Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.22.2005 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдарда Президент сайлауынан кейін саяси билікте қандай өзгерістердің болуы мүмкін екендігіне байланысты сараптамалық мақалалар жарық көріпті. Ал, кейбір тәуелсіз басылымдар болса сайлау өте салысымен оппозицияға қарсы қысымның қайтадан күшейе бастағандығы айтылыпты.

«Сөз» газетінің кезекті санында жарық көрген Алексей Лобановтың мақаласында алдағы жеті жылдың ішінде Қазақстан билігінде қандай өзгерістердің болуы мүмкін екендігіне байланысты саяси сараптама жасалыныпты. Қазақстанның саяси билігіндегі жүйенің күрделі екендігін мысалға келтірген мақала авторы, мемлекеттегі барлық құрылымның президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ыңғайына сәйкестендіріп жасалғандығына айырықша тоқталыпты. Мемлекеттегі саяси ахуалға тоқтала келіп, өз сараптамасында Алексей Лобанов ендігі жеті жылдың Нұрсұлтан Назарбаев үшін ең соңғы мерзім болуы мүмкін екендігіне тоқталып, соған қарамастан Қазақстандағы элитаның арасындағы дау-жанжалды шешудің өркениетті жолдарының жоқ екендігін атап өтіпті. Мақала авторының айтуынша, алдағы уақытта билікті өз қолына алғысы келетін нағыз ойыншылар саяси және экономикалық мүдделерге байланысты өз жұмыстарын жасауға тырысады. Ал, аталмыш басылымда жарық көрген Андрей Грозиннің мақаласында мемлекеттегі барлық биліктің Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасының уысында екендігі сөз болыпты. Алайда мақала авторының талдауына сүйенсек, барлық билікті өз уысында ұстаған президенттің отбасы саяси және қаржылық тұрғыдан біртұтас болып табылмайды. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, президент отбасының мүшелері өз қаржыларын негізінен шетелде сақтайды.

«Время» басылымы болса «Қазақстан тудей» агенттігіне сілтеме жасай отырып, өткен аптада Қазақстанға АҚШ-тың орталық барлау басқармасының басшысы Портер Госстың келіп кеткендігін және осы сапары кезінде мемлекеттің ресми өкілдерімен кездескендігін хабарлапты.

Осы оқиғаға орай «Свобода слова» басылымында АҚШ-тың орталық барлау басқармасының басшысы Портер Госстың Қазақстанға келуінің себебінің ресми түрде айтылмай жатқандығына қатысты сараптама жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Портер Госс мырза Қазақстанға Батыста үлкен дау-дамай туғызып жатқан, «Қазақгейт» шатағының ұшығуын басу үшін келуі ықтимал. Мақала авторының мұндай болжам жасауына таяуда американдық басылым «Вашигтон таймс» газетінде «Қазақгейт» оқиғасының қалай дамуы мүмкін екендігіне байланысты мақаланың жарық көруі мұрындық болыпты. Атап айтқанда ол мақалада ұлттық қауіпсіздік мәселесіне орай шетелдің лауазымы жоғары шенеуніктеріне пара берді деген айып тағылып отырған американдық азамат Джеймс Гиффенге қарсы сот процесінің келесі жылы тоқтатылуы мүмкін екендігі сөз болыпты.

«Айқын» газетінің бейсенбілік санында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай хоббиі бар екендігі сөз болыпты. Мақалада Қазақстан президентінің теннис кортында керемет шебер екендігі және Бурабайда демалғанды жақсы көретіні айтылыпты.

«Жас Алаш» басылымының бейсенбілік санында белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ жағдайда қаза тапқандығына қырық күн толғандығы айтылып, марқұмның өмір жолы туралы мақалалар топтамасы ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ «Жас Алаш» газеті 42 жастағы оппозиционер Ғалымжан Жақияновтың ресейлік «Время новостей» газетіне берген сұхбатын көшіріп басыпты. Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, Қазақстандағы оппозиция елде қалыптасқан жағдай шеңберінде қолынан келгеннің барлығын істеген. Алайда сайлауда адамдардың өз ойын білдіруіне ерік берілмеген. Өкімет жаппай жағдайды бақылап, студенттерді, бюджет қызметкерлерін, тіпті жұмысшыларды сайлау учаскесіне қатарымен тізіп апарған. Сонымен қатар аталмыш басылымда «Нағыз ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі Болат Әбіловтың үстінен не себептен қылмыстық іс қозғалғандығының жай-жапсары баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG