Accessibility links

Оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының қамауда отырған екі мүшесі аштық жариялады


Қаңтардың 13-і күні Атырау қаласында, Қазақстанда былтыр желтоқсан айында өткен президент сайлауының нәтижелерімен келіспей, қаңтардың 11-күні осы қаладағы алаңдардың бірінде наразылық акциясын ұйымдастырған «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының бір мүшесі 10 күнге әкімшілік жауапқа тартылды. Ал сол жиынға қатысып, бұған дейін жауапқа тартылған 2 азамат қамауда отырып, аштық жариялады. Оларды қолдау ретінде аштық жариялау акциясын Атыраудағы басқа оппозиционерлер де жалғастыруды көздеп отыр. Бұл жайында «Азаттық» радиосына «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының Атырау облысындағы бөлімшесінен хабарлады.

Қаңтардың 11-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты түрде ант беру рәсімі өтіп жатқан кезде оппозициялық бағыттағы «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының 8 мүшесі сайлау нәтижелерімен келіспейтіндіктерін білдіріп, Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы алаңға шықты. Олардың арасында Нұргүл ДОСМАҒАМБЕТОВА да бар болатын:

- Біз қаңтардың 11-і күні президент инаугурациясы басталған уақытта, Атырау уақытымен сағат 09.45-те өзіміздің азаматтық құқығымызды білдіру үшін, еліміздің демократиялық ел болып саналатындығын пайдаланып алаңға шықтық. Бірақ, сағат 10.15-те заң орындарының қызметкерлері ешнәрсе түсіндірместен, бізді «Нива» машинасына тиеп, алып кетті.

Нұргүл бұрын-соңды әкімшілік жауапқа тартылмағандықтан, оған 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Ал, онымен бірге жиынға қатысқан Ғұбайдолла Шолақ Атырау әкімшілік сотының шешімімен 10 тәулікке қамауға алынған. Біз тәртіп бұзған жоқпыз, сондықтан, сот шешімі заңсыз деп есептейді Нұргүл Досмағамбетова:

- Заңсыз әрине! Қазақстан азаматы бола тұрып өз құқығымызды неге пайдалана алмаймыз?! Онда Қазақстан демократиялы ел, бізде сөз бостандығы бар дегеннің бәрін алып тастау керек. Мысалы, мен қолымда «Бізді 91 пайызға ақымақ етті» деген плакат қана болды. Ал Нұрайнаш деген қыздың қолында «Бұл сайлау - көзбайлау. Сайлау қайта өткізілсін!» деген плакат болды. Біз президент сайлауының заңсыздықтармен, бұрмалаушылықтармен өткенін айтқымыз келді.

Бұған дейін қаңтардың 12-сі күні наразылық жиынына қатысқан 3 азамат сот шешімімен жауапқа тартылған болатын. Бұл жөнінде Атырауда шығатын «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай ДОСПАНОВ былай дейді:

- Олар Азаттық пен Махамбет көшелері бойларында, Атырау облыстық ішкі істер басқармасынан 100 қадам метр жерде 25 минуттай тұрды. Содан кейін қалалық ішкі істер басқармасының бастығы ұстап алып кеткен. Ал қаңтардың 12-сі күні алдымен Бейсенғалиеваға судья Жұмағалиева 10 күн қамауға шешім шығарып, оны алып кетті. Содан кейін Сайфуллин мен Камалованы да прокурордың 5 тәулік қамауды сұрағанына қарамастан, судья Алмас Халықов оларды 10 күнге қамауға алуға шешім шығарды. Қазір 3 адам қамауда жатыр.

Қамауда жатқан екі азамат: Шолақ Құбайдолла пен Жамал Бисенғалиева аштық жариялаған. Себебі, олар өздерінің негізсіз жауапқа тартылғандарына наразы дейді «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының Атырау облысындағы басшысы Жалғас ТІКЕНБАЕВ:

- Бұл енді заңсыз ғой! Ешқандай да пикет болған жоқ. Плакаттармен тұрған адамдар бір көшенің бойында тұрған ғой. Бәрін бір топқа біріктіріп, соттап жіберді. Егер олар басқа бір, мысалы, коммуналдық қызмет бойынша талап қойса, оларды ешкім де соттамас еді. Бұл - таза саяси іс. Жоғарыдан «қысыңдар» деген нұсқау келіп отыр.

Егер олар сот шешіміне риза болмаса, жоғары орындарға шағымдана алады дейді осы істі жүргізген Атырау әкімшілік сотының судьясы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА:

- Шешімге риза болмаса, әрі қарай облыстық сотқа 10 күн ішінде шағым бере алады. Бірақ, егер шешім заңсыз болса, прокуратура наразылық білдірер еді.

Бейбіт жиын өткізгісі келетіндерге кедергі жасап, оларды жауапқа тарту арқылы Қазақстан халықаралық талаптарды бұзып отыр деп есептейді адам құқығы бойынша хартия қамқоршылар кеңесінің төрағасы Амангелді ШОРМАНБАЕВ:

- Сайлаудың алдында ғана Қазақстан азаматтардың саяси және азаматтық құқықтары туралы халықаралық пактіні ратификациялаған болатын. Сол уақыттан бері Қазақстан мынандай міндеттемелер алды: еркін жиын өткізу талабына орай осындай пикеттер өткізуге ешқандай рұқсат қажет жоқ, ешқандай жауапкершілік жүктемейді. Соған сәйкес Қазақстан әзірге халықаралық талаптарды бұзып отыр деп есептеуге болады.

Ал атыраулық 15 шақты оппозиционер тақау күндері қамауда жатқандар серіктеріне қолдау білдіру ниетте аштық жариялау акциясын ұйымдастырмақшы. Оларға Орал мен Ақтаудағы әріптестері қосылмақ ниетте.
XS
SM
MD
LG