Accessibility links

Баспасөзге шолу. 21.12.2005 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Желтоқсанның 21 күні жарық көрген мерзімді басылымдарда 2009 жылы Қазақстанда халық және тұрғын үй санағы жүргізілетіндігі туралы мақалалар жарияланыпты. Осы мақсатта Қазақстан үкіметі түрлі шараларды іске асыруды көздеп отырғаны айтылған. Жоспар бойынша, санақ шарасына 40 мыңдай адам қатыспақ. Сонымен қатар, сәрсенбі күнгі газеттер Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде республика тәуелсіздігі күніне орай арнайы қабылдау болғаны туралы жазған.

Қазақстан үкіметі 2009 жылы халық және тұрғын үй қорының санағын жүргізуді жоспарлап отыр, деп жазады сәрсенбі күні санында «Экспресс К» газеті. Басылымның жазуынша, бұл шараға шенеуніктер жақсылап дайындалып, 1999 жылы жіберген қателерін қайталамауды көздеп отыр. Себебі, 1999 жылы жіберілген қатенің салдарынан 200 мыңдай адам есепке алынбай қалған екен.

Ал “Егемен Қазақстан” газеті сәрсенбі күнгі санында Қазақстан қазіргі заманғы ұлттық статистикалық жүйені қалыптастыру үшін статистика туралы заңның жаңа редакциясын әзірлеу керектігін жазған. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің кезекті отырысында айтылған. Сонымен қатар, “Егемен Қазақстан” басылымы өзінің соңғы санында тәуелсіздік мерекесі күні астаналықтарды республика президенті келіп, құттықтағанын жазған. «Жиналғандар мемлекет басшысын үлкен құрметпен, мерекелік шыраймен қарсы алды. Еліміздің жаңа жылдық бас шыршасын сәулелендіру құрметі президентке берілді» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Республиканың «Айқын» басылымы Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауытының бой көтеруі неғайбыл деп, Ресейдің «Газпром» сынды алып компаниясы қазақстандық Қарашығанақ газ конденсаты кенішінің газын бірлесіп өңдеуге бейілді екенін жазған. «Орынбордағы дайын тұрған газ өңдеу зауытының мүмкіндігін пайдалану орыстар үшін, әрине, тиімді. Алыстан арбаламай-ақ, жақын жерден мол шикізат қорын тасымалдау алып кәсіпорынға біразға дейін сарқылмайтын «азық» болатыны сөзсіз. Бір кездері көтеріліп барып қайта басылған Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауытын салу жайлы соңғы уақытта әңгіме айтылмайтын болды. Соған қарағанда, «дайын асқа тік қасық» принципінің тасы өрге домалап тұр. Әйтпесе, Қарашығанақтай әлемдегі ең ірі газ кеніші бар біздің елге бір зауыт керек-ақ еді. Қазіргідей экономикамыз көтерілген шақта ондай зауыттың бір емес, бірнешеуін салсақ та тек бүгін емес, болашақ үшін үлкен бір сауапты іс тындырған болар едік. Апта басында Мәскеуде өткен «Газпром» ААҚ басшылары мен Қазақстан энергетика және минералды ресурстар министрі В.Школьниктің арасындағы келіссөзге қарағанда, тап осы жолы біраз уағдаластыққа қол жеткізілген көрінеді. Қазақтың Қарашығанақ кенішінің газын Орынбор газ өңдеу зауытында өңдеу үшін екі елдің арасында бірлескен кәсіпорын құрылған. Егер бәрі де жоспардағыдай болса, онда «ҚазРосГаз» деп аталатын бұл кәсіпорын негізінен 15 жыл бойы әр жыл сайын Қарашығанақ кенішінен 15 миллиард текше метрге дейін газ жеткізумен айналысады», деп жазады «Айқын» басылымы.

«Казахстанская правда» газеті желтоқсанның 21 күні шыққан санында Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы елшілігінде республиканың тәуелсіздік күніне орай арнайы қабылдау болғанын жазған. Газеттің хабарлауынша, бұл қабылдауда АҚШ әкімшілігінің және конгресс өкілдері, саясаткерлер мен кәсіпкерлер және журналистер болған. Бұл қабылдау барысында арнайы тарихи-көркемдік көрме ашылған. Онда бас жәдігер ретінде «Алтын адам» қойылған. «Өткен қабылдаудың ерекшелігі осы жәдігер болды» деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Ал «Аргументы и факты - Казахстан» газеті қазақстандық мультфильмдер неге жоқ деген сұраққа жауап іздеп, қазақ мультфильмін бірінші болып шығарған Әмен Қайдаровтан жауап іздеген. Өз сөзінде Ә.Қайдаров қазақ мультфильмінің болашағына сенетінін айтқан.
XS
SM
MD
LG