Accessibility links

Алматы мешітінде өткен Құрбан айт намазы

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Құрбан айт мейрамын тұңғыш рет ресми мереке түрінде тойлап отырған Алматы жұртшылығы бұл мерекені қалай тойлап жатыр дегенге келсек, Айт күні қар жауып тұрғанына қарамай, Құрбан айт намазына келген Алматы жамағаты орталық мешітке симай далада, мешіт ауласына толып кетті.

Алматыдағы орталық мешітте 10 қаңтардағы Құрбан айт намазына жұрт көп жиналды. Құрбан Айт мейрамы күні Алматыда күн суып, аздап қар да жауып тұр, бірақ мешітке симай даладағы ауласына дейін кісіге толып кетті. Кеңестік комсомол тәрбиесінің ықпалының әсері ме, өзімнің физик мамандығымның әсері ме, мешітке әке-шешем әруағына, бұл фәниден өткендерге тағзым етіп, құран бағыштауға келгенім болмаса көп келе бермеуші едім, бүгінгі халықтың көп жиналғанына қарап таң қалып тұрмын. Алматы орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет тақсырдан халық жылда осылай жинала ма деп сұрақ қойдым.

«Намазханаларымыз таңғы сағат 6-дан мешіттің іші толып тұрады. Мына мешіттің бізге тарлық қылып жатқаны белгілі, Алла бұйыртса, келешекте бізге бұдан да үлкен мешіт керек, себебі жылдан жылға айт намаздарына келетіндер саны еселеніп көбейіп жатыр. Байқап отырғаныңыздай намазға келушілердің дені жастар», - деп жауап берді бис имам.

Айт намазы аяқтала мен де намазға келгендерден пікір сұрастырып жатырмын. Дінтанушы Мұртаза Бұлытай:

«Ауа-райының суықтығына қарамай Алматы мешітіне 10 мыңдай адам жиналған шығар, іші-сыртына кісі симай тұр. Бұл халқымыздың дінге деген бет бұрысын аңғартса, екіншіден Құрбан айт күнін мемлекеттік деңгейде мейрам етіп жарияланғандығында. Алла бұйыртса, биыл құрбан шалушылардың да саны көп болады, себебі бұрындары жұмысқа барамыз ба, мал іздейміз бе деп алаңдаушы едік, құдайға шүкір, биылдан бастап Құрбан айт - мейрам, демалыс күні болғандықтан қол бос», - деді.

Алматылықтардың, әрине, ауыл халқынан тұрмысы біршама жақсы, дегенмен осы мешітке келгендердің өздері құрбандық шала ма деп көпшіліктен пікір біліп көріп едік. Жауап берген алматылықтар арасында аздаған кейбірі құрбандыққа сиыр шалғанын, тағы бірқатары құрбандық шалуға дайындығы, мүмкіндігі жоқ екенін де білдіріп жатты. Бірақ барлығы да құрбан-айт намазына жығылу үшін бүгін мешітке ниет етіп келіпті.

Намаз аяқтала мешіт маңындағы арнайы жайға құрбандық малдары да келе бастады, тіпті құрбандық шалушылардың көптігі сонша, кезектерін күтіп тұрды. Құрбан айттың бірінші күні Алматыда осылай басталды.

Ал мен мешіттен қайтып келе жатып, әртүрлі ойға кетемін... Әлемде 1 миллиардттан астам мұсылман бар, бәрі құрбандық шалмаса да, бір күнде ондаған миллион мал сойылады, себебі олар құрбандыққа шалынған малдың бірінші тамған қанымен күнәларымыз кешіріледі деп есептейді... Адам табиғаты қызық қой, ал сонымен қатар әлемде мал соймақ түгілі, ет жеуді де күнә деп есептейтіндер бар.
XS
SM
MD
LG