Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.12.2006 жыл

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ

Қаңтардың 12-күні Қазақстанда жарық көрген басылымдардың басым бөлігі сәрсенбі күнгі Қазақстан республикасы Президентін ұлықтау рәсімі туралы жазған екен. Сонымен қатар, кейбір басылымдар осы ұлықтау рәсімі таяп қалған уақытта Қазақстанда қабылданған жаңа гимн жайында да сөз қозғапты.

Қаңтардың 12-күнгі қазақстандық газеттердің алғашқы беттерінде Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімі туралы мақалалар жарық көрген екен. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі «Жеті жылдық жолдың басы» деп атаған мақаласында ұлықтау рәсіміне 70-тен астам елдің өкілдері және беделді халықаралық ұйымдар - БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуроодақтың өкілдері келгенін жазған. Сонымен қатар, мұндай кең ауқымды ұлықтау рәсімі Қазақстанда да алғаш рет болғанын атап өткен. «Синоптиктер қаңтардың 11-і күні қатты, яғни 43 градус аяз болады деп болжам жасаған болатын. Олардың бұл жорамалына негізде жоқ емес еді. Өйткені, инаугурация алдындағы күндерде арқа қысы қахарына шындап мінгендейтін. Бірақ, қаңтардың он бірі күні таңертен аяздың айтарлықтай сынғаны анық аңғарылды. Ескі алаңдағы термометр таңертеңгі тоғыздар шамасында 25 градус суықтықты көрсетті» дейді мақала авторы. Ұлықтау рәсімін егжей-тегжейлі баяндаған автор, «Сөйтіп, құрбан айт мерекесі кезінде сәрсенбінің сәтінде Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметін атқаруға кірісті», деп мақаласын аяқтапты.

Президентті ұлықтау рәсімі туралы материалдар «Казахстанская правда» газетінің бірден үш бетіне шығыпты. «Халық үшін, ел үшін» деп басталған мақалада да салтанатты рәсімнің бүге-шүгесіне дейін жазылған екен. Мақала иесі президенттің «Ақ ордаға» кіре берген кезіне ерекше ықылас бөлген. Астана аспанына жеті рет зеңбіректен жарылып шыққан оқтардың жаңғырығын президенттің жеті жыл басқаруымен байланыстырған екен. Мақала авторының мәліметтері бойынша, ұлықтау рәсіміне дүние жүзінен 300-ден астам журналистер келген екен. Сонымен қатар, газеттің екінші бетінде 24 шетелдік ақпарат агенттіктерінің Қазақстан Республикасы президентін ұлықтау рәсімі туралы берген ақпараттарын басыпты.

Сонымен қатар, орыс тілді «Московский комсомолец» басылымының Қазақстанға арналған қосымшасынан да осы ұлықтау туралы мақаланы оқуға болады. Жоғарыда аталған екі басылымға қарағанда, бұл газетте Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі туралы мақалаға орын екінші беттен, әрі қысқа болып тиіпті. Басылым тілшісі салтанатты рәсімді қысқа ғана қайырыпты. Бірақ, мақала соңынан президенттің адал қызмет етуі туралы анты жайлы қызықты материалды беріпті. Мақала авторы Жанар Сердалина анттың мәтінін басқа елдер президенттерінің қызметке кірісер алдындағы анттардың мәтінімен салыстырған екен. Ол қазақша мәтіннің өзге елдердікінен мазмұны жағынан еш айырмашылығы жоқ, ал ондағы сөздердің саны жағынан өзгешелік бар дейді. Президенттік ант қабылдау мәтінінің қазақшасы – 31, американдықтардікі – 33, ал ресейліктердікі 33 сөзден тұратын көрінеді.

«Ал, әзірше Қазақстанның барлық телеарналары президентті ұлықтау рәсімі туралы көрсетіп жатыр» деп басталатын «Время» газетіндегі мақала жаңа мемлекеттік әнұран жайында жазылған екен. Мақаланың иесі Парламентке жаңа әнұран туралы ұсыныс аяқ асты түскенінен, депутаттардың саспағанын атап өткен. Сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжмедденовтың, әрі кейіннен Нұрсұлтан Назарбаев өзгеріс енгізген туынды депутаттарға ерекше әсер етті, дейді автор. Осыған орай, автор түрлі депутаттардың пікірлерін беріпті. «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сай, ән ұран айтылған кезде міндетті түрде оң қолдың алақанын жүректің үстіне қойып тұру қажет. Ал, Сенат депутаты Бексұлтан Тұтқышевтың түсіндіруі бойынша, қажет болса, жылап та алуға болады деп жазады мақала авторы. Алайда, мұндай қасиетті сезімдерге барлығы да бірдей бас иген емес. Мәселен, «Истоки» атты славяндар қоғамының өкілі Петр Кузьменко былайша қобалжиды деп, оның: «бүгін біз алақанымызды жүректің үстіне қойып жатырмыз, ал, ертең кез-келген үкіметтік көлік өтіп бара жатқанда бас июге мәжбүр болармыз» деген сөзін келтіріпті.
XS
SM
MD
LG