Accessibility links

«KazRating» ұлттық агенттігі Д.Ахметов үкіметінің жұмысын бағалаған зерттеу жүргізген


Қаңтардың 9-ы күні Алматыда «KazRating» ұлттық агенттігі Даниял Ахметов үкіметінің жұмысын Алматы тұрғындары қалай бағалағаны жөнінде сауалнама қортындысын жария етті. Қаңтардың 4-6 аралығында жүргізілген бұл сауалнамаға алматылық 1000 тұрғын қатысыпты.

«KazRating» ұлттық агенттігі жүргізген сауалнамада негізінде Д.Ахметов басқарған үкімет жұмысына Алматы тұрғындарының көңілі тола ма, қандай игі істер атқарылып, қандай кемшіліктер орын алды деген тұрғыдан зерттеу жасалыпты. «KazRating» ұлттық агенттігінің атқарушы директоры Максим Казначеевтің айтуынша, сауалнамаға қатысушылардың 51,4 проценті Д.Ахметов жұмысына қанағатты деген баға бере алмайтындықтарын білдірген. Өйткені қала тұрғындары өткен күздегі жанар-жағар майдың бағасының күрт көтерілуі мен 2005 жылғы азық-түлік бағаларының қымбаттауын осы Д.Ахметов үкіметінің жақсы жұмыс істемегендігінен деп көреді екен.

Сөйте тұра сауалнамаға қатысушылардың 23,3 проценті үкіметтің экономика саласындағы жұмысында оң өзгерістердің барлығын атаған болса, 16,6 проценті бұл саладағы жұмыста оңды серпіннің жоқ екендігін айтқан. Ал жалпы сауалнамаға қатысқандардың 49,9 проценті әлеуметтік салада оңды өзгерістердің болғанын атаған.

Алайда сауалнамаға қатысушылар Д.Ахметов үкіметінің ең бір минусы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың нашар жүргенін атаған. Халықаралық «Трансперенси Интернешнл» ұйымы таратқан мәлімет бойынша, Қазақстан коррупция көрсеткіші бойынша 2003-ші жылы әлем елдері арасында 100-ші орында болған болса, ал келесі 2004 жылы 122-ші орынға бір-ақ секірген, ал 2005-ші жылы Қазақстан 107-ші орынды иемденген. Бұл, әрине, сыбайлас жемқорлық жағынан үлкен көрсеткіш болмақ.

Қаңтардың 11-інде болатын президент инаугурациясынан кейін заң бойынша үкімет отставкаға кетуі тиісті. Осыған байланысты сауалнамаға қатысушылардың 12,5 проценті Д.Ахметовты үкімет басшысы ретінде қайта көргілері келетіндіктерін білдіріпті. Ал сауалнамаға қатысқан қала тұрғындарының 10,3 проценті қазіргі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовты үкімет басшысы лауазымына лайықты тұлға ретінде көрсе, 9,42 проценті қазіргі Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевты атаған.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, үкімет басшысы кім болса да мемлекеттегі барлық тізгін мемлекет басшысының қолында, сондықтан ол кісі бұл қызметке кімді лайықты десе соны апарады. Ал егер Д.Ахметов үкіметі тәуір жұмыс атқарған болса, онда ол әлемдегі мұнай бағасының жоғары болғанының ғана арқасы. Осыған орай үкімет әлеуметтік біраз мәселерді шешкен болды, бірақ ел экономикасы аса өркендеп кеткен жоқ. Коррупцияға қарсы күрес тек сөз жүзінде ғана қалды. Ендігі үкіметті кім бастаса да ол сол ескі кадрлердің бірі екендігі түсінікті, дейді Д.Көшім.
XS
SM
MD
LG