Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.13.2006 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда президент инаугурациясынан кейін үкіметтің отставкаға кететіндігі туралы, ал жаңа үкімет басшысының кім болатындығы алдағы кезеңде экономикалық саясат қалай жүрілетіндігіне қатысты сарапшылар пікірлері мен сараптамалық мақалалар тізбегі оқырмандар назарына ұсынылыпты.

«Жас Алаш» басылымы жұмалық санында осы тақырыпқа байланысты Даниял Ахметов үкіметінің ресми түрде отставкаға кеткеніне үш күн толғанын, ал қоғамда жаңа үкімет басына кім келеді деген сауал кімді де қызықтыратындай жағдайда екендігін жазыпты. «Казрейтинг» ұлттық агенттігі Д.Ахметов үкіметінің кәсіби деңгейінің төмен болғанын айтып, оның жұмысын үш деген бағамен бағалады, соған қарағанда Д.Ахметов қайтып үкімет басына келе қояр ма екен дейді «Жас Алаш». Жаңа үкімет басына келетіндер қатарында Зейнолла Кәкімжанов, Болат Өтемұратов, Григорий Марченко, Иманғали Тасмағамбетов, Аслан Мусин және Сауат Мыңбаевтардың аттары аталуда. «Жас Алашқа» берген сұхбатында белгілі әлеуметтанушы Сәбит Жүсіпов үкіметте айтарлықтай өзгеріс болмауы да ғажап емес деген пікір білдіріпті. Егер президент тыныштықты қаласа, онда Д.Ахметовты өз орнында қалдыруы да ғажап емес, не болмаса аймақтан біреуді әкелуі мүмкін. Мысалы, Аслан Мусин, Виктор Храпунов, Мәжит Есенбаев сияқты, ал Ахметжан Есімов онсыз да ойда жүрген кадрлардың бірі деген пікір айтады әлеуметтанушы Сәбит Жүсіпов. Ал егер президент экономиканың дамуына басымдылық берсе, онда Д.Ахметовтен гөрі бұл саланы жақсы меңгерген Сауат Мыңбаев не Зейнолла Кәкімжановты, не Қайрат Келімбетовты үкімет басына әкелуі мүмкін. Ал күтпеген жерден Өмірзақ Шөкеев не Әділбек Жақсыбеков те осы орынға жайғасуы ғажап емес деген бал ашыпты Сәбит Жүсіпов.

«Жас Қазақ» апталығы жұмалық санында атқарушы биліктегі ауыс-түйіс туралы Берік Тұрғанбекұлының мақаласын жарыққа шығарыпты. Мақала авторының жазуына қарағанда осы мәселеге қатысты болжамдарда қазір үш адамның аты аталып жүрген көрінеді. Олар - Қайрат Келімбетов, Зейнолла Кәкімжанов және Даниял Ахметовтың өзі болмақ. Алайда осы үшеуінің ішінен Д.Ахметов ең басты үміткер деп саналып отыр дейді газет тілшісі. Қалай дегенмен осы үш үміткердің жұмыс істеу тәсілдері, тактикалық ұстанымдары бөлек болғанымен бәріне ортақ қасиет - білімділік, біліктілік және кәсіби шеберлік, дейді Берік Тұрғанбекұлы өзінің «Жас Қазақ» басылымында жариялаған мақаласында. Ал «Ана тілі» басылымы үкімет басына, министрліктер басшылығына қазақша таза көркем сөйлей алатын ұлтжанды, білікті азаматтар келсе, алдағы жеті жылда қазақ ұлтының тілі, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті туралы мәселені алдыңғы шепке шығаруды басты мақсат етуіміз керек деп жазады.

Ал «Егемен Қазақстан» басылымы жұмалық санында Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан үкіметі туралы жарлығын жариялапты. Онда мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабының 1-ші тармағына сәйкес қазіргі үкіметтің өкілеттігінің аяқталуына байланысты жаңа үкімет құрамы бекітілгенге дейін бұрынғы үкіметке өз міндеттерін атқара тұру тапсырылыпты. Сондай-ақ осындай жарлық облыстар мен Астана және Алматы қаласының әкімдеріне де қатысты жарияланған. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» басылымы 2006-жылғы қаңтардың 10-ынан бастап рақымшылық жасау туралы заңның қолданысқа енгенін, соған байланысты 19 мыңдай адамға рақымшылық жасалатындығын жазыпты. Газеттің жазуынша бүгінгі күні Әділет министрлігінің 100 түзеу мекемесінде 43900 адам жазасын өтеуде.

Ал «Алтын Орда» басылымы осы жолы заңға сәйкес ең алдымен кәмелетке толмағандар, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек балалары бар әйелдерге, жүкті әйелдерге, зейнеткерлер мен мүгедектерге рақымшылық жасалатындығын жазыпты. Бұндай рақымшылық соңғы рет 2002-жылы 31 мыңнан астам адамға рақымшылық шарапаты тиіп, оның 10 мыңнан астамы түрмеден босапты. Бұл жолы Қазақстан осы рақымшылығы үшін халықаралық деңгейде біршама беделі көтерілмекші, алайда Әділет министрлігіндегілер темір тордың ар жағында бір бөлке нан үшін бес-алты жылды арқалап отырғандардың бар екендігін жоққа шығармауда. Десе де рахымшылық шарапаты тиіп түрмеден босағандарға қоғам құшағын жайып қарсы алғалы тұр деп айтуға ауыз бармайды, қайта сол күніне зар болып қалмаса деп жазады «Алтын Орда».
XS
SM
MD
LG