Accessibility links

Британ кеңесінің ұйымдастыруымен Алматыда музыка апталығы басталды


Қаңтардың 20 күні Алматыда Британ Кеңесінің ұйымдастыруымен “Ноталар арасында” атты жоба басталды. Бір аптаға созылатын бұл жоба аясында британ музыканттары түрлі бағыттағы музыкамен шұғылданып жүрген балалармен, білім алып жатқан жастармен жұмыс істейді. Осы арқылы қазақ және британ музыканттары кәсіби мамандар мен музыка сүйер азаматтар арасын жақындатуды көздейді.

Британ Кеңесі бір апта бойы Алматыда кәсіби музыканттар мен музыкант боламын деп жүрген жастар және музыка сүйер қауымның басын біріктіретін жобаны бастады. “Ноталар арасында” атты жоба барысында музыканттар түрлі бағыттағы музыканы араластырып, яғни классикалық, джаз, Үндістан, Африка ырғақтарын, поп, рок музыкаларды біріктіріп, одан қандай нәтиже шығатынын анықтағысы келеді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының проректоры Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, музыка күші арқылы балалар мен жастар арасында өнер мен музыканы насихаттап, үгіттеуге болады. “Ноталар арасында” жобасына түрлі музыканттар мен түрлі адамдар қатысады. Бір апта ішінде бұл музыканттар өз өнерлерімен бөлісіп, түрлі музыкалық туындыларды орындамақшы.

“Осы арқылы бір ғажайып шығармаға қол жеткіземіз”, - деді “Ноталар арасында” жобасының жетекшісі Мэтью Барли.

Бір апта аясында музыканттар тек өз әріптестерімен кездесіп ғана қоймай, түрлі жастағы балалар мен мүгедек бүлдіршіндермен де кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Себебі, біздің мақсатымыз - кәсіби мамандар мен музыка сүйер қауым және балалар мен ауру балалар арасындағы шекараны бұзу, дейді жобаны ұйымдастырушылар.

«Осы арқылы біз жаңадан таланттар табуға да мүмкіндік аламыз”, - дейді жобаның демеушісі болып саналатын компания өкілі Лариса Сложеникина.

“Ноталар арасында” атты жоба аяқталғаннан кейін британ музыканттары Алматыдағы тыңдармандарына арнайы концерт береді. Онда көп жылдан бері музыкамен шұғылданып жүрген мамандар өз тыңдармандарына өнерін көрсетеді деп күтіліп отыр.
XS
SM
MD
LG