Accessibility links

Американың «Азаттық үйі» атты құқық қорғау ұйымы жылдық есебін жариялады


Американың «Азаттық үйі» атты құқық қорғау ұйымы өзінің кезекті жылдық есебін жариялады. Онда дүние жүзі бойынша, саяси еркіндік мәселесінде алға жылжушылықтың бар екендігі атап көрсетілген.

Американың «Азаттық үйі» атты құқық қорғау ұйымы сарапшыларының есебінше, егер 2004 жылы әлемде еркіндігі шектеулі 49 мемлекет болса, үстіміздегі жылы оның саны 45-ке кеміген. Және де құқық қорғаушылардың анықтауынша, еркіндігіне тұсау салынған елдердің саны 1940 жыл мен 1975 жылдар аралығында артса, ал 1989 жылдарға дейін кеміген.

Аталған есептегі ТМД елдеріндегі саяси және азаматтық еркіндіктер жөніндегі жағдайларға келсек, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қазақстан, Ресей және Беларуссия елдері еркіндігі шектеулі мемлекеттер қатарында аталған. Ал бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған елдер ішінде Литва, Латвия және Эстония мемлекеттерінің ғана демократия жолында еркін дамып келе жатқаны айтылған.

Дегенмен осы Американың «Азаттық үйі» атты құқық қорғау ұйымының биылғы жылдық есебіне орай қазақстандық аталған сала мамандары түрліше пікір білдіріп отыр. ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин:

«Бүгінде Қазақстан халықаралық барлық адам құқықтары жөніндегі құжаттарды мойындаған ел ретінде демократиялық бағытта дамып келеді», - дейді.

Алайда, саясаткер Хасен Қожахмет Қазақстанда саяси көзқарасы үшін қудаланып немесе сол үшін жазасын өтеп жатқан азаматтардың құқы бұзылып отырған жағдайлардың бар екенін айтады. Бірақ, мұндай пікірмен келіспейтін заңгер-ғалым Марат Бәшімов, саяси және азаматтық құқықтар дамыған елдердің өзінде де бұзылып жататындығын айтады.

«Қазақстанда ақпарат құралдары өкілдерінің құқы өрескел бұзылып жатыр. Қарапайым азаматтар болса, өз құқын қорғауға сүлесоқтық танытып келеді», - дейді саясаттанушы Болат Тілепов.

Және де ол Қазақстанда азаматтардың өз құқын қорғау мәселесінде көптеген жұмыстардың қордаланып қалғандығын айтады.
XS
SM
MD
LG