Accessibility links

Қырғызстанның оңтүстігіндегі аяғынан тік тұрған Жалалабад облысына оның бұрынғы әкімі Жүсіпбек Жейенбеков дүйсенбі күні кешкісін президент Құрманбек Бәкиевпен Бішкектегі кездесуінен кейін жеңіспен оралғанын мәлімдеді. Алайда Жалалабад облысы жұртшылығының оған кең қолдау көрсетіп, өзінің күш-жігерін көрсетуіне қарамастан, әкімнің саяси болашағы бұлыңғыр күйінде қалды. Дүйсенбі күні жүздеген адам Жүсіпбек Жейенбековті әкімдіктен аластатқан президент Қ.Бәкиевтен өзінің жарлығын қайта қарап, оны қызметінде қалдыруын талап етіп шеруге шықты. Наразылық шеруін басу үшін орталықтан полицияның қосымша күші тартылған жоқ. Дегенмен де, Бішкектегі орталық биліктің шешіміне елдің оңтүстігіндегі облыстың қарсы тұруы – Қырғызстандағы саяси тұрақтылық ахуалына еріксіз назар аудартады.

Жүсіпбек Жейенбековпен кездесуінен кейін президент Құрманбек Бәкиев С.Петерборға қарай жоспарлы сапарына онша алаңдамай-ақ аттанды. Алайда, Жалалабад облысының әкімі Ж.Жейенбеков ең болмағанда әзірше лауазымында қалатынына сенеді. Ол дүйсенбі күні кешкісін Бішкекте президент Қ.Бәкиевпен арадағы кездесуі барысында өз мәселесінің оң шешілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, президент оған бұрынғы лауазымында қалуға бұйырған, ал АКИ-Пресс агенттігі әкімнің “міндетін атқарушы” болып қалатыны туралы Ж.Жейенбековтің сөзін келтірді. Қ.Бәкиев пен Ж.Жейенбековтің арасындағы әңгіменің жай-жапсары белгісіз. Президенттің өкілі Досалы Есенәлиевтің хабарлауынша, Ж.Жейенбеков басқа лауазымға отыруға келісімін берген. Тағы да АКИ-Пресс агенттігінің хабарлауынша, Ж.Жейенбековтің орнына отыруға тиіс болған Талас облысының әкімі Ескендірбек Айдарәлиев осы қызметінде қалады. Бұл жаңалық – Е.Айдарәлиевтің басқа облысқа тағайындалуына наразы болған Талас облысының тұрғындарын сабасына түсірген сияқты. Кейбіреулер тіпті бейресми жиын өткізіп, оны “халықтың әкімі” жариялады.

Барлық дау-дамай Жалалабад облысының әкімі Ж.Жейенбековтің солтүстік-шығыстағы Талас облысына әкім болып тағайындалғаны хабарланған өткен аптада – 20-сыншы қаңтар күні бұрқ етіп шықты. Ж.Жейенбеков пен оның үзеңгілестері әкім лауазымына өткен жылғы түрлі-түсті төңкерістен кейін отырған әкім – облыс тұрғындары сайлаған әкім деп мәлімдеді. Сол кезде Жүсіпбек Жиейенбеков туған Жалалабад облысынан басқа облысқа ауыстырылуына риза болмады және “Азаттық” Радиосының Қырғыз редакциясына берген сұхбатында осы көңіл-күйін жасырмады.

“Мен ештеңеден қорықпаймын. Бірақ мен үшін ауыр болғаны – маған ештеңе айтпастан, хабарламай істегені - маған моральдық соққы болды. ...үн шығармай, сағат 12-де, жаңалықтардан жариялауы – мен үшін аямай жүрегіме тиді. Бірақ мен енді Қырғызстанның келешегі үшін, Қырғызстанның тыныштығы үшін шамам келгенше әрекет етемін”, - деген еді Жүсіпбек Жиейенбеков.

Журналистерге Ж.Жейенбеков өзінің Жалалабадтағы қызметін тастаудан бас тартып, өзін қолдаған халықты жұбатуға бел буғанын айтты. Наразылық шеруі 23-інші қаңтарда күні бойы жалғасып, келесі күні біршама тынышталғандай болды. Ж.Жиенбековтің наразылығы оның атынан көшеге шыққан халықтың сөздерінен анық байқалды. Шеруге шыққан әйелдердің бірі кімнің не талап етіп жатқанын байқату үшін, тіпті, өзінің аты-жөнін де жасырмады.

“Құрметті президент Құрманбек Бәкиев, біз Сізден сұраймыз: Сіз Ж.Жейенбековті орнына қоясыз! Қоймасаңыз, ел болып көтерілеміз! Болды, Құлпынай Сұлтанова!”, - деді бұл әйел.

Өткен жылдың наурыз айында А.Ақаевты биліктен қуған халық толқуына дем берген Қырғызстанның оңтүстік облыстары тыныштық пен тұрақтылықты бастан кешкен күндер де болды. Осы облыстан шыққан ірі кәсіпкер мен парламенттің депутаты өткен жылы жазда қастандықтан көз жұмды. Оған қоса, көрші Өзбекстандағы “Әндіжан қырғынынан” қашқан өзбек босқындарының осы өлкені паналауы – өзбек үкіметінің “Оңтүстік Қырғызстан - ислам топтарының ордасына айналды” деп айыптауына сылтау болды. Шекараға жақын Қарасу қаласындағы базар талай рет жаппай тәртіпсіздіктің сахнасына айналды. Президент Қ.Бәкиев Оңтүстік Қырғызстанда аяғын ақырын басуға мәжбүр болатын тәрізді. 19-ыншы ғасырда орыс патшасының басып алуынан кейін әлдеқайда жақсы дамып, халық тығыз тұратын солтүстікке қарағанда, Қырғызстанның оңтүстігі – түрлі халық пен көне қалалардың жиынтығы. Бұл өңір, сондай-ақ, исламның тірегі болып табылады және 1990-ыншы жылдардан бері Орта Азияны дүрліктірген қақтығыстың куәсі болды. Сонымен қатар Оңтүстік Қырғызстан – президент Қ.Бәкиевтің ең табанды қарсыластырының туып-өскен жері, олардың ішінде облыс әкімі Жүсіпбек Жейенбеков те бар.
XS
SM
MD
LG