Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.15.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда тәуелсіздік күніне арналған мақалалар жарық көріпті. Кейбір тәуелсіз басылымдарда 16 желтоқсан күні туды көтеріп, әнұран айтуды былай қойғанда елдегі бас алаңға келіп тағзым ететін шенеуніктің де табылмайтындығы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан бері он тоғыз жыл өтсе де қазақ жастарының әлі күнге дейін өздерін тәуелсіз сезіне алмайтындығы сөз болыпты.

“Алма-ата инфо” басылымы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, атап айтқанда 14 желтоқсан күні соттың белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақияновты босату туралы шешім шығарғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, енді бұл туралы соңғы шешімді он күннің ішінде Екібастұз қалалық соты шығаруға тиіс. Автор өз мақаласында прокурордың сақтық қамын жасап, Ғалымжан Жақияновты әлі он күн Шідертіде ұстап отырғандығына да тоқталыпты. Алайда Петр Своиктің пікірінше, соттың шешімі шыққаннан кейін ол күшіне енуі тиіс. Сол себептен де Петр Своик соттың шешімі шыққаннан кейін де Ғалымжан Жақияновты Шідертіде ұстауды заңға қайшы әрекет деп есептейді. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, құқық қорғау орындарының қызметкерлері Ғалымжан Жақияновты тағы он күн бойы Шідертіде ұстай тұру үшін барлық айла-амалдарды іске қосады. Автор өз мақаласында прокурордың наразылық білдіргеніне қарамастан Ғалымжан Жақияновты тағы он күн бойы Шідертіде ұстауға болмайтындығын айтып, оның себебін оған байланысты істердің барлығының да бұрын қаралып қойғандығымен түсіндіріпті. Мақала авторының айтуынша, егер де прокурордың осы іске байланысты наразылықтары болса сол уақытта білдіруі тиіс еді.

“Жас Алаш” газетінде жарық көрген Жұлдыз Әбділданың мақаласында бүгінгі таңдағы тойланып жүрген тәуелсіздік мерекесінде ешқандай да рухтың сезілмейтіндігі сөз болыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы 16 желтоқсан күні туды көтеріп, әнұран айтуды былай қойғанда елдегі бас алаңға келіп тағзым ететін шенеуніктің де табылмайтындығын мысалға келтіріпті. Мақала авторының айтуынша, осы күні тек сол оқиғада жаны жаралы болған азаматтар, солардың үрім-бұтағы ғана Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып жатады. Сондай-ақ мақалада осы күндері желтоқсанға байланысты бірнеше ұйымдардың пайда болғандығы және олардың ешқайсысының да бастарының бірікпей жүргендігі баяндалыпты.

“Түркістан” басылымының бірінші бетінде жарық көрген жазушы Дидахмет Әшімханұлының бас мақаласы да тәуелсіздік тақырыбына арналыпты. Автор өз мақаласында егер де шын мәнінде тәуелсіздіктің баянды болуын ойласақ, демократия атын жамылып, аузына келгенін сөйлеп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарына тежеу жасау керектігін атап өтіпті. Мақала авторының айтуынша, бүгінде кейбір басылымдар жеке адамдарды былай қойғанда, тұтас бір ұлттың намысы мен арына тиюден шімірікпейді екен.

“Алматы ақшамы” газетінің бейсенбі күнгі санында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың тәуелсіздік күніне орай алматылықтарға жолдаған құттықтауы жарияланыпты.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген Иса Акбаровтың мақаласында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан бері он тоғыз жыл өтсе де қазақ жастарының әлі күнге дейін өздерін тәуелсіз сезіне алмайтындығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша осыдан он тоғыз жыл бұрынғы желтоқсан оқиғасын ұлттық рухтың ең соңғы көрінісі ретінде бағалауға болады. Автор өз мақаласында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін ештеңеге жаны ауырмайтын, жеке басының қамынан басқаны ойламайтын жастардың өсіп шыққандығын тілге тиек етіп, оның себебін осы өткен он тоғыз жылдың ішінде биліктің жастардың жігерін жаншып тастағандығын айтып, өз тұрғысынан мысалдар келтіріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Қазақстанда өткен президент сайлауы бүгінгі таңдағы жастардың тәуелсіз еместігін, олардың өз таңдауын жасауға ешқандай да құқығының жоқ екендігін әйгілеп берді. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, 4 желтоқсан күні жоғарғы оқу орындарының көптеген студенттер ұстаздарының қырағы бақылауының арқасында дауыс бергізген.

“Капитал” басылымында өздерін Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының қырғыз бөлімінің басшыларымыз деп атап жүрген бір топ жастардың Бішкекте ұсталғандығы хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG