Accessibility links

Қазақстанда құс тұмауы дертінің алдын-алу шаралары жасалып жатыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан мамандары көктем шыға келуі мүмкін деп күтіліп отырған құс тұмауын дер кезінде анықтап, қажет шараларды қабылдауға дайындық бар деп отыр. Ол үшін үкімет үлкен қаржы бөліп, барлық облыстарда арнайы штабтар, шұғыл шара бригадалары құрылып, елді мекен тұрғындарына құс тұмауынан қалай сақтану керектігі туралы түсіндіру, ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді мамандар.

Қазақстан үкіметі күн жылына жыл құстарымен келуі мүмкін құс тұмауына қарсы тұруға дайындық ретінде – ауыл шаруашылық министірлігімен, денсаулық сақтау министірлігі, жергілікті әкімшілік атқаруы тиіс шаралардың тізімі көрсетілген арнайы қаулы қабылдап отыр. Ауыл шаруашылық министірлігінің Алматы қаласы бойынша бас ветеринарлық бақылаушысы Сейтхан Телтаев “дайындық жаман емес” дейді.

«Шұғыл шара жасайтын бригадалар құрылды. Олар грипп анықталған жағдайда қандай шаралар қолдану керектігін біледі. Мысалы, Алматыда біз дайынбыз, бірдеңе шыққан жағдайда адамдардың киетін киімдерін, т.б. алып дайындап қойдық. Тура сол сияқты бүкіл Қазақстанда да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дайындық бар, бірақ мен барлық жерде 100 пайыз дайынбыз деген мәселе емес, әйткенмен сәуір мен мамыр айына дейін бәрі дайын болады деп отырмыз», - дейді маман С.Телтаев.

Қазақстанда осыдан бір жыл бұрын құс тұмауын анықтайтын екі-ақ зертхана болса, қазір барлық облыстарда және Алматы мен Астанада, барлығы 17 арнайы вирусологиялық зертхана ашылыпты. Қазақстан үкіметі құс тұмауына бірден-бір дәрі деп, Швециядан 60 миллионнан астам теңгеге “Томифлюр” деп аталатын дәрі алып отыр және осыған қажет вакциналарды да сатып алу арзанға түседі дейді мамандар.

«Біздің лабораториямызда 300-350 кісіні анықтайтын жақсы диагностикамыз бар. Оны АҚШ мамандарымен бірлесіп жасадық. Бұрын біз ондай жағдайға жетпеп едік. Қазір біз өз мамандарымызды шетелдерде оқытып жатырмыз, жақсы-жақсы аппаратуралар сатып алып жатырмыз. Қазір біз, әрине құдай сақтасын, бірақ 3 сағаттың ішінде құс тұмауын алдын ала анықтауымызға болады», -дейді Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станция бас дәрігері Кеңес Оспанов.

Сондай-ақ ол құс тұмауы ең бірінші болып құс жолдарында орналасқан елді мекендерде анықталуы мүмкін екенін айтады.

«Қазақстанда 53 құс фабрикамыз бар, онда 7 миллиондай құс бар, оларды күтушілер бар деген сияқты, солардың арасында ең бірінші шығып кетуі мүмкін. Екінші шетелге барған адамдар әкелуі мүмкін, бірақ ондай жағдай құс тұмауының адамнан адамға жұғатын жағдайда орын алуы мүмкін, ал ондай жағдайлар әзірге дүние жүзінде әлі тіркелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша ауырған 147 адамның 78-і өлді ғой, соның бәрі де құстарды союға, қауырсындарын жұлуға, өңдеуге тікелей араласқан адамдар».

Адамдағы құс тұмауының белгілері кәдімгі тұмау сияқты болады екен. Ыстығы көтеріліп, жөтеліп дегендей, және оны арнайы зерттеу арқылы болмаса, құс тұмауы екенін анықтау да қиын көрінеді. Және жалпы тұмаудың вирустары тез құбылып, түр өзгертіп отырады дейді мамандар.

Құс тұмауының вирустары адам тұмауының вирустарымен будандасса, ең қауіптісі сол екен. Онда 19-шы ғасырда миллиондай адамның өмірін қиған “испанка” атты тұмау сияқты тұмау пайда болуы мүмкін. Қазірдің өзінде құстарда анықталған Н5N1 тұмауының ДНК тізбегі сол испанканың тізбегіне ұқсайды дейді мамандар. Әлем ғалымдары оның алдын-алу дайындығын жасап та жатыр дейді, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маманы Мұрат Усатаев.

«Құс тұмауының адамнан адамға берілу оқиғасы әзірге тіркелген жоқ, - дейді АҚШ-тың кеселдердің түрлерін бақылау аймақтық орталығының маманы Михайил Фаворов, - адамға құс тұмауын жұқтыру қаупінің күшейетін кездері - ауру құстарды күткенде, қиын жинағанда, етін өңдегенде орын алады. Осы уақытқа дейін байқалған бұл тұмауды жұқтыру оқиғалары соны көрсетіп отыр».

Құс тұмауын ТМД елдерінің ішінде былтыр Қазақстан бірінші болып басынан кешірді. Былтырғы тамыз айында Қазақстанның үш облысындағы көлдерден, атап айтсақ - Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында жабайы құстардың өлімі тіркеліп және олардан аса жұқпалы Н5N1 типтегі құс тұмауы анықталған соң, осы облыстардағы сегіз елдімекенде карантин жарияланған болатын. Олардың 4-еуіндегі карантин шаралары толық орындалып, қыркүйек айының басында олардан карантин алынып тасталды, қыркүйектің соңында аңшыларға құс атуға рұқсат берілген-ді.

Ал биылғы көктемде Қазақстанда құс атуға рұқсат болмауы мүмкін дейді мамандар. Былтыр құс тұмауы салдарынан Қазақстанда карантин жарияланған елді мекендерде барлығы 14 мыңдай тауық, үйрек, қаздар өртеліп, оған үкімет бюджеттен арнайы қаулымен 5 миллион теңге қаржы бөлетіндігін мәлімдеген еді. Мамандар биыл да құс тұмауы байқалған елді мекендердегі құстардың өртелетіндігін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG