Accessibility links

Мақпал Жүнісова марқұм күйеуінің өліміне қатысты тергеу ісімен өзінің таныса алмай отырғанына шағым айтады


12 қарашада белгісіз жағдайда өз үйінде қаза болған белгілі саяси тұлға Заманбек Нұрқаділовтың зайыбы Мақпал Жүнісованың Алматыдағы Алмалы аудандық сотына жазған шағымы қаңтардың 24-і қаралмады.


Ол шағымда Мақпал ханым соттан өзін жәбірленуші деп тануын өтінген болатын. Нұрқаділовтар жанұясының жақтаушысы Серікқали Мусиннің айтуынша, шағымның бүгін қаралмауының себебін “бұл істі сот биі жабық жағдайда өткізбек болған әрекетіне біз наразылық ретінде залды тастап шығып кеттік” деп түсіндірді.

Марқұм Заманбек Нұрқаділовтың зайыбы Мақпал ханым мен осы жанұяның жақтаушысы Серікқали Мусин Алмалы аудандық сот биі Лейлә Көшербаеваның қабылдау бөлмесін тастап шығуына байланысты 24-ші қаңтардағы сот ісі белгісіз уақытқа кейінге қалдырылды.

“Сот биі сұхбатқа деп шақырып алып, шын мәнінде істі қарауға кірісті. Бұл Азаматтық процессуалдық кодекске қарсы. Біз ондай сұхбаттан 12 қаңтарда өтіп, 24-ші қаңтарда сот ісі қаралады деп келіскенбіз. Біз осы жағдайды айтып және сот ісі шын мәнінде қаралатын болса бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен ашық жағдайда өтуі керектігін алға тартып, наразылық ретінде шығып кеттік. Енді олар бізге сот ісі қай күнге белгіленгені анық көрсетілген повестка жіберуі керек. Біз соны талап еттік”, – дейді Нұрқаділовтар жанұясының жақтаушысы Серікқали Мусин.

Ал Заманбек Нұрқаділовтың жесірі Мақпал Жүнісова осы іске байланысты былай дейді:

“Зәкеңнің өзін-өзі атып өлтірді дегенге мен басынан бастап келіспеген болатынмын. Бұл кісілер маған “бұл істе сіз бірінші көрген адам ретінде, куәгер ретінде өтесіз де жәбірленуші ретінде өтпейсіз” деп айтып, бүкіл жүріп жатқан істермен мені таныстырмай отыр. Сондықтан мен оған өзімнің келіспейтіндігімді білдіріп, заңды әйелі ретінде, жәбірленуші ретінде мені іске араластырсын деп осы сотқа шағым жазғанмын. Егер де менің шағымымды аудандық сот қабылдамаса, мен бұдан да жоғарғыларына шағымданамын. Ал бүгін іс қаралған жоқ, енді олар менің жақтаушы адамдарымды, баспасөз өкілдерін кіргізбей өздері жәй шеше салғысы келді, бірақ оған менің адвокатым «заң бұзып жатыр» деп көнген жоқ, сондықтан мен де адвокатыммен келісемін”.

Шағымданушы Мақпал Жүнісоваға қолдау көрсетуге келген көпшілік атынан Алмалы аудандық сот төрағасы Сейітов мырзаға да шағым түсіреміз дейді оппозиция өкілі Маржан Аспандиярова:

“Кез-келген сот көпшіліктің, баспасөз құралдарының қатысуымен залда ашық өтуі керек. Ал Алмалы аудандық сотының судьясы Көшербаева ханым заңды бұзғысы келгендігі үшін ол жауапқа тартылсын деп, біз көпшілік атынан, БАҚ өкілдерінің атынан аудандық сот төрағасы Сейітов мырзаға шағым түсіріп отырмыз”.

Мақпал Жүнісова ханым өзінің марқұм жұбайының өліміне қатысты бұл сот ісіндегі тергеу-тексеру шараларында тек куәгер ретінде қатысып жүргендіктен, ол осы іске қатысты құжаттармен танысуда, не өзі келіспейтін тұстарына шағым түсіру хұқықтарынан шектеу көріп отыр. Қазақстан заңы бойынша сот ісімен танысуға тек жәбірленушінің хұқығы бар. Бұл істе ондай хұқықты сот Заманбек Нұрқаділовтың баласы - Қайрат Нұрқаділовқа берген.

Бұған дейін Қайрат Нұрқаділов әкесінің қазасына байланысты республикалық “Хабар” агенттігіне берген сұхбатында, бұл «қайғылы қазаның төңірегінде даурықпа, дау-дамайдың қажет еместігін және алдын-ала тергеу-тексеру органдарының іс-әрекеттеріне толық сенетінін» айтқан болатын. Ал Мақпал ханым «не алдын-ала тергеу-тексеру органдарының құжаттарымен не экспертиза нәтижелерімен танысуға хұқығым жоқ, сондықтан жиналған құжаттарда қандай нәрселердің ескерілгенін, ненің ескерілмегенін білмеймін» дейді.

Ресми билік осы іске байланысты жүргізген 15-тей экспертизаның және басқа да куәлардың берген түсініктемелерінің нәтижесін қортындылап, Заманбек Нұрқаділовтың қазасын «өзіне-өзі қол жұмсау» деп бағалап қойған. Нұрқаділовтар жанұясының жақтаушысы Серікқали Мусин бұл істің әлі жабылмағанын және қазір барлық құжаттар Алматыдағы психолого-психатриялық сараптама орталығында жатқанын айтады. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, егер билік психатриялық сарапшыларды тарта отырып бұл істі тағы да «өзіне-өзі қол жұмсау» деп тапса, сонымен бұл сот ісі жабылып қалмақ.
XS
SM
MD
LG