Accessibility links

Қазақстан президенті “Сыбайлас жемқорлықпен күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы” жарлыққа қол қойды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Бағдарламаның басты мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа белсене қарсы тұру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесін одан әрі жетілдіру болмақ. Ал кейбір саясаткерлер жемқорлықпен күрес жөнінде бұған дейін қабылданған құжаттардың нәтижесі болмағанын алға тартып, жаңа құжат қабылдап қана жемқорлықпен күресеміз деген бекершілік, дейді.

Президент жарлығына сәйкес республика үкіметіне бағдарламаны жүзеге асыру шараларының жоспарын бір айда жасап бекітуге тапсырма берілді. Сонымен бірге Қазақстан үкіметіне жыл сайын қаңтар айының 30-ы мен шілденің 30-ы аралығында президент әкімшілігіне бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы жиынтық талдамалық ақпаратты таныстырып отыру міндеттелді. Бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлық қылмыстарға баруға түрткі болатын заңнамалық және құқықтық-нормативтік актілерді айқындау үшін республиканың құқықтық-нормативтік базасына санақ-талдау жүргізу көзделген.

«Бұған дейін де Қазақстанда жемқорлықпен күресу үшін бірқатар нормативтік актілер, президент қаулысы және басқада бағдарламалар қабылданған болатын. Алайда олардың жүзеге асырылғаны жоқ. Бұл жерде тек жарлық шығару емес. Сол жарлықты орындатушы адамдарды дайындауымз керек. Саяси жүйені соған дайындау керек. Қазіргі саяси жүйенің, мемлекеттік қызметте істейтін азаматтардың өзі жемқорлықпен күресуге дайын емес. Заңдар қабылданады, қаулыларға президент қол қояды, бағдарламалар бекітіледі. Бірақ олар неге іске асырылмайды? Өйткені, оларды іске асыруды ешкім талап етпейді», - дейді экс-сенатор Зәуреш Баталова.

Сарапшылардың бір бөлігі Қазақстандағы жүйе өзгермей жемқорлықпен күрес нәтиже бермейді деген пікірде.

«Бізде жемқорлық негізінен билікте кең қанат жайған. Ал билік онымен күресуде дәрменсіз. Ол үшін жүйені өзгерту керек. Парламент, мәжіліс, мәслихаттарға конституциялық реформа жасалу керек. Демократиялық бастамаларды күшейту керек. Сол нағыз жемқорлыққа қарсы күрес болады. Әйтпесе әкімшілік жолмен күресу өзін-өзі емдеу сияқты болып шығады. Жемқорлық бізде үйреншікті нәрсе сияқты болып кетті. Халықтың өзі оған қарсы тұра білуі керек», - дейді саясаттанушы Берік Әбдіғалиев.

Қазақстандағы жемқорлық жайында қоғамда, баспасөзде де айтылып, жазылып жатады. Әйткенмен, жұрттың көбі бұл кеселмен пәрменді жүргізіліп жатқан күрес жоқтың қасы екенін де айтады.

«Ешкімнің аты аталып, түсі түстелмегеннен кейін жемқорлықпен күрестің нәтижесі жоқ. Мысалы, «Время» деген газетте апта сайын нағыз жемқорлардың кім екендігі ашық жазылады. Бірақ бір де біреуі жазаланбайды, бір де біреуі қызметінен алынбайды. Сондықтан бұл бір ойын сияқты нәрсе. Ал қабылданған бағдарламалар күресіп жатырмыз деп айту үшін жасалатын шығар», - дейді журналист Қайнар Олжай.

Ал президент жарлығына сәйкес, Қазақстанда жемқорлықпен күресуді көздейтін жаңа бағдарлама 2006-2008 және 2009-2010 жылдар аралығында екі кезеңмен жүзеге асырылмақ.
XS
SM
MD
LG