Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.14.2006 жыл


Сенбі күні жарыққа шыққан “Егемен Қазақстан”, “Комсомолская правда - Қазақстан”, “Айқын”, “Түркістан” т.б. мерзімді басылымдар елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерге назар аударыпты.

“Айқын” басылымының соңғы санында: “Үкімет отставкаға кетіп қалыпты” атты мақалада осыған дейін көптеген басылымдар президент инаугурациясынан кейін, Конституция бойынша Үкіметтің автоматты түрде отставкаға кететіндігін, оның орнын басатын жаңа құрамында кімдер болатындығын айтып, түрлі болжамдар бергендігін, алайда бір қызығы, ол туралы уақытында, ресми орындар да тіс жарып, мәлімдеме жасамағанын жазыпты. Осы мәселеге назар аударған айқындықтар Конституциялық кеңеске хабарласып жауап ала алмаған себепті саясаттанушылар пікіріне жүгініп ҚР Үкіметінің қызметін тоқтатқандығын хабарлапты. “Экономика” айдарымен берілген “Газға кім иелік етсе біз соның әнін саламыз” атты мақалада: “Газ қоры бойынша әлемде 15-ші орынды иеленетін Қазақстанның жылына 20 миллиард текше метр газ өндіретіндігі айтылыпты. Автор осы 20 миллиард текше метр газдың 7 миллиардын өзіміз пайдаланып, қалғанын экспортқа шығарып жатқанымызға қарамастан оны әлемдік бағамен сата алмай қор болудамыз” дейді. Одан әрі автор: “ Алайда Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағы көгілдір отынға зәру, өйткені оған қанша жерден бай болғанымызбен бері қарай жеткізу мүмкін болмай тұр. Алыстағы шамның жарығына қызыға қарап жүріп жатқан жай бар. Өзіміздікіне қол жеткізе алмай, Ресей мен Өзбекстаннан газ сатып алудамыз” дейді. Сондай-ақ басылым бетіндегі “Отан жаңа технология іздеп жүр” атты мақалада: өткен президент сайлауында елбасына қолдау көрсету тапсырмасын тап тұйнақтай орындаған Отан партиясы алдағы Парламент Мәжілісіне сайлауға әзірлікті әзірден-ақ бастап кеткендігі айтылыпты.

“Егемен Қазақстан” газетінің бетіндегі “Кемтар балалар қажетіне түсіністікпен қарайық” атты мақалада Парламент мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев Маңғыстау облысындағы психологиялық-физиологиялық жағынан ауытқушылықтары бар 2248 кемтар балаға арналған бір де бір мектептің жоқ екендігін тілге тиек етіпті. Мақалада депутат: “2248 бала білім алу мүмкіндіктерінен, яғни өздерінің конституциялық құқықтарынан айырылып отыр. Табиғат кем қылып жаратқан жарымжан балаларымызға облыс бойынша бір мектеп салып бере алмағаныз елдігімізге сын”, дейді.

“Түркістан” басылымы сенбілік санында “Қарасуда 36 үй жарықсыз отыр” атты мақалада: Алматы маңындағы Қарасу елді-мекеніне қарасты “Новая” ықшам ауданында 36 отбасы қаланың іргесінде отырып-ақ теледидар көре алмай, тіпті киім үтіктеуге шамалары келмей қараңғыда қалып, жарықсыз отырғандығын жазылыпты.

“Комсомолская правда - Казахстан” басылымы 2006-жылғы қаңтардың 10-ынан бастап рақымшылық жасау туралы заңның қолданысқа енуіне байланысты 5 мың адамға рақымшылық жасалатынын жазыпты. Газеттің жазуына қарағанда, заңға сәйкес ең алдымен кәмелеттік жасқа толмағандар, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек балалары бар әйелдерге, жүкті әйелдерге, зейнеткерлер мен мүгедектерге рақымшылық жасалатындығы хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG