Accessibility links

Батыс елдерінде Рождество мерекесі қалай тойланады?


Рождество мерекесі келіп қалды. Батыс елдерінде адамдар шыршаларды безендіріп, түрлі сыйлықтарды сатып алып, желтоқсанның 25 күнгі мерекені тойлауға дайындалып жатыр. Иса пайғамбардың туған күні кейбір адамдар үшін коммерция, яғни сауда дәстүріне айналып барады. Ал басқалар үшін бұл күн ең жақсы көретін мереке болып қалуда.

Праганың “Староместка” алаңында пәуескеге мінген қонақтар қаланы аралап жүр. Адамдар ыстық шарап ішіп, немесе қуырылған каштан, яғни талшын жеп, демалып жатыр. Осы алаңның бір шетінде орта ғасырда құрылған бір шіркеу бар. Оның жанында үлкен шырша безендірілген.

Ал жақын арада резеңке алжапқыш тағып алған Дэвид деген кісі тірі балық сатып отыр. Сатушы Дэвидтің айтуынша, Чехияда Рождество мерекесінде балық пісіріп жеу көптеген адам үшін дәстүр болып қалған.

“Еуроодақтың көптеген елінде сауданың бұл түріне тиым салынған. Өйткені бұл - жануарларға қатыгездік деп есептеледі. Бұл далбасалық деп ойлаймын. Рождество мерекесіне тірі балықты сатып алушылардың саны жыл сайын өсіп жатыр. Бұл біздің дәстүрімізге айналған”, - деді Дэвид.

Ал Христиан дініне берілген Войтех Беллингнің пікірінше, кейбіреулер үшін Рождество күнінің діни мағынасы жойылған.

“Бұл елде 50 жылдан астам уақыттан бері Рождествоның мағынасы рухани шарадан материалдық байлыққа қарай өзгеріп бара жатыр. Иса пайғамбардың туған күнін мерекелеуді адамдар пайда көру дәстүріне айналдырып жіберді. Кейбіреулер бұл күннің тіпті діни мағынасын жоғалтты”, - дейді Беллинг.

Праганың “Староместка” алаңында театрға билет сатып отырған Лидия адамдарға жақсы тілектер білдіріп, Рождество мен Жаңа жыл мерекелерімен құттықтады. “Жаңа жыл мен Рождество бәріне құтты болсын. Барлық адамдарға бақыт тілеймін”, - деді Лидия.

Рождество мерекесі әсіресе балалар үшін қызық өтеді, өйткені оларға бұл күні ерекше назар аударылып, Санта Клаус сияқты кейіпкерлер неше түрлі көрсетулер ұйымдастырады.

Батыстықтардың көбі бұл мерекені отбасымен тойлауды ұнатады.
XS
SM
MD
LG