Accessibility links

Жаңа жылдан бастап, жол жүру ережелеріне енгізілген қосымша 13 ереже күшіне енбек

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

2006 жылдың қаңтар айынан бастап, жол жүру ережелеріне енгізілген қосымша 13 ереже күшіне енбек. Бұл үкіметтің қаулысына сәйкес жол қозғалысын реттеуге арналған кезекті өзгерістерді көлік жүргізушілері түрліше қабылдап отыр.

Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің бөлім бастығы Дәурен Нұрқалиев жаңа жылдан бастап енгізілетін елдегі автокөлік жүргізушілеріне арналған қосымша ережелердің соңғы уақыттағы республикадағы жол көлік апатының көбейіп кеткендігінен олардың алдын алу шаралары ретінде және жалпы жол жүрудің ережелерін жақсарта түсу бағытында жасалып отырған қадам екенін айтады. Оның пікірінше, бұл ережелер автокөлік жүргізушілеріне ешқандай қиындық туғызбайды, қайта бұрынғы кедергі жасап келген барша тосқауылдың алдын алуға айтарлықтай көмек көрсетіп, жүргізушілердің де, жол полициясы қызметкерлерінің де жұмысын жеңілдете түспек. Және де Дәурен Нұрқалиев соңғы уақыттағы автокөлік жүргізушілеріне берілетін жаңа көлік жүргізушісінің құжатымен қатар, бұл қосымша жол жүру ережелері жол полициясы департаменті қызметін жетілдірудегі қадамдар екенін айтады.

Ал енді осы автокөлік жүргізушілеріне арналған ережелердегі өзгерістерге орай, Қазақстандағы көлігінің көптігі жағынан алдыңғы орынды алатын Алматы қаласының көлік жүргізушілерінің пікірін білген едік. Бұл ретте Асқарбек Сейтмомытов аталған өзгерістердің уақыт қажеттілігінен туындап жатуы мүмкін екенін алға тартты.

Алайда, екінші бір көлік жүргізушісі Ерлан Байбатшанов бұл қосымша ережелердің жүргізушілердің жұмысын қиындата түсетіндігін айтады. Оның орнына жолды жөндеу қажет еді, жол полициясы қызметкерлерінің мәдениетін көтеруді қолға алу керек еді дейді.

Дегенмен Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің бөлім бастығы Дәурен Нұрқалиев өздерінің бұл қадамдарының көп ұзамай-ақ өз жемісін бере бастайтындығын айтады. Және де Дәурен Нұрқалиев елдегі автокөлік жүргізушілері жол полициясы департаментінің бұл жаңалығынан хабардар екенін айтады.
XS
SM
MD
LG