Accessibility links

Қазақстанда газ бағасы қымбаттамақ


Жуырда Қазақстанда газ бағасы қымбаттайды. Бұл туралы Астанада қаңтардың 18 күні «Қазтрансгаз» компаниясының басшылығы хабарлады. Мамандардың түсіндіруінше, Ресей мен Украина арасындағы газ құны жөніндегі келіссөздердің шиеленісуіне орай, Өзбекстан жағы Қазақстанға беретін газ бағасын көтерген. Ал, кейбір бақылаушылар, біреуге тәуелді болмай, Қазақстанның өз жеріндегі газды мемлекетке де жеткізуге және экспортқа шығаруына мүмкіндігі жетеді деген пікір білдіреді.

Жуырда Өзбекстан мың текше метр газ үшін салынатын бағасын 42 доллардан 55 долларға дейін көтерді. Бірақ, өзге елдермен салыстырғанда Қазақстан үшін газ әлі де өте қымбат емес, дейді «Қазтрансгаз» компаниясының бас директоры Серік Сұлтанғалиев:

- Қазақстанның газын биылға сақтап қалдық. 55 долларға қол қойдық, өзбек бауырларымызбен. Сондықтан биылға аса шошитындай жағдай жоқ, тәуба.

Қазір Қазақстан газды негізінен Өзбекстаннан және тағы азғантай бөлігін Түркменстаннан сатып алады. Өзбекстанмен жасалатын келісім шарт тек бір жылға жарамды. Ал, елдің ішіндегі «Амангелді» кен орнынан алынатын газ тек Жамбыл облысындағы тұтынушыларға жетеді. Және мұнай тапқан кезде артылып шығатын газдың бір бөлігі Қызылорда өңіріне жеткізіледі. Сондықтан, осы екі облыста газ бағасы қымбаттамайды деген жорамал бар. Ал, саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, Қазақстан импортқа тәуелді болмауы керек:

- Газ мәселесінің дұрыс жолға қойылмай жатқандығына біз куәміз. Қаншама газ мұнай құбырларының қасында жағылып кетіп жатқандығы, экологияға зиян келіп жатыр. Сол байлықты жаратудың кешенді бағдарламасы керек.

Бірнеше облыс үшін газ қымбаттайды. Жеке меншік үйдегі 3 адамнан тұратын отбасы үшін газ тарифі 130 теңгеден 200 теңгеге дейін көтеріледі, дейді «Қазтрансгаз» компаниясының басшылығы. Дегенмен Қостанай өңірі мен Алматы қаласына бұл қатысты емес. Өйткені бұл өңірлер өз тұрғындарын өздері газбен қамтамасыз етіп отыр, дейді олар. «Қазтрансгаз дистрибюшн» компаниясының бас директоры Серік Шүкеевтың айтуынша баға бір ай ішінде көтерілуі мүмкін:

- Бір орташа жанұяға Оңтүстікте 108 теңгеге көбейеді. Оны біз монополияға қарсы агенттікке бердік. Олардың бір ай уақыты бар. Бір айға дейін біз газ бағасын көтермейміз. Ол кісілер қай уақытта бағаны нақты тапсырады, сол уақыттан бастап газдың бағасы өзгереді.

Алайда «Қазтрансгаз» компаниясының басшылығы айтып отырғандай Қазақстандағы газ көлемі елдегі тұтынушыларғада, экспортқада жіберуге жеткілікті. Бірақ, газды өңдеп, тасымалдау үшін үлкен инвестиция керек, дейді олар. Әйтседе, болашақта, яғни, келесі жылы Қазақстанның Батыс өңірінен Қытайға дейін газ құбырын салуды бастау жоспарланған, дейді «Қазтрансгаз» компаниясының бас директоры Серік Сұлтанғалиев:

- Жердің берген байлығы газдан да бар екен. Жердің астында газ байлығы өте көп. Бірақ, оның барлығына өте көп ақша керек.

«Қазтрансгаз дистрибюшн» компаниясының бас директоры Серік Шүкеев бұл туралы нақтырақ айтып берді:

- Газ мәселесі өзімізде болу үшін көп жұмыстар жасалып жатыр. Амангелді газ кеніші жұмысын жалғастырып жатыр. Екіншіден, газды Оңтүстікке тарту қолға алынып жатыр. Егер, сол мәселелердің барлығы орындалатын болса, онда Оңтүстік өңір газдан тәуелсіз болады. 2007 жылдан бастап мәселе қолға алынады.

Ал, саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, газ саласына көптеген инвесторларға жол жабық күйінде қалып отыр:

- Бізде ақша бар. Ұлттық қорда және отандық кәсіпкерлерде. Бірақ, инвестиция мәселесінің шешілмеуі пайдалы қазбалар саласына кім көрінген бара алмайды. Ашық тендерлік, ашық бәсекелестік жүйе қалыптаспаған. Инвестиция жоқ деп отырғаны желеу. Сол арқылы өздеріне керек салаға өздеріне керек адамдарды жолату үшін жасалып отыр.

Ал, осы саланы зерттеген экономист Валентин Макалкиннің айтуынша, Қазақстан әзірге Өзбекстанан газ сатып алуға мәжбүр. Өйткені Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне газ тартқан тиімсіз. Себебі Қазақстан территориясы үлкен, ал, тұрғындары аз, дейді ол.

«Қазтрансгаз» компаниясы «Интергаз Орталық Азия» кәсіпорнының 100 пайыз құнды қағаздарының иесі. Осы компания арқылы ол жыл сайын 190 миллиард текше метр газды өткізуге шамасы жететін, жалпы ұзындығы 10 мың шақырым құбырларды қадағалап келеді. Тарифті көтеріп отырған себебіміз осы, құбырды және жабдықтарды жөндеу керек, дейді «Қазтрансгаз» компаниясының басшылығы.
XS
SM
MD
LG