Accessibility links

Еуропадағы газ құбырларын бақылайтын «Газпромнан» кімге қауіп бар?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сонымен, Украина мен Ресей арасындағы газ бағасы жөніндегі тартысты мәселе, бірер аптаға жалғасқан дау-дамайдан кейін, бұрынғы баға екі есеге көтеріліп, ақыр соңында өзара келісімге қол жеткізілді.

Өз аумағымен Еуропа елдеріне Ресей газының 90 пайызын өткізетін Украина орыстар талап еткен 239 доллардан газ бағасын бір мың шаршы метр көгілдір отын үшін 95 долларға көндіруге қол жеткізді. Бірақ Ресей енді өзінің Украинадағы газ тасымал жүйесіне де ауыз сала бастады. Бұдан кейінгі кезек Ресеймен федерациялық одақ құрмақ Беларусь еліне де жақындап қалғандай.

Бірақ, Украина президенті В.Ющенконың саяси мәселе бойынша бұрынғы кеңесшісі Валерий Гладконың айтуынша, арзандау газ сатып аламын деп өз құбырларын Ресейге сату үлкен қателік болар екен.

- Ресейге құбырларымызды сату арқылы алдағы жылдары энергетикалық сектордағы қызметке бақылау жасау құқынан ажыралып қалуымыз мүмкін. Ресей Украинаның газ тасу жүйесін сатып алғанның өзінде бұл салаға ешқандай қаржы бөлмек емес. Орыстардың қалағаны – басқа бағыттармен жаңа құбыр жолын салып алғанға дейін уақыттан ұту, - дейді Валерий Гладко.

Сарапшылардың айтуынша, «Газпром» тіптен Мажарстан, Польшадан да газ жолдарын сатып алмақ болыпты. Бірақ олар Балтық аймағы жобасына тиісті болғандықтан аман қалған. Міне енді, Ресей газын тікелей Германияға дейін жеткізетін жаңа Солтүстік Еуропа газ құбыр жолы әлемдік қауымдастықтың назарына ілікті. Бұл газ жолы 2010 жылға дейін салынбақ.

Бұл жобаға байланысты өз сыбағасынан қағылатын Польша мен Балтық елдері Жаңа жобаны 1939-жылғы Герман-Советтік пактпен салыстырып отыр. Міне, осы көгілдір отын арқылы енді Ресей Грузия мен Арменияға да өз үстемдіктерін білдіре беретін түрі бар. Олардан газ бағасын төмендеу ұстау арқылы ол аймақтағы құбырларды жаңалауды талап етуде.

Бұл орайда грузиялық экономист Гиа Хухашвили украиналық әріптесі Гладконың пікірін қолдап былай дейді:

- Бұл құбыр жолы Грузияның болашақ энергетикалық қауіпсіздігінің көрінбес бір бөлігі. Ал оны өзге біреуге беріп қою қауіпсіздікке кесір болмақ. Газ бағасы жөніндегі жанжалдан кейін Еуропа аймағы қауіпсіздігі бойынша көп нәрсенің беті ашылды, - дейді Хухашвили.

Жалпы, Грузияның газ жүйесін Ресейге бермеу мәселесі АҚШ-тың тікелей қолдауымен кезінде пысықтап қойылған болатын. Бұл мәселе сондай-ақ 2005 жылы ақпанда Грузия мен «Газпром» арасында болған келіссөздерде талқыланып, Грузия өз мүддесін қорғап қалған.

Бұл арада АҚШ Мәскеудің Грузиядағы экономикалық ықпалына алаңдап отырған жоқ. АҚШ дер кезінде Каспий аймағындағы Шах Деңіз газ кеніштеріне жетерліктей үлкен көлемде инвестиция енгізіп қойған. Ол жоба бойынша 2007 жылға дейін салынбақ құбырмен Каспий газы Батыс Еуропа мен АҚШ-қа дейін жетпек. Дегенмен АҚШ-тың бір қорқатын тұсы - егер Ресей Грузия-Армения құбыр жолдарын иеленетін болса, онда ол жүйені Түркия мен Иранға дейін жалғастыруға қол жеткізуі мүмкін.

АҚШ өткен жылдың қыркүйек айында Грузиямен алдағы 5 жылға 295 млн долларлық көмек келісіміне қол қойған болатын. Оның 50 млн доллары газ құбыр жолдарын жөндеуге арналған. Вашингтон, енді, сол қаржы басқа бір өзге мақсаттарға жұмсалып кетпес пе екен деп алаңдаулы кейіпте қалып отырғандай.
XS
SM
MD
LG