Accessibility links

Украин-Ресей табиғи газ келісіміндегі делдал компанияға байланысты сауалдар туындап отыр


Ресей мен Украина арасындағы газ айтысы өзара уағдаластықпен шешілгені туралы хабарды көпшілік мақұлдап қарсы алды. Алайда, бұл келісімге байланысты бірнеше сауал туындап отыр. Солардың ең бастысы газ келісіміндегі делдал компанияға байланысты болып отыр.

Ресейлік Газпром компаниясының жетекшісі Алексей Миллер Украинаға сатылатын табиғи газ келісімінде екі араға делдал боп РосУкрЭнерго компаниясы араласатынын мәлімдеді. Хабарға қарағанда, РосУкрЭнерго компаниясы Украинаға тек орыс газын ғана емес, сонымен қатар түркмен, өзбек және қазақ газын да сататын болады. РосУкрЭнерго Ресей газын Газпромнан мың текше метрін 230 долларға сатып алып, оны арзанға алынған Орта Азиялық газбен араластырмақ және сол газды Украинаға бір бағаға – мың текше метрін 95 долларға сатпақ көрінеді.

РосУкрЭнерго компаниясы кезінде түркмен газын Украинаға сататын делдал компания ретінде құрылған-тұғын. Компания өз кезегінде оффшорлық УралТрансГаз компаниясының міндеттемелерін өз мойнына алған. Осы УралТрансГаз компаниясы бірінші боп 2001 жылы Газпром мен Нафтогаз Украина мемлекеттік компанияларымен арада түркмен газын Украинаға жеткізу жөнінде делдалдық келісімге қол қойған болатын.

Көп ұзамай УралТрансГаз Ресейдегі ұйымдасқан қылмыспен байланысы бар компания ретінде күдікке ілінеді. 2004 жылы шілде айында сол кездегі Украин Президенті Леонид Кучма мен Ресей Президенті Владимир Путин Ялтадағы іскерлік форум кезінде УралТрансГаз-дың орнын РосУкрЭнерго компаниясы басатынын жариялады.

РосУкрЭнерго компаниясының Ресей жағынан иелері ретінде Газпромға тиесілі ГазпромБанк және Газпромға тікелей байланған Аросгаз холдингі аталды. РосУкрЭнерго-ның Украин жағынан өкілі ретінде болса, Райфайзен Централ Груп тобының мүшесі Райфайзен Инвестмент компаниясы аталып отыр. Алайда, Москоу Таймз газетінің шілденің 28-і күнгі санында Райфайзен Инвестмент-тің жетекшісі Волфганг Пучек өз компаниясының РосУкрЭнерго-мен әріптес боп табылмайтынын, тек РосУкрЭнерго-дағы "бірқатар жеке меншік Украин инвесторларының" уәкілі ретінде әрекет ететінін атап өткен. Пучек мырза жеке адамдарға қатысты мәліметтерді олардың рұқсатынсыз жариялауға тиым салатын заңды тілге тиек ете отырып, бұл инвесторлардың атын атаудан бас тартып келеді.

2005 жылы қаңтарда Украинада билік басына Виктор Ющенконың жаңа үкіметі келгенде РосУкрЭнерго-ға қарсы қылмыстық тергеу ісі басталды. Алайда, тамыздың орта тұсында РосУкрЭнерго-ға қарсы қылмыстық іс аяқ астынан тоқтатылды. Көп ұзамай қылмыстық істі бастаған Украин қауіпсіздік қызметінің бастығы Турчинов қызметінен босады. Украиндық obozrevatel.com.ua интернет парақшасының қыркүйектің 21-і күнгі хабарына қарағанда, РосУкрЭнерго-ға қарсы тергеу ісімен тікелей айналысқан тергеуші Андрий Кожемякинге басқа тапсырма жүктелген.

Ресейде болса, РосУкрЭнерго, яки УралТрансГаз компанияларына қатысты ешқандай тексерулер болған жоқ.

Украин-Ресей табиғи газ келісіміне РосУкрЭнерго компаниясының делдал боп енуі Батыста қандай көзқарас тудыратыны әзірге беймәлім. Қалай болғанда да, Еуропа және Құрама Штаттары бұл жағдайды назардан шығармайтыны анық. Мәлім болғанындай, американдық ФБР РосУкрЭнерго компаниясына байланысты өзіндік тергеу ісін біраздан бері жүргізіп келеді. Еуропалық құқық қорғау ұйымдары да бұл компанияға тағылып отырған айыптардан хабардар.
XS
SM
MD
LG