Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.20.2006 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстан парламентіне 10 жыл толғандығына байланысты мақалалар және жаңа үкімет жайындағы мақалалар тізбегі оқырмандар назарына ұсынылыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы жұмадағы санында Қазақстан парламентінің тарихы және қазіргі жағдайы туралы сөз қозғапты. Мақала авторы Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев сонау 15-ші ғасырдан бастап қазақ даласында көне заманғы, өзіндік сипаты бар парламенттің болғанын, құрылтай мүшелерінің жылына екі рет жиналатын болғанын жазады. Қасым хан дәуірінен қазақ заңнамасының жинақтары жасалып кейіннен кеңес дәуіріне дейін 200 жыл қолданыста болған қазақ халқының өзіндік ата заңы іспетті Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» тарихи үлкен рөл атқарғанын айтыпты. Сондай-ақ ол Ресейдің алғашқы мемлекеттік думасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов, Бақытжан Қаратай, Мұқамеджан Тынышпаев секілді қазақтардың болғанын, олар сол кезде ұлттық мүдде туралы, қазақ халқының проблемалары туралы құнды ұсыныстар мен терең ойлар айтқанын жазыпты. Бүгінде Қазақстан парламенті заң шығарушы ең құзырлы, өкілді орган ретінде өз жұмысын жүргізіп отыр дейді Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев өзінің мақаласында.

«Қазақ Әдебиеті» газеті парламенттің 10 жылдығына арнап «Ел көзқарасының айнасы» деген атпен мақала жариялапты. Газеттің жазуынша осы он жыл ішінде әр сайланған парламент өздеріне тиесілі, белгілі бір кезеңге тән міндеттерін орындаған. Бірінші сайланым депутаттары екі палаталы парламент жұмысын жолға қойса, екінші сайланымдағы депутаттар парламенттің президентпен, атқарушы билікпен ықпалдаса жұмыс істеуіне байланысты мол тәжіріибе жинақтаған, ал үшінші сайланған парламент заң шығаруда биік белеске көтерілер деген сенім бар деп жазады «Қазақ Әдебиеті». Осы он жыл ішінде парламент мәжілісіне 1619 заң жобасы келіп түсіп, оның 1221-і қабылданып, президент қол қойған. Қабылданған заң жобалары халықтың көз алдында қоғамның дамуына қызмет етіп келеді деп жазады «Қазақ Әдебиеті».

«Айқын» басылымы жұма күнгі санында Қазақстан парламентінің 10 жылдығын мерекелеу салтанатына қатысу үшін сонау Грузиядан ат шалдырып келген Грузия парламетінің басшысы Нино Бурджанадзенің Грузия Қазақстанды ең сенімді әріптесі ретінде көретіндігін айтқанын жеткізіпті. Ол Грузия президенті Михаил Саакашвилидің Грузия үшін нөмірі бірінші инвестор Қазақстан деген пікірін Грузия парламентінің басшысы, екі баланың анасы Нино Бурджанадзе Астанада тағы да қайталады деп жазады «Айқын» басылымы жұмадағы санында. Газеттің жазуынша, Грузия басшылары мен саясаткелері үшін екі алып империяның арасында жатқан Қазақстанның өз шекарасын анықтап, белгілеп, сол алып елдерге мойындатып алғаны үлкен, тарихи іс болған. Ал кішкентай Грузия болса Ресеймен арадағы небәрі 400 шақырымдай жерді әлі күнге дейін шеше алмай отыр. Грузия үшін бұл өте маңызды болғанымен, Ресей бұған жөнді мән бермей отырғанын әдейі байқатуда дейді газет. Газеттің жазуынша Қазақстан парламентінің бұл он жылдық мерейтойына Ресейден мемлекеттік думаның вице-спикері Владимир Пехтин бастаған топ қатысуда. Ол Қазақстан қалаулыларын алдағы көкек айында болатын Ресейдің Госдумасының 100 жылдық мерейтойына шақыра келіпті. Тұңғыш ГосДуманың депутаттары қатарында қазақ халқының асыл ұлдары болғанын жақсы білеміз депті ол. Ал қазақ парламентінің осы мерейтойына қырғыз ағайындар тобын басқарып келген Жогоргу кенештің спикері Омурбек Текебаев Қырғызстанда Қазақстан үшінші орындағы инвестор екендігін еске салып, бермесең, алмасаң сарт боласың, ал келмесең, бармасаң жат боласың деген қағиданы ұстап келгенін жасырмады деп жазады «Айқын» басылымы.

«Жас Қазақ» апталығы жұма күнгі санында жаңа үкіметке байланысты «Премьердің жаңа премьерасы» деген тақырыппен сараптамалық мақала басыпты. Тәуелсіз Қазақстан осымен жетінші премьерді басынан кешіріп отыр. Олардың әрқайсысына халық істеген жұмысына қарай ат қойып, айдар таққан болатын. Мысалы, Терешенконы латифундист, Қажыгелдинді сатушы, Балғымбаевты мұнайшы, Тоқаевты дипломат десе, Тасмағамбетовты жұрт гуманист дейтін. Ал Даниял Ахметовты ел шаруа деп жүр деп жазады «Жас Қазақ». Сонымен Ахметов осы жолы үкімет тізгінін қайтадан қолына алды. Кейбір сарапшылар Ахметов үкіметі ұзаққа бармайды, мықтағанда жазға салым немесе қара күзде ат ауыстыратындығын айтып жүр, бұл сөздің де жаны бар болуы керек, өйткені президент жаңа үкіметке жұмыс жақсартуға алты ай уақыт мұрша беріп отыр деп жазады «Жас Қазақ».

«Central Asia Monitor» басылымы жұмалық санында жаңа үкімет құрамында көп өзгеріс болмады, бір-екі министрдің ауысуын қоспағанда, бірақ бір қызық жайт ол Д.Ахметовтың жалғыз оң қолы болып, яғни жалғыз орынбасары болып Кәрім Мәсімовтың тағайындалғандығы, соған қарағанда ол бұрынғы үш орынбасардың жұмысын жалғыз атқаратындай мықты болғаны қой, қәзіргі жаңа үкімет құрамына қарап отырып, орыстың шабулға кілең қариялар бара жатыр деген әйгілі ескі филімі еске түседі дейді САМ.
XS
SM
MD
LG