Accessibility links

Шахтинск қаласындағы жылу электр орталығындағы болған апаттың салдары толық жойылмай отыр


Жаңа жыл бастала салысымен Қарағанды облысындағы Тентек жылу электр орталығында орын алған апаттың салдарынан Шахтинск қаласындағы 280 тұрғын үй, 35 әлеуметтік-мәдени нысан және мектептер, ауруханалар, мемлекеттік мекемелерге жылу толық жетпей қалған. Қаңтардың 4-і күні «Азаттық» радиосына Республикалық Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктен алынған хабарда бір қазандық іске қосылып, екіншісі жөнделіп жатқаны айтылған. Сол себепті, қала ғимараттарына жартылай жылу беріле бастаған.

Қаңтардың 2-сіне қараған түні Шахтинск қаласын жылумен қамтамасыз ететін Тентек жылу электр стансасына қарасты 2 қазандық тоқтап қалған. Бүгінде солардың бірі, яғни, 4-нші қазандық іске қосылды деп хабарлады сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің кезекшісі Кәсіп МОЛДАҚҰМАРОВ:

- Бүгін таңертең түскен мәліметтерге қарағанда, жылу беру 50 градус. 4-ші қазандық жұмыс тәртібіне келтірілді. Қазандықтардың тоқтап қалуы жанар-жағар майдың сапасыздығынан болған.

Қазір апаттың негізгі себептері зерттеліп жатыр. Бұл мақсатта арнайы штаб құрылып, мамандар жұмылдырылған дейді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің басшысы Мейрам ҚАБДЕНҰЛЫ:

- Екі қазандық та тоқтаған. Мазут желісі қатып қалған. Себебі, мазут сумен араластырылған. Бұл жөнінде арнайы техникалық комиссия зерттеу жүргізеді.

Тентек жылу электр стансасы – 35 мың халқы бар Шахтинск қаласын жылумен қамтамасыз етіп тұрған негізгі мекеме. Сол себептен, апаттың салдарынан 280 тұрғын үй, 35 әлеуметтік-мәдени нысан және мектептер, ауруханалар, мемлекеттік мекемелер мен перзентхана жылусыз қалған. Бірақ, олардың ішінде, мәселен, мәдени-әлеуметтік объектілерде қатып қалу болған жоқ. Ал барлық пәтерлердегі жағдайларды тексеру біздің құзырымызға кірмейді дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі мекеме басшысы:

- Адамдардың үйлерінде, әрине, біреулерінде – 8 градус, біреулерінде 0 градус болған шығар. Оның бәрін кім біледі? Біз үйлердің барлығын аралап шықпаймыз ғой. Бізідң құзырымыздағы шаруа емес. Ол үшін әкімшілік бар.

Қарағанды облыстық әкімшіліктің төтенше жағдайлар бойынша бөлімнің бастығы Нұрлан ҚОЖАХМЕТОВ соңғы мәліметтер бойынша, пәтерлердегі орташа температура 16 градус дейді:

- Бұл, әрине, санитарлық нормадан төмен...

Әйтсе де, Шахтинск тұрғыны, байланысшы болып қызмет ететін Ирина ПАВЛОВА өзінің үйіндегі температура -8 градус дейді:

- Өте суық. Үйде, жұмыста да солай. Қаңтардың 2-сіндегі жағдай мүлдем қиын болатын. Үйімде электр жылытқыш қосылып тұрғанның өзінде 5 градус жылы болды. Біздің суық аймақ үшін, әрине, бұл өте аз жылу. Мысалы, бүгін далада 20 градустай суық. Кеше - 33, алдыңғы күні таңертең -36 градус суық болды. Кішкентей баласы бар ұлыма обал. Олар, әйтеуір, май құйылатын жылытқыш сатып алып, жан сақтап отыр.

Ал келесі бір Шахтинск тұрғыны, Орталық-3 ауданында тұратын Ольга МАКСИМОВНА әкімшілік қызметкерінің пәтерлерде 16 градус жылы дегеніне күле жауап қатты:

- Ондай жылы болған заманды ұмытқалы қашан? Электр жылытқышты қосып отырғанның өзінде ары кеткенде 8 градус болады. Ал арнайы жылытқыш қоспасақ, қатып қалар едік. Ай сайын коммуналды қызметке 7 мың теңгені не үшін төлейтініміз белгісіз. Суықтан науқастанғандар көп. Өзіміз де аурумыз. Туған-туыстарымның жағдайы да сондай!

Алайда, облыстық әкімшілік қызметкері Нұрлан Қожахметов Шахтинскідегі апатқа қарсы барлық тетіктер іске қосылып, әсіресе, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен перзентхана айрықша бақылауға алынғанын айтады. Дегенмен, қаладағы «перзентханаға аздаған жылу берілгенімен, мұнда әлі суық екендігін, себебі, қабырғалар жылу үшін де уақыт керектігін» жеткізді перзентхананың кезекші қызметкері.

Жалпы Шахтинск қаласының тұрғындарының жылусыз қалуы алғаш болып тұрған жоқ. Былтыр, 2005 жылы қаңтар айында осы қалада тағы да екі қазандық істен шығып, төтенше жағдай жарияланған болатын.
XS
SM
MD
LG