Accessibility links

З.Нұрқаділовтің қазасын зерттеуге халықаралық сараптама қажет дейді саясаткерлер

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Бейсенбі күні саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ жағдайда қаза болғанына тура екі ай толды. Оның өлімін тексерген тергеу тобы З.Нұрқаділов өзін-өзі атып өлтірген, оның қазасына отбасындағы тірлік себеп болған деген мағынада қортынды жасаған болатын. Марқұмның зайыбы Мақпал Жүнісованың адвокаты Серікқали Мусин оны жапа шегуші ретінде тану үшін Алматы қаласының Алмалы аудандық сотына шағым арыз түсіргендерін айтады. Және де ол З.Нұрқаділовтің өліміне тергеу жүргізген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қорытынды шешімін әлі күнге ала-алмай, істің анық-қанығын одан әрі тергеуге, оған халықаралық сарапшыларды қатыстыруға мүмкін болмай отыр дейді.

12 қаңтар күні саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың қайтыс болғанына екі ай толды. Алайда оның жұмбақ жағдайда көз жұмуының сыры ашылмай, тергеу нәтижесінде өзін-өзі өлтірді деген тұжырымға келген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қорытынды шешімін әлі күнге алу мұң болып отыр дейді Нұрқаділовтар отбасының адвокаты Серікқали Мусин.

«Мұндай жағдайда істі одан әрі жылжытып, жүргізуге қолда ешқандай құжаттар болмағандықтан шарасыз күй кешіп отырмыз. Сондықтан да уақыттан ұтылып қалмас үшін, әрі бұл қазаға қатысты құқық қорғау органдарының ұстанымымен келіспейтін біздің аталған істі одан әрі қозғау мақсатында марқұмның зайыбы Мақпал Жүнісованы жапа шегуші жақтың өкілі ретінде мойындауы үшін қаладағы Алмалы аудандық сотына шағым арыз түсірдік», - дейді ол.

Адвокат С.Мусин аталған іске тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық мамандарды қатыстыру үшін алдымен З.Нұрқаділов өліміне тергеу жүргізген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қорытынды шешімін алу қажет болып отырғандығын айтады. Бұл жайтқа орай «Азаттық» тілшісіне Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері Арман Жусанбай аталған іс бойынша шығарылған қорытынды шешімнің қатталып жатқандығын айтып, мекеме тәртібі бойынша, толыққанды құжаттар жақында Нұрқаділовтар отбасының адвокатына тапсырылатындығын жеткізді.

Ал жақын күндері «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының сайтында халықаралық бірқатар ұйымдардың саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың қазасын зерттеу үшін халықаралық деңгейде сараптама жүргізу қажеттігі жөнінде мәліметтер пайда болды. Бұл туралы осы қозғалыс мүшелерінің бірі, саясаткер Әміржан Қосановтан сұрағанымызда, ол аталған ұсынысты қолдайтындықтарын білдірді.

«Сондықтан да бұл қазаға байланысты күдік-күманды толық сейілту үшін оған ендігі кезде халықаралық сараптама міндетті түрде қажет», - дейді Әміржан Қосанов.
XS
SM
MD
LG