Accessibility links

«Хьюман Райтс Уач» адам құқықтар тобы: АҚШ лаңкестікпен күресте азаптау тәсілін пайдалануда

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы «Хьюман Райтс Уач» тобының сәрсенбі күні мәлімдегеніндей, АҚШ үкіметі терроршылықпен күресте тиімді құрал ретінде жазалау, азаптау, күш көрсету жолдарын пайдалануда.

Әлем елдеріне әйгілі бұл «Хьюман Райтс Уач» адам құқықтарын қорғау тобы жер шарындағы адам құқықтар мәселесімен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Биыл да бұл ұйым өзінің жылдық зерттеу негізіндегі баяндамасын жариялады. Сол жұмыс нәтижесінде бұл халықаралық ұйым тағы да кезекті рет, АҚШ-ты лаңкестікпен күрес барысында тұтқынға түскен азаматтарды азаптау тәсілін пайдаланып келеді, деп жариялады. Жалпы, «Хьюман Райтс Уач» ұйымы АҚШ-ты бұл орайда 5 жыл қатарынан сынап келе жатыр.

Ал бұл жолғы баяндамада АҚШ күштері Ауғанстан, Ирақ абақтылары және Гуантанамо бұғазындағы түрмеде жатқан тұтқындарды тергеу, тексеру кезінде асыра күш қолданғаны жазылған. Сондай-ақ, ондай заңсыз шараларды АҚШ өзінің өзге құпия лагерлерінде де пайдаланған, дейді «Хьюман Райтс Уач» тобы.

Мысалы, «Хьюман Райтс Уач» ұйымының директоры бұл орайда былай дейді:

«Терроршылыққа қарсы күрес деп жүріп, АҚШ адам құқықтарына деген жауапкершілікті назардан тыс қалдырып қойды. Лаңкестікпен күресте бірер табысқа жетеміз дегенімен мұның кері нәтижесін көріп отырмыз. Моралдық рухани жағдайда АҚШ өз беделін жоғалтып алды. Ал, бұл керісінше, терроршылардың қаһарын қайта қозғалтқандай болды».

Адам құқықтарын қорғау тобының бұл баяндамасына АҚШ та өзінің тиісті жауабын қайтарып жатыр. Ақ үй өкілі Скот МкКлеллан сәрсенбі күні «Хьюман Райтс Уач» ұйымының баяндамасындағы деректерді кері қағып, АҚШ Адам құқықтары саласында өзге кез-келген елден артық жұмыс істеп келеді деп мәлімдеді.

Айтпақшы, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс ханымның өзі де желтоқсанның сегізінде Брюсселде сөйлеген сөзінде, АҚШ-тық қызметкер ешқашан, ешбір елде, біреуді азаптауға құқылы емес деп жариялаған болатын.

«АҚШ-тық жауапты азаматтар өз президентінің саясаты бойынша ешқандай азаптау шарасын қолданбайды. Ал саясатта асыра сілтеу болуы мүмкін», - деген болатын К.Райс ханым.

Халықаралық Адам құқықтары ұйымның жылдық баяндамасында сынға іліккен тек қана АҚШ емес, басқа елдер де аталған. «Хьюман Райтс Уач» ұйымының бұл есебінде, Еуропа елдері де адам құқықтарын қорғау мәселесінде көптеген кемшіліктерге жол берген делінген.
XS
SM
MD
LG