Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.10.2006 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Қазақстан президентінің инаугурациясына байланысты және мемлекеттік гимнге қатысты мақалалар жарияланыпты.

10 қаңтар күнгі санында «Казахстанская правда» газеті Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және оған қосымша ретінде музыкасын композитор Шәмші Қалдаяқов жазған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің музыкалық редакциясы мен сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов пен президент Нұрсұлтан Назарбаев жазған Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнінің мәтінін орыс тіліндегі жолма-жол аудармасымен қоса жариялапты. Сондай-ақ «Казахстанская правда» газеті сәрсенбі күні болатын Қазақстан президенті инаугурациясының дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқаны турасына кеңірек тоқталыпты. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі арнайы өкілінің деректеріне орай, әлемнің 70-тен астам елдерінің шетелдік өкілдері аталған шараға қатысуға ықылас білдіріп отырғаны айтылған. Оның ішінде 32 елдің жоғары лауазымды басшылары Қазақстан президенті инаугурациясына келуге ниет білдіріп отырғаны мемлекет басшысының әлемдегі беделін әйгілейді делінген аталған мақалада. Осы шара барысында Қазақстан президенті мен бірқатар шетел басшылары арасында екі жақты құжаттарға да қол қойылатындығы айтылыпты.

Дегенменде сейсенбі күні жарық көрген санында «Жас алаш» газеті Қазақстан президенті инаугурациясы тақырыбын басқа қырынан қаузайды. Онда мақала авторы Мұхтар Жанұзақұлы жаңа сайланған президенттің іс жүзінде алғаш рет ел Конституциясында белгіленген 7 жыл мерзімге таққа отырмағанын айтады. Автор өткен инаугурацияға барлау жасай отырып, Қазақстан парламентінің 98 жылдың жазында тездетіп, президенттің өкілеттік мерзімін 7 жылға дейін ұзартып, мерзімінен екі жыл бұрын сайлау өткізуді ұйғарғанын және сол жолы Қазақстан тарихында президентті ұлықтау рәсімі екінші рет өткенін жазады. Бірақ конституциялық мерзімінде емес, 1999 жылғы қаңтардың 20-сында. Яғни сайлау өткеннен тура 10 күннен соң. Мұндай шапшаңдықпен инаугурация өткізген ел жоқ шығар дейді Мұхтар Жанұзақұлы. Және де келесі президенттің кім болатындығына болжам жасалған аталған мақалада Конституция жаңарған сайын «ескі» президенттің бұрынғы мерзімдері «жойылып» отыратындықтан келесі жолы да Н.Назарбаевтың инаугурациясын өткізуіміз ғажап емес деген тұжырым жасалған. Сонымен қатар «Жас алаш» газеті өзінің осы санында соңғы уақыттағы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызу талқылауына айналған мемлекеттің гимніне қатысты және бір сараптамалық мақала жариялапты. «Әнұран жәйұран болмауға тиіс» деген мақаланың авторы журналист Әмірхан Меңдеке: «Әнұран – мемлекеттік мәселе. Ендеше, мемлекеттік мәселеге мемлекеттік көзқарас, мемлекеттік жанашырлық қажет-ақ еді. Әнұран мәселесін біз мұның алдында да өте асығыс шештік» деген өкінішін білдіреді. Әмірхан Меңдеке «Менің Қазақстаным» әні әнұран емес, марш екенін айтады. Және де ол аталған әнді әнұран етіп алған күннің өзінде, оның сөзіне тиіспеуіміз керек еді дейді. Дегенмен өзгерген текст сәтсіз шыққандығын оның енді сол қалпында айтыла қоятындығына автор күмәнмен қарайды. «Арнайы мемлекеттік комиссия құрып, асықпай, кеңінен келісіп шешетін мәселені асығыс-үсігіс, апай-топай шеше салдық. Түпнұсқа түбінде қайта қалпына келтірілуі мүмкін. Ендеше, айналасы Н.Назарбаевты тағы да арандатып отыр», дейді мақала авторы.

Алайда, 10-қаңтар күнгі санында «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнін өзгерту, бұрынғы әнұранды композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнінің президентіміз Н.Назарбаевтың қолымен түзетілген нұсқасымен ауыстыруға орай қалың жұртшылық қолдау білдіріп, өз пікірлерін жолдауда деген түйін жасап, солардың бірқатарын оқырман назарына ұсыныпты.
XS
SM
MD
LG