Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.27.2005 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Әзірбайжанда апатқа ұшыраған ұшақтың себеп-салдары мен ел экономикасына қатысты мақалалар жарық көріпті.

Желтоқсанның 27 күні жарық көрген «Экспресс К» газеті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілінің мәліметтеріне сүйене отырып, 23 желтоқсан күні кешкісін Ақтау қаласын бағытқа алып, Әзірбайжаннан ұшып шығып апатқа ұшыраған ұшақта алдында мәлім етілгендей қазақстандық бес азамат емес, төрт адамның болғандығы анықталғандығын жазады. Онда қазаға ұшыраған қазақстандық азаматтардың туысқандары оқиға орнына жеткізіліп, олардың денесін танып, Қазақстанға әкелінгені айтылған. Бұған кеткен бар шығынды апатқа ұшыраған ұшақтың иесі әзірбайжандық «АзАЛ» әуекомпаниясы өз мойнына алған. Ал бұл оқиғаның мән-жайын тергеп жатқан Әзірбайжанның бас прокуратурасы апаттың нақты неден болғандығын анықтай қоймағанымен, ұшақтың басқару тетігіндегі ақаумен қатар террорлық акт болуы да мүмкін екенін мәлім еткен. Енді оқиға орнынан табылған «қара жәшікті» ресейлік немесе украиналық мамандар сараптан өткізу арқылы апаттың неден болғандығын анықтамақ делінген аталған мақалада.

Ал сейсенбі күні жарық көрген «Егемен Қазақстан» газеті аталған жайтқа орай оқиға орнына келген Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің суретін бере отырып, апаттың себеп-салдарына үңіледі. Онда негізінен пайдалануға берілгеніне бір жыл ғана толған ұшақтан техникалық ақау кетті дегенге әлемдік ақпарат құралдарының өкілдері сенімсіздік танытып отырғаны айтылған. Ұшақ қалдығы мен адамдардың денесінің жан-жаққа шашылып түскеніне қарағанда, Ан-140 аспанда жарылып кеткен. Яғни бұл теракт жасалуы мүмкін деген тұжырым жасауға ұшақ құлар алдында күн күркірегендей қатты жарылыстың естілгендігі түрткі болатындығы оқырман назарына ұсынылған. Осы іспетті алдын-ала алынған мәліметтер апат лаңкестік салдарынан болған деген болжамды бекіте түседі делінген аталған мақалада.

Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газеті елдің экономика саласындағы жайттарға да тоқталып өтіпті. «Жанармай бағасы төмендеп, жұмыртқа қымбаттады» деген мақалада соңғы кездері елдегі бірқатар азық-түлік бағаларының қымбаттағаны айтылған.

Бұл экономика тақырыбын өзінің 27 желтоқсан күні жарық көрген санында «Жас алаш» газеті де жіті зерделеген. Онда Сенат пен мәжілістің 42 депутаты бірқатар мемлекеттік нысандардың жеке қолға өтуіне қарсылық білдіргені айтылған. Бұл ретте Дариға Назарбаева жетекшілік ететін «Аймақ» тобының белсенділік танытып, елдегі стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мекемелерді жекешелендіруге 2010 жылға дейін мораторий жариялауды талап етіп отырғанына таңданыс білдірілген. «Депутаттар «ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» керін келтірді» дейді бұл жайтқа орай аталған мақала авторы Жұлдыз Әбділдә. Ал осы жайтқа орай өз пікірін білдірген Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан: «Өткенде бұл мәселені мәжілістің жалпы отырысында қарадық. Үкімет бер жағынан басқаша айтқанымен, тағы да капиталды заңдастыру, жекешелендіру мәселелерімен байланысты заң жобаларын бізге беріп отыр. Ал бұл депутаттардікі «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деген әңгіме ғой. Әйтпесе, жекешеленетін дүние әлдеқашан «өз иесін» тауып біткен. Ендігісі бос далбаса. Немесе бір көрініп қалудың қамы» - дейді. Және де осы ретте «Жас алаш» газеті 23 желтоқсан күнгі «Нью-Йорк таймс» газетіне шыққан Қазақстан Ұлттық банкының бұрынғы кеңесшісі Брайан Стайруолттың: «Президент отбасының ықпалы басым. Қандайда бір бизнесті бастау үшін солардың ықпалын алуың керек» - деген пікірін беріпті.

Сонымен қатар сейсенбі күні жарық көрген санында «Казахстанская правда» газеті Алматы қаласында орналасқан «Алматы» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің саудаға шығарылғанына қатысты сараптамалық мақала жариялапты.
XS
SM
MD
LG