Accessibility links

Ауған өкіметі қауіпсіздік бөгесіндерін алып тастау жөнінде қаулы шығарды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қабылдағы БҰҰ және Құрама Штаттары елшілігі мен басқа да ұйымдар орналасқан ғимараттар маңайына қауіпсіздік мақсатында кедергі, бөгесіндер қойылған. Бұл жағдай сол аймақтағы Қабыл көшелерінде аутокөліктердің жүріп-тұруына едәуір кедергі келтіруде. Осы бөгесіндерді алып тастау жөніндегі тұрғындардың талабына орай жаңа құрылған Парламент мәселені қабырғасынан қойған болатын. Нәтижесінде Ауған өкіметі аталған қауіпсіздік бөгесіндерін алып тастау жөнінде қаулы шығарды.

Талибан билігі құлатылғалы бергі төрт жыл ішінде көтерілісшілер мен лаңкестерге қарсы Қабыл қаласындағы шетелдік ұйымдар орналасқан ғимараттар айналасына қауіпсіздік бөгесіндері көптеп қойылған болатын. Тіпті АҚШ елшілігі өз маңайындағы тұтас көшелерді де жауып тастауда. Бұл аз дегендей, шетелдік жоғары мәртебелі қонақтар мен Ауған ресми өкілдері қалаға сапармен шыққан кезде тұтас аудандардың жабылып тасталатыны бар. Қабылдық көптеген тұрғындар осыған орай туындаған жол қатынасының қиындығын айтып, шағымданып келеді. Кейбіреулерінің пікірінше, жарылыстарды болдырмау мақсатында қойылған бөгесіндер мен қабырғалар қаланы соғыс жағдайындағыдай көрсетеді, дейді. Осыған ашулы тұрғындар мен көше саудагерлері жаңадан салынған қонақүй алдында қарсылық шараларын өткізген болатын.

Алайда, шетелдік ұйымдардың дәлелдеуінше мұндай бөгесіндер тұрғызу қауіпсіздік мақсатында аса маңызды. Өткен айларда Ауғанстанда жанкештілік шабуылдар көбейіп кеткен болатын. Сондықтан Ауған өкіметінің бөгесіндерді алып тастау жөнінде жариялаған қарарына байланысты алаңдаушылық танытып отырған ұйымдардың бірі - БҰҰ. Осы ұйымның Қабылдағы бас өкілі Адриан Едвардстың айтуынша, БҰҰ әліге дейін Ауған ресмилерінен мол мағлұмат пен түсіндірулер күтіп отыр. Ауған өкілдерімен келіссөздер барысында бөгесіндерді алып тастауға байланысты мәселе мейлінше тез арада шешілер деген үмітін білдірді Едвардс мырза.

Ауған өкіметі болса барлық кедергі-бөгесіндерді алып тастауды мақсат тұтып отырғандығын айтуда. Өкімет нұсқауында былай деп жазылған: “Жалғыз аяқ жолдар мен көшелерді, даңғыл жолдарды жауып тастау - заңсыз әрекет. Сондықтан мұндай кедергілер қоюға ешкімнің хұқы жоқ”. Сондай-ақ Ауған өкіметі бұл бұйрықты орындамаған кез-келген ұйымға қарсы шаралар қолданамыз, деп ескерткен болатын. Ауған өкіметі өкілі Карим Рахими журналистерге былай деген еді:

«Техникалық себептерге байланысты, кейбір орындардан аталған бөгесіндерді алып тастау қауіпсіздік проблемаларын туындатуы мүмкін. Ал, жалпы алғанда, барлық кедергі-бөгесіндер алынып тасталатын болады», - деді Рахими мырза.

İшкі істер министрлігінің дүйсенбі күнгі мәлімдемесіне қарағанда, тек елбасы сарайы ғана бұл талаптан тыс тұрмақшы. АҚШ елшілігі болса, ғимарат маңайындағы қауіпсіздік шараларын ел өкіметімен ақылдасуда екен. Бөгесіндерді алып тастауға байланысты қойылған соңғы уақыт межесіне санаулы күндер қалғанда «Азаттық» радиосының Ауған бөлімі Қабылдағы ол кедергілердің әлі күнге сол орындарында тұрғандығын хабарлады.
XS
SM
MD
LG