Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қорғас» кеден бекетінде сыбайласқан қылмыстық әрекеттерді әшкерелегенін мәлімдеп отыр


Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде ай сайын 3-4 миллион доллар заңсыз айналымда болған. Бұл туралы 24 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы хабарлады. Олардың айтуынша, бекет басшысы ақшаның бір бөлігін пара беру үшін дайындаған. Алайда, ақшаның кімге дайындалғандығы белгісіз.

Комитет басшыларының айтуынша, Қазақстан-Қытай кеден өткелдерінде кәсіпкерлерден ұзақ уақыт бойы ақша талап еткен қылмыстық топ ұсталған. Ол топқа «Қорғас» кеден бекетінің бастығы Жұмабеков жетекшілік еткен деп күдіктеледі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы айтып өткендей, кедендік рәсімдеуден еш кедергісіз өту үшін, әрбір жүк көлігінен 4 мың долларға дейін алынған. Бұл бекеттен жыл сайын орта есеппен 12 машина өтеді. Топқа полиция қызметкерлері және «Атабалықтар» мен «Төрт ағайынды» деп аталатын қылмыстық топтар көмек көрсеткен деген ақпарат таратылды. Күдіктеліп отырған қылмыстық топ бірнеше жыл бойы кәсіпкерлерден заңсыз ақша алып отырған. Онда неліктен бұл тексеріс кеш басталды деген «Азаттық» радиосының сұрағына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға орынбасары Қозы Көрпеш Қарбозов былайша жауап берді:

- Қылмыстық әрекеттер соңғы жылдары болып келген. Негізінген бұл Қаржы полициясы мен Кеден комитетінің жұмысы - осыны ашып, шара қолдану. Біз өз бастамамызбен барып тексерсек, осындай жағдай болған екен. Сондықтан біз осындай операция өткіздік. Жалпы, бұл жұмыс Қаржы министрлігінің ішкі жұмысы. Егерде, олардың күші жетпей жеңілдеу тексерсе, онда, әрине, біз араласамыз.

Кеден комитеті төрағасының орынбасары Тілеген Сүнтаевтың айтуынша, кеден бекеттері қазіргі заманға сай жабдықталған, онда әр көліктің қозғалысы қадағаланып отырады.

«Оның үстіне көліктен алынатын ресми төлемдер өсіп келеді. Сондықтан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айтқан сандары біз үшін адам сенгісіз», - деді кеден комитетінің өкілі.

Қаржы полициясының баспасөз қызметкері Виктор Карташев бұл туралы ақпаратты әзірге бере алмайтындығын жеткізді, өйткені, жемқорлықпен күрес департаменті мамандарының қолы бос емес, деді ол.

Топқа астыртын енген комитет қызметкерлері анықтағандай, қылмыстық топта әр мүшенің қызметі нақты бөлінген. Мысалы, полиция ақшаның тасымалдау қауіпсіздігіне жауап берсе, топтың басқа мүшелері кәсіпкерлерге күш көрсеткен. «Кассирлер» ақша жинаумен айналысқан. Апта сайын жиналған қаржы топ мүшелері арасында бөлінген. Ақшаның бір бөлігі полиция өкілдеріне, «кассирлерге» және басқа мүшелерге берілген. Ақшаның қомақты бөлігі кеден бекетінің бастығы Жұмабековке беріліп отырған. Болжам бойынша ол бұл ақшаның бір бөлігін пара беруге дайындаған. Пара кімге арналған және кеден комитетінің жауапкершілігі бар ма деген «Азаттық» радиосының сұрағына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға орынбасары Қозы Көрпеш Қарбозов былайша жауап берді:

- Жұмабековтың осы ақшаны қайда жібергені тексерілуде. Осы қылмысқа байланысы бар адамдар анықталып жауапқа тартылуы тиіс, біздің ойымызша. Әр мемлекеттік мекеме өзіне тиесілі жұмысын атқару керек. Осы қылмыстық топты анықтау, оның өз қызметкерлерінің немен шұғылданып жүргенін барлығын сол кеден агенттігінің басшылары ойлау керек. Олар атқармай отыр деп ашықтан айтуға тура келеді.

Кеден комитеті төрағасының орынбасары Тілеген Сүнтаевтың айтуынша, оның қолына ресми және ресми емес жолдармен түскен материалдарда айтылғандай, «Қорғас» кеден бекетінде кәсіпкер өз танысына 3 мың доллар бергендігі ғана анықталған.

Қазір топтың 16 мүшесі қамауға алынған. Олардың қатарында кеден бекетінің бастығы, Алматы ішкі істер департаментінің өкілі, Алматы облыстық кеден департаментінің маманы бар. Ұсталғандардан зергерлік заттар, 4 миллион теңге, жарты миллион доллар және 9 шетелдік машина тәркіленген. Комитет басшыларының айтуынша, бұл ақша тек бір аптаның ішінде заңсыз жолмен табылған. Топ мүшелерін ұстау барысында «Төрт ағайынды» қылмыстық тобының жетекшісі қолға түскен. Ал, «Атабалықтар» тобының жетекшісі деп күдіктелген адам ұстау барысында жүрегі қысылып қайтыс болған. Қалған күдіктілердің кінәлары дәлелденсе олар тек бір іс бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуға тиіс.

Комитет басшыларының айтуынша, жемқорлықпен күрес президенттің тапсырмасымен жүргізіліп келеді. Бақылаушылар жемқорлықпен күрес шаралары барысында орта шендегі шенеуніктер тұтылып, қалғандары құтылып жатады деген пікірде. Кейбір сарапшылар «Трансперенси интернешнл» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша Қазақстан жемқорлық кездесетін елдердің тізімінде әлі де соңғы орындарда келеді деп отыр.
XS
SM
MD
LG