Accessibility links

Қазақстан мұсылмандары Құрбан-айт мерекесін қарсы алып жатыр


Тәуелсіздігін алғалы биыл Қазақстан мұсылмандары Құрбан айтты тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде ресми атап өтіп отыр. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі республика халқының 70 пайыздайын құрайтын мұсылман жамағатын Құрбан айт мейрамымен құттықтады.

Бұдан бұрынғы жылдары Қазақстан мұсылмандарын ел президенті Құрбан айт мейрамымен құттықтап қана қоятын, бірақ, үш күнге жалғасатын Құрбан айттың бірінші күнін мемлекеттік деңгейде демалыс күні деп жарияланып, ел тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан мұсылмандары 2006 жылдың 10 қаңтарында Құрбан айтты тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде ресми атап өтіп отыр. Бұған ұйтқы болған ел президентінің былтыр күзде Қазақстан халықтар ассамблеясында Құрбан айттың бірінші күні мен православиелік Рождествоны демалыс күндері деп жариялау жөнінде жасаған ұсынысы еді. Мұны кейбір сарапшылар президенттік сайлау алдындағы биліктің саяси қадамы деп те бағалаған. Ал депутаттар тарапынан мұндай ұсыныстар бұрындары да болғанымен ол ескерусіз қалып жүр еді , президент ұсынысынан кейін парламент бұл ұсынысты шұғыл түрде қарап, тиісті заңдарға өзгертулер енгізіп, былтырғы желтоқсанның соңғы күндері бекітіп, оған президент қол қойып та үлгерген-ді. Дегенмен мейрамның көптігінен шаршамайтын көпшілік мұны ризашылықпен қабылдады.

Құрбан айт мейрамына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақстандықтарды осынау діни мейраммен құттықтады.

“Бүгін Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі облыстардағы, қалалардағы, аудандардағы, ауылдардағы мешіттерде Құрбан айт намазы оқылуда. Құрбан айт намазынан соң құрбандық шалынады. Олай болса бүкіл Қазақстандық бауырларымызды осы ұлық мерекемен шын жүректен құттықтап, Алла-тағаладан бауырларымыздың жарық күнін көбейтіп, ырызығын молайтып, от басының Отанымыздың амандығын беруді тілер едім. Құрметті бауырлар, Алла-тағала жасаған ғибадаттарыңызды, мінәжаттарыңызды, дұғаларыңызды қабыл етіп, шалған құрбандықтарыңызды Алла-тағала қабыл етіп, мерейлеріңізді өсіріп, тәуелсіз Қазақстанымызға, тәуелсіз еліміздің асыл дініне қызмет ете беруді жазсын деп тілегім келеді”, - деді Қазақстанның бас мүфтиі.

Мешіт өкілдерінің айтуынша, Құрбан айт күндері шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар (ол шамамен 1300 доллардай), бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жол сапарда емес мұсылманға кем-кетіксіз бір жастағы қойды немесе ешкіні, болмаса бір адамнан жеті адамға дейін ниеттерін біріктіріп, екі жастағы сиыр немесе бес жастағы түйені құбандыққа шалу уәжіп екен.

Жылдағыдай биыл да Құрбан айт кезінде 1200-дей Қазақстандық мұсылмандар Меккеде қажылық сапармен жүр. Әрине, бұл тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағыдан әлдеқайда көп. Олардың арасында да бұрынғы кездердегідей дінге онша қатысы жоқ адамдар сирек, дейді Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының діни уағыз оқу-ағарту бөлім меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков.

“Бұрынғы қажылыққа барып келген кісілдердің кейбірін көпшілік сынға алып та жатты, яғни қажылықтан соң өзгере қоймағандарын айтып, баға беріп отырды. Яғни, сән үшін, атақ үшін, мақтаныш үшін барып жатыр деген сияқты сын беріп жатты, ал қазіргі уақытта ол жағдай күрт өзгерді, себебі қазір кетіп жатқан кісілердің көбі қарапайым кісілер. Сонан соң соңғы кездері қажыларға деген сынның азайғандығы қажылыққа барушылардың сапасының жақсарғандығының көрсеткіші деп сенеміз”, - дейді Әбдімүтәліп Дәуренбеков мырза.

Жылда Құрбан айт қарсаңында Алматы мал базарларындағы қойлардың да бағасы күрт өсіп отырады. Қайбір жылдары екі жасар қошқарлар 45 мың теңгеге дейін, яғни 300 долларға дейін көтерілгеніне куә болған едік, биыл базардағы қойдың бағасы айттан бір күн бұрын 25 мың теңге, яғни 200 доллар шамасында болып тұр. Дәл Құрбан айт күні ол да өседі дейді сатушылар. Осындай барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесін де бизнеске айналдырып, пайда табуды көздеген саудагерлердің іс-әрекетін дін өкілдері сөкпесе де ынсап қажеттігін айтады.

Әрине, Қазақстандықтардың көбі бұл күні құрбандық шала алмас, оған жұрттың барлығының бірдей жағдайы да келіңкіремейді, бірақ Алматы базарларындағы мал бағасының өсуіне қалталы шетел мұсылмандары себепкер, дейді сатушылар.
XS
SM
MD
LG