Accessibility links

Дәулетті Американы семіздік проблемасы толғандырады


Америкаға барсаңыз көше-алаңда маң-маң басып бара жатқан аса семіз жасты да, жасамысты да жиі көруге болады. Әлемдегі дәулетті деген елдердің бірінде тұратын адамдар өз байлығын, алдымен, тек қана тамақ асауға жұмсай ма, жоқ әлде ол қамсеміздіктің өзгедей құпия сыры бар ма?

Американдықтардың барған сайын май жинап, семіздікке бой алдыра бастағаны – шындық. Тіпті, осы елдегі Аурудың алдын алу және бақылау орталығының деректеріне қарағанда, АҚШ-тағы семіздік құбылысы ауру деңгейіне көтерілгендей. Қазіргі американдық, 1960-жылғы кезеңмен салыстырғанда, орта есеппен, кемінде, 11 кг-ға семіздеу екен. Сондықтан асқа тоймайтын қомағайлардың шектен тыс көптігіне орай АҚШ-та тамақ асаудан сайыстар та болып тұрады.

- Міне, бұл азамат хот-дог жеуден әлем рекордын орнатты. Онымен кім белдесе алады? – деп жариялайды сайысты басқарушы.

Нью-Йорктағы биылғы сайыстың жеңімпазы, 49 хот-дог, яғни 49 сосиска мен тоқашты 12 минутта асап үлгерді, дейді Ричард және Джордж Шилер. Бұл екеуі тамақ асаудан Халықаралық байқау федерациясының негізін қалаушылар.

- Тамақ асау сайысы АҚШ-қа кең тарап кетті. Түрлі тамақ асаудан жаңа бәйгелер өткізу жөнінде ұсыныстар көптеп түсе бастады. Сондықтан, бұл сайысты спорт деңгейіне көтеру мақсатында арнайы федерация құрдық, - дейді Ричард Ши.

Бір жылдың ішінде Федерация тамақ асаудан 75 бәйге өткізуге мұрындық болды. Аға-інілі Шилерлер енді өтірік-шыны аралас, бұл бәсекені Олимпиадалық ойын деңгейіне көтермек.

– Бұл жүгіру, секіру секілді Олимпиадалық ойындар қатарынан орын алуы қажет. Алдағы кезде бұл орайда жаңа табысқа жетеміз, - дейді Ричард.

Аурудың алдын алу орталығының дерегіне қарағанда, 20 және 74 жас аралығындағы азаматтардың орташа салмағы 1960-жылы 75 кг болса араға 40 жылдай салып, 2002 жылы олардың салмағы 13 килоға көбейіп 87 килограмға жеткен.

Нью-Йорк университетінен тамақтану маманы Лиза Яңның айтуынша, соңғы 30 жыл шамасындағы американ семіздігінің сыры Макдоналд секілді жедел тамақ асханаларының жұмысында жатыр.

- Америкадағы семіздік мәселесі «фаст-фуд» – жедел тамақ беретін Макдоналд сияқты дәмханаларда ұсынылатын ас көлемінің барынша ұлғайғандығына байланысты туындады. Бірақ, еуропалықтар мұндай ас үрдісін қабылдамады, - дейді Лиза Яң.

Яңның пікірінше, еуропалықтар астың көлеміне емес, дәміне көбірек мән береді. Ал асхана, ресторандарға келсек, әрине олар ас-тамақ порциясының көбеюіне мүдделі. Себебі сонда табыс молырақ болады.

Жалпы, американдықтар асқа неге сонша құмар? Біріншіден, Америкада тамақ арзан. Ал әр азаматқа күн сайын 3900 калориялық азық-түлік ұсынылады. Бұл қажетті калория нормасынан 2 есе артық деген сөз. Дегенмен, Огайолық профессор Свейннің айтуынша, зерттеушілер американдықтардың неге шамадан тыс ас ішетіндіктерін дұрыс түсінбейді.

- Тамақты нормасынан артық асаған сайын адам ағзасы соған бейімделе береді. Содан семіздік басталады. Адам оған да үйренеді. Ол кісінің асқазаны да барынша үлкейе түседі. Міне, психология қайда жатыр, - дейді Джеймс Свейн.

Дегенмен, қалай болғанда да, американдықтар семіздікке аса алаңдаумен қарайды. Ақпан айында жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда, ата-аналардың 70 пайызы 12 жасқа дейінгі балаларының межеден артық семіздігіне қауіптене қарайды екен. Бір қызығы, Америкада семіздердің саны көптігіне қарамастан, тамақ асаудан бәйге алуға қол жеткізгендердің бірі Такеру Кобайашидің өз салмағы 77 келі болса, 2-ші бір рекордшы Оңтүстік Кореялық Соня Томас бар болғаны 45 келі ғана екен.
XS
SM
MD
LG