Accessibility links

Көрші елдердегі құс тұмауы ауруына байланысты Қазақстан өзінің шекаралық санитарлық тексеруін күшейте бастады


Адамзат баласын аса алаңдатып отырған құс тұмауы ауруы Қазақстанның көрші елдері Қытайда және Ресейде үнемі қайталанып отырса, Түркияда бұл аурудың жаппай індеті байқала бастаған. Түркияда осы аурудан бір үйдің үш бірдей баласы қаза болса, осыдан бірер күннің алдында Қытайда құс тұмауынан екі бірдей адам қайтыс болған. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша осы індетті жұқтырған алты жасар бір қытайлық бала қазір өлім ауызында жатыр. АҚШ өкіметі елдегі барлық үй құстарын тексеруден өткізуді жоспарлап отырса, Ресей және Қазақстан шекаралық санитарлық тексерулерін күшейтіп жатыр.

Қазақстанда бұған дейін өткен жылдың шілде, тамыз айларында Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы бірқатар елді мекендерінде осы құс тұмауы дертінің ошақтары байқалып, құс тұмауын жұқтырған мыңдаған үй құстары өртеліп, жойылған болатын. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қызмет департаментінің бастығы Асылбек Қожамұратов бүгінгі күні Қазақстанның барлық облыс, аймақтарында құс тұмауы ауруының белгілері жоқ екендігін, үй құстары бұл аурудан әзірге аман-есен жағдайда екендігін айтты.

Дегенмен, көршілес елдердегі, әсіресе Түркиядағы жағдайға байланысты Республикалық санитарлық-эпидемологиялық станция өз тарапынан құс тұмауы ауруынан алдын ала сақтану шараларын алып жатыр. Соған байланысты Алматы әуежайында осы станцияның арнайы дәрігерлер тобы күндіз-түні жұмыс істеп, шетелдерден, Түркиядан келіп жатқан жолаушыларды тексеріп жатқандығын әуежайдағы дәрігерлер тобының жетекшісі Шайхы Балтабаев «Азаттық» радиосына хабарлады. Оның айтуынша, өткен жылы Канададан аса қымбат бағаға сатып алған «термовизер» атты арнайы қондырғы ұшақтан түскен жолаушылардың дене температурасын 3 метр жерден өлшеп береді екен. Осы қондырғының берген мәліметіне қарап, дене қызуы бар жолаушыларды дәрігерлер жеке алып қалып, оның себебін анықтау мақсатыда түрлі тексерулер жасайтын көрінеді.

«Әзірге құс тұмауы вирусын жұқтырды дейтіндей күдікті жолаушы келген жоқ», - дейді қазақстандық маман.

Республикалық санитарлық-эпидемологиялық станцияның бас дәрігері Кеңес Оспанов құс тұмауы ауруының алдын алу мен одан сақтану іс-шараларын қарастырған жұмыстардың атқарылып жатқандығын айтады. Шетелдерде арнайы мамандарды оқытып, даярлау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, құс тұмауы ауруын анықтайтын арнайы дәрігери аппараттар және құс тұмауына қарсы ем дәрілер сатылып алынған. Әзірше Түркияға қарай қазақстандық туристерді жіберуге тоқтау салынып отыр.

«Қазақстандағы барлық құс фермаларында жұмыс істейтін адамдардың тізімі жасалып, оларға құс тұмауынан қалай сақтануға болатындығы туралы арнайы сабақтар жүргізілді», - дейді республикалық санитарлық-эпидемологиялық станцияның бас дәрігері Кеңес Оспанов.

Қазақстан құс тұмауы дерті шыққан Қытай және Ресейдің бірқатар облыстарынан құс еттері мен жұмыртқа сатып алуға тиым салған болса, Еуропа елдері Қазақстаннан құс етін сатып алуға тиым салып отыр.
XS
SM
MD
LG