Accessibility links

АҚШ президенті Дж.Буш Ирақтағы жағдай Ақ үй күткендегідей болмай отырғандығын мойындады


АҚШ елбасы Джордж Буш Ақ үйдегі кеңсесінен ресми жолдама жасады. Ирақтан тез арада әскер шығарып әкету жөніндегі идеяны ол тағы да жоққа шығарды. Дей тұрғанмен, Ирақтағы көтерілісшілермен күрестің күткендегіден қиынға соғып тұрғандығын мойындады. Осының алдында ғана АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Колин Пауел Ираққа қарсы соғысқа АҚШ-ты киліктірген ақпараттарда жаңсақтықтың болғандығын ашық түрде айтқан еді.

Бұдан бұрын АҚШ елбасы Джордж Буш Ақ үйдегі дөңгелек кеңсесінен Ирақ билігіне қарсы әскери шаралардың басталғандығы жөнінде ресми түрде 2003-ші жылы хабарлаған болатын. Ол жолы Буштың даусы жарқын да оптимистік рухта шыққан еді. Бұл жолы, яғни жексенбіден дүйсенбіге қараған кеште, дәл сол кеңсесінен сөйлеген ресми сөзі тұсында оның даусы тым жұмсақ болды. 17 минуттық осы сөзінде Буш мырза Саддам Хусейн билігінің жаппай қырып-жоятын қаруы туралы ақпараттардың көпшілігінің жалған болғандығын мойындады. Мұны айтқан кезде оның сөзінен өкініш білінгендей еді. Ираққа қарсы соғыс ашу жауапкершілігін ол өз мойнына алды және бұл соғыстың Америка қауымдастығын екіге бөлгендігін де мойындады.

“Ирақтағы жұмыс біз күткендегіден анағұрлым күрделі болып шықты. Қайта құру істері мен Ирақ қауіпсіздік күштерін арнайы жаттығудан өткізу ісі біз үміт еткеннен анағұрлым баяу басталды. Біз бұл елде соғыс жағдайындағы заңдарға сәйкес мығым да қатыгез жаудың жүргізіп келе жатқан күш қолданулары және жан қиналыстардың одан әрі жалғасып отырғандығын көрудеміз”, - деді Буш мырза.

Ол сондай-ақ Саддам Хусейнді елбасылықтан алып тастауға байланысты әскери әрекеттер дұрыс шешім болды деді.

«Әскерді Ирақтан ертерек шығару абырой әпермейтін және дұрыстап ойластырылмаған қадам болар еді», - деді президент Буш.

Ирақ соғысында жеңіске жетудің стратегиялық үш сатысын ол атап көрсетті.

«Біріншіден, көтерілісшілер мен лаңкестерге қарсы АҚШ-тың бастауындағы күштер шабуылдарын одан әрі жалғастырады. Осы арқылы Ирақ полициясы мен әскери одағы мүмкіндігін арттыруға жағдай жасалады. Екіншіден, Ирақта демократиялық үдерістерді одан әрі орнықтыру үшін және таяуда болған ұлттық сайлаулардан кейін Құрама Штаттары жаңа Ирақ өкіметінің және басқа да ұйымдардың қалыптасуына көмектесетін болады. Үшіншіден, осыған дейін кейінге шегеріліп келген қайта құру істері жүзеге асырылады», - деді АҚШ елбасы.

Сөзінің қорытындысында Буш мырза Ираққа байланысты өзінің кейбір шешімдерінің сұмдық шығындарға алып келгендігін мойындап, алдағы апталар мен айларда күш қолданулар одан әрі көбейе түсуі мүмкін, деген болжам жасады. Дей тұрғанмен америкалықтардың алысқа ой жіберіп, бұл соғыста жеңіске жетудің қажеттігін түсінуі аса маңызды, деді АҚШ елбасы. Оның өз сөзімен айтқанда “осы бір қиын да, игі және қажетті” істе үміттерін жоғалтпай, өз соңына топтасуға Буш мырза америкалықтарды шақырды.

Осының алдында ғана АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Колин Пауел БиБиСи-ге берген сұхбатында Ирақ соғысына түрткі болған құпия қызмет ұсынған ақпараттардың кейбірінің жалған болғандығын айтқан еді. Ол сондай-ақ Ирақ соғысы авторларының бірі, елбасы орынбасары Дик Чейнимен өзі мемлекеттік хатшы боп тұрғанда, кейде келіспей қалғандығын айтты.
XS
SM
MD
LG