Accessibility links

АҚШ президенті Д.Буш Ирақ халқын өткен айда сайланған өкіметтің қол астына бірігуіне шақырды


Ирақтағы соғысқа қолдау көрсету үдерісін одан әрі жақсарту мақсатында АҚШ елбасы Буш бірнеше рет сөз сөйлеуде. Уашингтонда, ардагерлер алдында сөйлеген сөзінде елбасы, өз сөзімен айтқанда Ирақтағы “жеңісті аяқтау” жолындағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ Ирақ экономикасын тұрақтандырып және оның ішкі қауіпсіздігі мен елде демократияның орнығуына көмектесудің маңыздылығына тоқталды.

«2006-шы жыл Ирақ полиция күштерін нығайту мен ел экономикасын жақсарту жылы болады», - деді Құрама Штаттарының елбасы Джордж Буш мырза.

Ол үшін Ирақ халқының өткен айда өздері сайлаған өкімет қол астында бірігуіне шақырды Буш. Кейбір өзара келіспеушіліктеріне қарамастан ирақтықтар болашақта үйлесімділікпен жұмыс істейтін болады, деді ол шетелдерде жүргізілген соғыстар ардагерлері алдында Уашингтонда сөйлеген сөзінде.

Желтоқсанның 15-де Ирақ сайлаушылары жаңа Парламент үшін дауыс берді. Дей тұрғанмен, оның құрамында елдегі шии өкілдері көбірек болатын түрі бар. Бұл науқанға сүнні мұсылмандары, былтырғы жылы жаңа өкімет құрамының сайлауымен салыстырғанда, едәуір ықыласпен қатысуда. Буш мырзаның бұл тізбекті сөздері тұсында Америкадағы қоғамдық пікірді зерттеу ұйымдары халықтың 40 пайызынан азы Ирақтағы соғыс саясатын қолдайтындығын көрсетіп отыр. Аталған көрсеткіш екі ай бұрынғы деңгейінде қалып отыр.

Ирақтағы қауіпсіздікті жақсарту полиция жасақтары құрамын жақсартумен тікелей байланысты, деді Буш мырза. Атап айтқанда, арнайы күштер мен шекара жасақтары және АҚШ елбасының сөзімен айтқанда, жергілікті полиция “бекеттерін” жақсарту қажет. Қазірдің өзінде ол жасақтардың 19 мыңдай мүшесі бар. Сондай-ақ олардың дайындықтарын күшейте түсуге Буш мырза уәде берді. Жаттығуларды әлем елдерінен, оның ішінде Құрама Штаттары да бар, келген полиция өкілдері жүргізетін болады. Ирақ полициясының кейбір жасақтарында орын алған келеңсіздіктерге де Буш мырза тоқталып өтті.

«Арнайы полиция жасақтарының көпшілігі - кәсіби деңгейде. Ол қоғамның барлық салаларының өкілдерін қамтыған. Алайда, өткен айларда олардың кейбірі Ирақ азаматтарын азаптауға салды, деп айыпталған болатын. Мұндайға жол беруге болмайды. Құрама Штаттары өкіметі мен Ирақ өкіметі де мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды, деп есептейді. Мұндай азаптауларға тоқтау салатындықтарына Ирақ басшылары уәде берді. Олардың міндеті ескі өштерін алу үшін өз беттерімен үкім шығару емес, керісінше тәуелсіз Ирақ болашағы үшін еңбек ету екендігін полиция жасақтарына түсіндіруіміз керек», - деді Буш мырза.

Экономика саласында, Буш мырзаның айтуынша, бензин үшін бөлінетін субсидияларды тоқтату керек. Бұл отын түрі бағасының тым арзан болуы қара базардағы сауда мен сыбайласқан жемқорлыққа әкеліп отыр. Федералдық бюджеттен алынған бұл қаржы оның орынына мектептер мен ауруханалар сияқты маңызды салаларға жұмсалатын болады. Елбасы Саддам Хусейн кезінен қалған Ирақтың өз елдеріне қарызын үш ел кешкен еді. Құрама Штаттары және Мальта елімен қатар Словакия да өзіне қайтарылуы тиіс қарызды 100 пайыз жойған екен. Солардан үлгі алуға басқа елдерді де шақырды Буш мырза.
XS
SM
MD
LG