Accessibility links

Бостандыққа шыққан Ғ.Жақиянов Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесіп, түрмеге қамалғанға дейінгі өз ұстаным-пікірін қазір де өзгертпегенін мәлімдеді


Қаңтардың 14-і күні Шідертіде өткен көшпелі сот шешімімен шартты түрде бостандық алған Павлодар облысының бұрынғы әкімі, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрушылардың бірі Ғалымжан Жақиянов қаңтардың 17-сі күні Алматыда бірқатар қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Алматыдағы ұлттық баспасөз клубына жиналған тілші, журналистер мен телеоператорлардан және осы баспасөз маслихатын тыңдауға келген өзге жұрттан ине шаншар бос орын болмады. Ғ.Жақиянов әуелі өзінің қазақстандық және шетелдік осыншама ақпарат құралдары өкілдерімен 4 жылдай уақыт өткен соң қайтадан аман-есен кездесіп отырғандығына шын қуанышты екендігін жеткізді. Бұдан соң ол алдағы жоспарлары туралы айта келе, өзінің бизнеске кетпейтіндігін, қоғамдық-саяси іс-қызметін одан әрі жалғастыру ойы барлығына тоқталды.

«Мен өз ұстанымымды өзгерткен жоқпын, саяси іс-қызметімді одан әрі жалғастыратын боламын. Осы елдің дұрыс демократиялық тұрғыда дамуы үшін өзгерістердің қажет екендігі кімге де болсын түсінікті болмақ», - деді ол өз сөзінде.

Ғ.Жақиянов сондай-ақ өзін қылмыс жасаған адам ретінде ешқашан мойындамайтындығын, ал саяси тұтқын деген атты өзіне халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар тарапынан берілгендігін айтты.

«Мен өзімнің ақтығымды дәлелдеу үшін Қазақстанның барлық сот жүйесіне қайырылдым, бірақ олардан келген жауап біреу болды, ол сол алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы болды. Алайда, алда талай заман, уақыт өзгереді, сол кезде менің кім болғанымды уақыттың өзі айтар», - деді Ғ.Жақиянов.

Баспасөз мәслихатында Ғ.Жақиянов алғаш өзімен бірге Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын бірге құрушы азаматтар туралы айта келе олардың арасынан алты жылға сотталып кейін бостандыққа шыққан қазір саясаттан гөрі бизнеспен айналысып жүрген Мұхтар Әбілязовты еске алды.

«Онымен қазір жақын байланысым жоқ, оның бизнесі жақсы жүріп жатыр деп естідім, олай болса оған тек жақсылық тілеймін. Ал Әлихан Бәйменов Шідертіде отырғанымда телефон арқылы бірнеше рет хабарласқан болатын, ал бостандыққа шығып келгелі әлі көрмедім», - деді Ғ.Жақиянов.

Оның айтуынша, алдағы күндері ол үшін ең маңыздысы ол туған-туыстарымен, дос-жарандары арасында тынығу, өйткені 4 жылдай уақыт түрмеде отырғандықтан айтылатын әңгімелер аз емес дейді ол. Қоғам қайраткері Болатхан Тайжан, Ғ.Жақияновтың бостандыққа шығуын елдегі жақсылықтың белгісі ретінде түсінетіндігін айтты. Ал зейнеткер Хайролла Адамұлы Ғ.Жақияновты болашақта халықты, елді бастайтын халықтың таңдаулы азаматы ретінде көргісі келетіндігін білдірді. Бұрынғы сенатор Зәуреш Батталова болса алдағы уақытта елде орын алатын саяси реформалардың, өзгерістердің басы ретінде Ғ.Жақияновтың бостандыққа шығуын алға тартатындығын жеткізді.
XS
SM
MD
LG