Accessibility links

Биылғы жылы Қазақстанда нашақорлар саны 9,5 пайызға көбейіп отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ресми мәлімет бойынша Қазақстандағы нашақорлар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. Бұл алаңдаушылық білдіріп отырған мамандар елде нашақорлар санының артуына әлеуметтік жағдайдың төмендеп кетуі себеп болғанын айтады. Әсіресе, 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдер нашақорлыққа бейім болғандықтан осы кезеңде мыңдаған жасөспірім жыл сайын есірткінің жетегінде кетіп жатыр деп ескертеді мамандар.

Алматы қаласында дүниеге келген Ирина Иванова отбасында жалғыз өсіп бойжетеді. Бүгінде жасы 23-ке келген ол есірткінің дәмін алғаш рет 14 жасында татыпты. Cодан бергі 10 жылға жуық уақыт ішінде есірткінің героин, кокаин тәрізді түрлерінің дәмін білген ол:

«Өмірімнің есірткімен улануына ата-анамның да үлесі болды. Өйткені, мен ес білгелі отбасымызда тыныштық пен ауызбіршілік болған емес», - дейді.

Алматы қалалық наркологиялық диспансерінде есепте тұратын Ирина осы орталықтан ем қабылдап тұрады. Ол өз өмірін жаңаша бастағысы келетіндігін айтады.

«Жастардың есірткіге бала жасынан елітуіне біріншіден, әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болып отыр. Әсіресе, 12-14 жас аралығында өтпелі кезеңді бастан кешіріп, ұшып-қонып жүрген жас жеткіншектер үшін бұл кезең өте қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша да бұл жаста мыңдаған, миллиондаған жастар есірткі жетегінде кетіп жатады. Оған өтпелі кезеңде жасөспірімдердің ата-ана қарауынан тыс қалуы, олардың демалыс уақытында айналысар іс таба алмауы себеп болуда», - дейді нарколог-дәрігер Сұлтанбек Әлиасқаров.

Ресми мәлімет биылғы жылы Қазақстанда 12-14 жас аралығындағы нашақорлар саны көбейіп, республикадағы ең жас нашақордың жасы 7-де болып отыр деген дерек келтіреді. Ал 15-17 жас аралығындағы нашақор жасөспірімдер саны былтырғы жылдың осы кезеңіндегі мәлімет бойынша 1068 адам болса, бүгінгі күні олардың қатары 3201 адамға жеткен. Дәл бүгінгі күні Қазақстан бойынша наркологиялық диспансерде есепте тұрған нашақорлар саны 52137 адамды құрап, өткен жылдармен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөзбен байланыс жөніндегі инспекторы Арман Жусанбай:

«Үстіміздегі жылдың 11 айында Алматы қаласында 146 адам есірткіден көз жұмды. Кейбір мәлімет бойынша, 15 мың адам наркодиспансерде есепте тұр. Ал тіркеуге алынбай жүрген нашақорлар саны бұдан екі есеге көп болуы мүмкін», - дейді.

Жыл сайын нашақорлар санымен бірге есірткінің заңсыз айналымы жөніндегі көрсеткіштер де өсіп отыр. Соңғы жылдары Қазақстан аумағынан есірткінің ауыр түрлерімен сауда жасаушылар мен тасымалдаушылар да жиі ұсталатын болды. Желтоқсанның 20-сы күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі осы облыста есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен бір молданың ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Полициядағылардың ақпаратына сәйкес, облыстағы Пахтакор ауылының тұрғыны өз қаржысына тұрғызған мешітте дін уағызшысы болған. Заң қызметкерлері оның үйінен 7 килограмм героин жасырылған құпия қойма табылғанын хабарлап отыр. 51 жастағы үй қожайынымен бірге оның 48 жастағы зайыбы мен 44 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталған. Соңғысы есірткі саудалады деген күдікпен өз отанында іздеуде жүрген көрінеді.

«Нашақорлықпен күресу үшін алдымен мемлекетте заң жұмыс істеуі керек. Есірткі тасымалдаған, сатқан адамдар қатаң жазалану керек. Қазір есірткіге бой алдырған жастар санының көбейіп кеткендігі жасырын емес. Ол түрлі жұқпалы аурулардың кең таралуына әкеліп отыр», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Бибігүл Тойғанбаева. Ол есірткі бизнесімен айналысқан адамдар шет елдердегідей өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылатын болса, елдегі нашақорлық бүгінгідей етек алмас еді деп санайды.
XS
SM
MD
LG