейді.

– Дүние жүзінде адам құқығын қорғайтын ұйымдардың барлығы Қазақстанда саяси тұтқын бар деп айтып жатыр. Ал сайлау алдында әділет министрлігі бізде саяси тұтқын жоқ, Жақияновты шығару жөнінде шешім шығардық деп айтып қойды, – дейді С.Әлібаев.

Сәрсенбі күні Шідертіден телефон арқылы «Азаттық» радиосына сұхбат берген Ғалымжан Жақиянов өзі мерзімінен бұрын бостандыққа шықаннан кейін Алматыдағы отбасына баратынын айтты. Сондай-ақ, ол болашақтағы жоспары жайлы өзіне қойылған сұраққа былай деп жауап берді:

– Енді жұмыс жөнінде айтатын болсақ, мен бұрыннан айтып келгенмін, саяси қоғамдық жұмыспен шұғылданам деп, мені қамаудың өзі саясатпен байланысты болған соң, өз көзқарасымды ашық айтқаннан соң бас бостандығымнан айрылғаннан кейін мен әрі қарай да өзімнің ісімді жалғастырам деп ойлаймын.

Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысының бұрынғы әкімі. 2001 жылдың аяғында жақтастарымен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрды. Одан кейін көп ұзамай Жақиянов жұмыстан босатылып, 2002 жылы көктемде қамауға алынды. Сол жылы тамыз айында Павлодар соты мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен Ғ.Жақияновты жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үстіміздегі жылдың қазан айында ол жеті жыл мерзімінің тең жартысын өтеді. Қазақстанның Қылмыстық кодексіне сәйкес, мерзімінің тең жартысын өтеген жазаланушы уақытынан бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндігі бар. Ал қазақстандық оппозициялық күштер мен халықаралық демократиялық ұйымдар Ғ.Жақиянов саяси көзқарасы үшін сотталды деп санайды.
XS
SM
MD
LG