Accessibility links

Ирақта мұнайдан түскен табыстар қалай жұмсалады?


Аудит мәселелері бойынша халықаралық ұйым Ирақтың мұнай саудасынан түскен қаражаттарды есептеу және бақылау жүйесіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Ирақтың мұнай экспортына қатысты есеп қағаздарды сақтайтын Даму Қоры мұқият қадағаланбаған, оның нәтижесінде табыстардың қайда, қалай жұмсалғандығы түсініксіз болып отыр.

Аудит мәселелері бойынша Кеңес беру және Бақылау жөніндегі халықаралық басқарма Ирақтың мұнай саудасына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Осы халықаралық басқарманың айтуынша, біріншіден Ирақта мұнай өнімдерінің шығынын өлшейтін арнайы жабдық жоқ. Екіншіден, бұл елде белгілі бір мұнай саудасына қатысты бартерлік келісімдер жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Ирақта министрліктердің қаражаттарын бақылау мәселесі тым әлсіз және бұл елде Даму Қоры арқылы қол жеткізген кейбір келісім шарттар үшін бәсекеден тыс сауда процедуралары өткізіледі, дейді басқарма өкілдері.

Сәрсенбі күні БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткізген баспасөз-маслихатында басқарма басшысы Жан-Пиер Хальбвахс Ирақ үкіметі мен бір американдық компания мұнай өнімдерінің шығынын өлшейтін жабдықтар орнатуды тез арада бастауға келісті деді. Бірақ ол компанияның атын атамады.

Ал екінші мәселе, яғни бартерлік келісімдерге байланысты Хальбвахс, Ирақ үкіметі көршілес мемлекеттерінің біреуімен ғана бұл оперцияларды жүзеге асырады деді.

“Біз Ирақтың мұнай саудасынан түскен қаражаттарды есептеу және бақылау жүйесіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Бартерлік операцияларға қатысты мәселені біз бірнеше рет көтерген болатынбыз. Мұнайдан түсетін табыстарға лайық келетіндей баға төленгендігі жөнінде анықтау қиын”, - деді Хальбвахс.

Ирақтың Даму Қоры мұнай экспортына қатысты есеп қағаздары мен БҰҰ-ның азық-түлік үшін мұнай бағдарламасынан қалған баланстарды сақтайды. Ал қазан айында БҰҰ-ның азық-түлік үшін мұнай бағдарламасының жемқорлық мәселесіне қатысты үлкен жанжалды баяндама жарияланған болатын.

Хальбвахс баспасөз-маслихатында жемқорлық деген сөзді айтпауға тырысты. Бірақ Дүниежүзілік банктің Аудит мәселелері бойынша Кеңес беру және Бақылау жөніндегі халықаралық басқармасындағы өкілі Фаезул Чудхури мұнай саласындағы кемшіліктердің бірі “коррупция мен жаман басқару мәселесі” деп атап көрсетті.

Аудиторлық компания Ирақта бәсекеден тыс жүргізілген 600 миллион долларлық 25-ке жуық келісім-шартты тексеріп, кемшіліктер тапқан. Бұл мәселені шешу үшін біраз уақыт керек болады, дейді Халықаралық валюта қорының өкілі Берт Куэйпенс. Оның айтуынша, қазір Ирақтың билік орындары бұл мәселені шешуге әрекет жасап жатыр.
XS
SM
MD
LG