Accessibility links

Елдегі темір жолдармен жолаушылар тасымалдау жағдайына аталған саланың бірқатар мамандары наразылық айтады


Қазақстан темір жолдарындағы жолаушылар тасымалдау ісімен айналысатын бірқатар мамандар елдегі темір жолдармен жолаушылар тасымалдаудың қиындықтары күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын айтады. Дегенменде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметкерлері бұл айыптаумен келіспей отыр.

«Жолаушылартранс» компаниясына қарасты «Алатау» ЖШС-нің директоры Роза Шамсудинова өткен жылы Қазақстан темір жолындағы жолаушылар тасымалдау ісін жетілдіру мақсатында бірқатар шаралардың қолға алынғанымен бұл мәселенің аяғына дейін жетпегенін айтады. Оның пікірінше, қазіргі таңда елдегі темір жолдармен жолауышлар тасымалдау ісінде сын көтермейтін мәселелер бар. Жолаушылар тасымалдайтын вагондардың тозығы жеткен. Темір жолда техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Бір сөзбен айтқанда, жолаушыларға бар мүмкіндік жасалып отырған жоқ.

«Ал бұл мәселелерді талап ету барысында қызметімнен қуылдым, темір жолдағы жолаушылар тасымалын жақсартуға деп бөлінген 9 миллиард 9 миллион теңге қайда кеткені белгісіз. Нәтижесінде аталған сала сол қалпында қалып отыр», - дейді Роза Шамсудинова.

Алайда біз осы жайтқа орай «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына хабарласқанымызда, мекеменің Сағдан Байбосынов есімді қызметкері мәселенің дәл солайша ушығып тұрмағандығын, темір жолдағы жолаушылар тасымалы ісі біртіндеп түзеліп келе жатқанын айтты.

Дегенменде «Жолаушылартранс» компаниясына қарасты «Алатау» ЖШС-нің заңгері Арон Тампишев өздерінің елдің жоғары билікке жолдап отырған темір жолдағы қаржы мәселесіне қатысты жемқорлық беті ашылмаса, сотқа жүгінетіндіктерін айтады.

Сондай-ақ жолаушылар поездында жолсерік болып жұмыс істейтін Төлеш Көпжасарова жылдар бойы жолаушылар тасымалындағы проблемалардың қордаланып қалғандығын айтады.

Осы ретте біз Қазақстан аумағында темір жол транспортын көп пайдаланатын бір азаматтың пікірін білген едік. Сағындық Бекбосынов бұл ретте шын мәнінде мәселе күрделі екенін алға тартты.

Сонымен Қазақстан темір жолдарындағы жолаушылар тасымалдау ісімен айналысатын бірқатар мамандар бұл мәселені ел президенті мен үкіметке жолдайтындықтарын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG