Accessibility links

Президент инаугурациясына елдегі саяси тұлғаларан кімдер шақырылды?

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қаңтардың 11-і күнгі Қазақстанның жаңа президентін ұлықтау рәсіміне қазақстандық оппозиция өкілдері шақырылған жоқ. Қазақстандық саясаткерлер: «Рәсім, ұлықтау деген бір күндік шара. Елдің бүтіндігі мен іргенің беріктігін баса айтатын Нұрсұлтан Назарбаев ресми шараға өзінің басты қарсыластарын шақырып, оларды бірігуге шақырса жақсы нышан болар еді» дейді.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан Республикасының жаңа президентін ұлықтау рәсіміне әлемнің 70-тен астам елдерінің өкілдері, мекеме басшылары мен депутаттар, саяси партия жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстан президенттігіне экс-кандидат болған «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, қаңтардың 11-күні «Азаттық» радиосына Астанадан телефон арқылы берген сұхбатында салтанатты шараға өзінің қонақ ретінде шақырылып, қатысқанын айтты.

«Отырыстың ретіне қарағанда, мен «Ақжол» партиясының жетекшісі ретінде шақырылдым. Өйткені, партия жетекшілері бірге отырдық. Салтанатты жиын жоғары деңгейде өтті», - деді Ә.Бәйменов.

Ал Қазақстан тәуелсіз республика болып жарияланғанда парламентті басқарған, алайда онан кейін аз уақыттан соң президент Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына сын айтып, оппозициядағы Коммунистік партияның жетекшісі болып жүрген Серікболсын Әбділдин аталмыш шараға шақырылмапты.

«Ұлықтау рәсіміне шақыру болған жағдайда да мен оған қатыспайтын едім. Өйткені, әділетті сайлау өткен жоқ. Қазіргі елбасының өзі сайлауға түсуге де құқы жоқ болатын. Конституцияны бұзып, қысымшылықпен халықты қорқытып сайланған сайлауды мен сайлау деп есептемеймін», - дейді оппозицияшыл саясаткер.

Былтырғы желтоқсан айында президенттік сайлауға Н.Назарбаевпен бәсекелесіп түскен адамдардың бірі – эколог Мэлс Елеусізов те жаңа мерзімге қайтадан сайланған президент Назарбаевтың ұлықтауына қатысып, жоғары баға беріп отыр.

«Бүгінгі күн Қазақстан халқы үшін тарихи күн. Осы тарихи күннің куәсі болып жаңа президентті ұлықтау рәсіміне қатыстым. Президент халыққа адал қызмет етуге уәдесін берді. Президенттің уәдесі орындалатын болса халыққа да жақсы болады деп ойлаймын», - дейді экс-кандидаттың бірі Мэлс Елеусізов.

Өткен президент сайлауында Қазақстанның біріккен оппозициясынан бірегей кандидат болған Жармахан Тұяқбай Астанада өткен салтанатты шараға шақырылған жоқ. Оның жанындағы сенімді серіктерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы:

«Жармахан Тұяқбайға да, өзге оппозиция өкілдеріне де ешқандай шақыру келген жоқ. Жаңа президенттің таққа отыру рәсімі ол елдің, әсіресе, жаңадан сайланған басшының саяси мәдениетін көрсетеді. Сондықтан ел басшысының инаугурациясы қалай өткеніне қарап, сол сәтте сөйлеген сөзін, бағдарламасын тыңдай отырып, елдің болашақта қай бағытта дамитынына көз жеткізуге болады», - дейді.

Ұлықтау рәсімін теледидар арқылы тамашалаған саясаткер Сейдахмет Құттықадам:

«Өткен сайлауда басымдықпен таза жеңіске жеткен президенттің ұлықтау рәсімі ойдағыдай өтті. Алыс-жақын шетелден қонақтар келді. Бірақ, қалай болғанның өзінде президент бүгінгі сөйлеген сөзінде қосылайық деп айтты. Сол себепті бұл шараға Жармахан Тұяқбайды шақыру керек еді. Себебі, қалай болғанда да негізгі қарсыласы сол болды. Рәсім, ұлықтау бәрі бір күндік шара. Назарбаев ендігі саясатты қалай жүргізеді. Мәселе сонда болып тұр. Сол себепті осы жолы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан бастаса деген ойым бар. Оппозицияны ұнасын, ұнамасын - ол да халықтың бір бөлшегі, менің ойымша оларды өзіне тарту керек», - дейді.
XS
SM
MD
LG