Accessibility links

Үкімет Қазақстанда туристік бизнесті дамытуды көздеп отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Индустрия және сауда министрлігі алдағы жылдары Қазақстанда туризмді дамытуды қолға алып, ол үшін «Туристік қызмет туралы» заңға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін білдірді. Бұл мәселеге туристік компания өкілдері мен экономист-мамандардың пікірлері түрліше болып отыр.

Қазақстанда туризмді дамытудың 2010 жылдарға дейінгі бағдарламасын жасап шыққан елдің Индустрия және сауда министрлігінің Сауда және туристік қызметті үйлестіру жөніндегі комитетінің басшылығы үстіміздегі жылдың аяғына дейін «Туристік қызмет туралы» заңға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу уақыт талабынан туындаған қажеттілік екенін алға тартып отыр. Мұнда негізінен шетелдік туристердің Қазақстанда демалу мен елмен танысу мақсатындағы құқықтары толық қорғалып, бұрынғы кедергі келтіретін бірқатар шектеулердің алынып тасталуы көзделген. Сонымен қатар жергілікті атқару органдары туристік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жасауға атсалысуы қажеттігі атап көрсетілген. Бұл жайттарға өз көзқарастарын білдірген қазақстандық туристік компания өкілдері мен экономист мамандар түрліше пікірлерін білдіріп отыр.

Туристік бизнес саласына маманданған ғалымдардың бірі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов ел тәуелсіздігін алғаннан бері шешімін таппай келе жатқан сала – Қазақстанға туристерді тарту мәселесі енді қолға алына бастауы кеш те болса құптарлық қадам екенін айтады. Болашақта мүмкін бұл сала елде дамып кетсе, мемлекеттің экономикасына да өз үлесін қосатын бизнестң көзіне айналуы мүмкін дейді ол.

Дегенмен бұл мәселе турасында біз әңгімеге тартқан туристік компания қызметкері Динара Кемелбаева шетелдіктерді турист ретінде Қазақстанға тартудың құқықтық, заңдық жағын дұрыстағанымен, елдегі сол туризмді дамытуға кедергі болып отырған демалатын орындардың жай-күйі қазіргі қалпында қала берсе, бұдан ештеңенің өзгермейтінін айтады. Ал экономика саласының сарапшысы Ілияс Исаев елдегі туризмді дамыту бизнес ретінде емес, Қазақстанды шетелдік азаматтарға таныту тұрғысында ғана өзін ақтайтындығын айтады. Индустрия және сауда министрлігінің Сауда және туристік қызметті үйлестіру жөніндегі комитетінің деректері бойынша, өткен жылы Қазақстанға іскерлік туризм мақсатында 4,3 миллион азамат келіп кеткен екен.
XS
SM
MD
LG