Accessibility links

Түркияда құс тұмауы дертінен тағы да бір жасөспірім қаза болды


Бейсенбі күні Түрік ресми орындары елдің шығысында құс аулауға және құс етінің тасымалына салынған тиым шараларын күшейте түсті. Бұған соңғы күндері қатарынан екі баланың құс тұмауы дертінен қайтыс болуы себеп болып отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын Түркияның шығысындағы Ван өлкесінде құс тұмауының алғашқы құрбаны расталған болса, бейсенбіде сол құрбан болған ұл баланың туған апайы 15 жасар қыз баланың да дәл сол құс тұмауы дерті салдарынан көз жұмғаны мәлім болды. Түркиядағы екі бала құс тұмауы дертінің Оңтүстік-шығыс Азия мен Қытайдан тысқары жердегі алғашқы адам құрбаны ретінде аталып отыр.

15 жасар Фатима Көчйігіт бейсенбінің таңында қайтыс болды. Дәрігерлер Фатиманың сәрсенбіден бері қыл үстінде болғанын айтып отыр. Бұдан төрт күн бұрын оның туған бауыры 14 жасар Мұхаммед Әлі Көчйігіт дәл осы ауруханада көз жұмған еді. Алғашында дәрігерлер Мұхаммед Әлі өкпе талауруы салдарынан қайтыс болды деген еді. Алайда, көп ұзамай өлімнің себебі құс тұмауы дерті екені анықталды.

Мұхаммед Әлі мен Фатима 2003 жылдан бері Оңтүстік-шығыс Азия мен Қытайда жүзден астам адамның өліміне себепкер болған осы құс тұмауы дертінің Азия аймағынан тысқары жердегі алғашқы құрбандары ретінде аталып отыр.

Түркияның шығысындағы Ван өлкесінде тағы кемінде алты адам осы дертке шалдыққан деген күмәнмен ауруханада емделуде. Бұлардың қатарында Көчйігіт отбасының тағы екі мүшесі бар.

Түркия Денсаулық Сақтау Министрі Режеп Ақдағ сәрсенбі күні Аңқарада өткізген баспасөз мәслихатында жағдайды былай деп сыпаттаған:

«Дәл сол отбасы мүшелері арасында екі адамның құс тұмауы дертіне шалдыққаны расталды. Мұның сыртында тағы бір адам және бір сәбидің құс тұмауына шалдыққаны жөніндегі күмән расталды. Бұлардың ізінше тағы екі адам ауруханаға жеткізілген. Сөйтіп, жиыны алты адам болып отыр».

Құс тұмауынан емделушілерге Тамифлу дәрісі беріліп жатыр. Бұл дәрі құс тұмауының H5N1 түріне қарсы бірден бір шипа ретінде аталуда.

Түркия Денсаулық Сақтау Министрі Режеп Ақдағтың айтуынша, ауруға шалдыққандар құс тұмауымен ауырған тауық етін жеген.

Құс тұмауы дертін таратып келе жатқан көшпелі жабайы құстар Түркияны басып өтеді. Соңғы үш айда Түркиядағы үй құсы арасында қатарынан екі рет құс тұмауы дертінің эпидемиясы болған. Бұған қарсы күрес шарасы ретінде желтоқсанның басынан беріде ғана Түрік ресми орындары он мың үй құсын өртеп жіберген.

Бұған дейін құс тұмауы құстар арасындағы дерт қана болып келді. Алайда, мамандар адамға жұғатын грипп вирусымен шағылысқан жағдайда құс тұмауы мутацияға түсіп, адамға қауіп төндіруі мүмкін дейді. Денсаулық сақтау саласының ресми қызметкерлері болса, құс дертінің адамнан адамға жұғуы мүмкіндігін дәлелдейтін нақты мысал жоқ деп отыр.

Британиядағы Дәрігерлік Зерттеулер Кеңесінің төрағасы Колин Блэйкмор таяуда Азаттық радиосына берген сұхбатында Оңтүстік-шығыс Азиядан ауып ұшатын жабайы құстардың жолында болғандықтан Орталық Азия мен Шығыс Еуропа мемлекеттері құс тұмауы дерті мәселесінде ерекше қырағы болғандары абзал деген еді.
XS
SM
MD
LG