Accessibility links

«Алматы» қонақ үйі аукционда сатылды


Желтоқсанның 22-сі күні Астана қаласында ұйымдастырылған бәсеке-саудада Алматы қаласындағы «Алматы» қонақ үйі сатылды, ал «Қазақстан» қонақ үйін сату кейінге қалдырылды. Алматы қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген осы қонақ үйлерді сатудан түскен қаржы Алматы қаласының энергетикалық базасын нығайтуға жұмсалмақ.

«Алматы қаласының балансындағы «Алматы» қонақ үйінің ғимараты мен оның орналасқан жер учаскесі 2 миллиард 299 миллион 500 мың теңгеге сатылды», - дейді Алматы қаласы әкімшілігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Әділ Несіпбаев.

Бастапқы сатылу бағасы 2 миллиард 74 миллион 500 мың теңгеге бағаланып аукционға шығарылған «Алматы» қонақ үйі ағылшын тәсілімен өткізілген бәсеке-саудаға барлығы үш үміткер компания қатысқан.

«Ал, аукционға шығарылған тағы бір нысан - «Қазақстан» қонақ үйінің ғимараты мен ол орналасқан жер телімін сату жөніндегі бәсеке-сауда өтпей қалды. Себебі, аукционға қатысу жөніндегі өтінішті және кепілдендірілген жарнаны тек бір ғана үміткер берген. Сондықтан комиссия шешімімен аталған ғимаратты сату жөніндегі кезекті сауда келесі жылдың қаңтар айының 18 күні өткізілетін болды», - дейді Әділ Сағымбекұлы.

Оның айтуынша, «Қазақстан» және «Алматы» қонақ үйлерін сатудан түскен қаржы түгелдей Алматы қаласының энергетикалық базасын нығайтып, дамытуға жұмсалмақ.

«Сондықтан, аталған қонақ үйлердің ғимараттары мейлінше жоғары бағаға сатылуын қадағалап, одан түскен қаржы Алматы тұрғындарының өмірін жақсарту үшін жылумен қамтамасыз ету жүйелерін толықтай жаңалауға әрі оны мейлінше тұрақты етуге бағыттамақпыз», - дейді Әділ Несіпбаев.

Ал архитектор Бек Ыбыраев бұл екі ғимараттың да Алматы қаласының жергілікті тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілгендігін айтады.

«Олардың ендігі қожайындары осы ғимараттардың кескін-келбетін, архитектурасын бұзбауға тиіс. Онсыз да Алматы өз көркінен айырылып барады», - дейді сәулетші.

Сонымен қатар Алматы қаласы әкімшілігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Әділ Несіпбаев бұл шаралар «Алматы қаласының мәртебесі туралы» заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын және басты мақсат - Алматы қаласының мәртебесін көтеруге бағытталғандығын айтады.
XS
SM
MD
LG