Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.24.2005 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарыққа шыққан мерзімді басылымдар негізінен саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәселелерге назар аударған екен.

“Жас алаш” басылымының сенбілік санында Шадияр Өстемірұлының Ғалымжан Жақияновпен жүргізген “Біздің қоғамда бір үрей бар сияқты” атты сұхбаты жарық көріпті. Автор онда Екібастұз қалалық сотының шешімі бойынша желтоқсанның 24-і күні бостандыққа шығуға тиіс болған Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығару мәселесінің арты сиырқұйымшақтанып бара жатқандығын сөз етеді. Газет тілшісінің жазуына қарағанда, Павлодар облыстық прокуратурасы Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығаруға қарсылық білдіріп, оны бостандыққа шығаруды қайтадан кейінге қалдыруды сұраған. Сондай-ақ осы газет бетінде Ерік Рахымның “Бір күн ерте, бір күн кеш емес...” атты шағын материалында Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ қазасына байланысты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің желтоқсанның 23-і күні “Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі атып өлтірді” деген арнайы мәлімдемесі жайлы сөз болады. Мақала авторы: “Өзін-өзі атып өлтіргенін дәлелдеу үшін қырық күн аз ба, көп пе? Нұрқаділов қаза болған қаралы күні де полицейлер осы болжамды ең бірінші болып ауызға алып еді. Ақыры соған иіп әкелді. Құзырлы орындар істің ақыры осындай боларын жұртқа басында-ақ сездірген. Бірақ дәл Зәкеңнің қырқы өткен кешегі желтоқсанның 23-і күні түс қайта осындай мәлімдеме жасалады деп ешкім күтпеп еді” деп жазады. Басылымның бүгінгі санында журналист Зәмзә Қоңырованың жазушы Олжас Сүлейменовпен жүргізген “Мен қазақ тіліне қарсы емеспін” атты сұхбаты жарияланыпты.

«Экспресс К» басылымының кезекті санында «Наурыз-банктің» басқарма төрағасы болған Оразалы Ержановқа халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланыпты. Басылымның жазуына қарағанда, Қазақстанның қаржы полициясының қызметкерлері Оразалы Ержановқа «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасады» деген айып таққан. Оразалы Ержанов құрған аталмыш топ 2001-2004 жылдар аралығында «Наурыз-банкке» тиесілі қаржыны кәсіпорындарға заңға қайшы әрекеттермен аудару арқылы салымшыларға 4,5 миллиард теңге шамасында зиян келтірген.

“Айқын” басылымының соңғы санында Қостанайлық дәрігерлер тұрғындардың аң мен мал тәрізді құтырып кету мүмкіндігі бар екендігін еске салып, сақтануға шақырыпты. Басылымның жазуына қарағанда, оған осы ағымдағы жылдың он бір айында 810 адамның итке таланғаны негіз болып отыр. Қаңғыған иттермен қатар адамдарға шабуыл жасау фактілері мысықтар, шошқа, маймылдарға да қатысты тіркелгені, сондай-ақ жыл басынан бері 300-ден астам иесіз иттің көзі жойылғандығы айтылыпты. Сонымен қатар басылым бетінде алда келе жатқан 2006 жылдың қаңтар айынан бастап жылу бағасы төмендейтіндігі хабарланыпты. Газет тілшісінің жазуына қарағанда, көпшіліктің құлағына жағымды бұл мәлімдемені анау-мынау ұзынқұлақ емес, тура Табиғи монополияны реттеу жөніндегі агенттік өкілдерінің өздері жасаған. ҚР үкіметінің жылу энергиясын қайта есептеу бойынша жасалған бағдарламасына сәйкес «енді монополистер бағаны көтереміз деп жылына екі рет емес, бір-ақ рет қоқаңдайтын болады» деп жазады басылым.
XS
SM
MD
LG