Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.25.2006 жыл


Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің жұмысын қатты сынға алғанымен, не себептен оның өз орнында қалғандығына байланысты болжамдар жасалыныпты. Кейбір сарапшылардың айтуынша, егер Н.Назарбаев президенттік сайлауда басқа нәтижемен жеңіске жеткен жағдайда, өзінің қарсыластарымен ымыраға келу үшін оппозиция өкілдеріне Үкімет құрамынан бірнеше орынды үлестіріп беруі мүмкін еді. Алайда, Президент абсолюттік жеңіске жеткеннен кейін, шын мәнісінде коалициялық үкімет құру мәселесі өз-өзінен жоғалған.

“Айқын” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметте кадрлық өзгерістер жасамауының себебін, қазіргі үкіметтің өз реформасын толық аяқтай алмағандығымен түсіндіріпті. Саясаттанушының пікірінше, егер Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлауда басқа нәтижемен жеңіске жеткен жағдайда, өзінің қарсыластарымен ымыраға келу үшін оппозиция өкілдеріне Үкімет құрамынан бірнеше орынды үлестіріп беруі мүмкін еді. Алайда, Президент абсолюттік жеңіске жеткеннен кейін, шын мәнісінде коалициялық үкімет құру мәселесі өз-өзінен жоғалған. Газет тілшісіне берген сұхбатында Ерлан Қарин Даниял Ахметовтың басқарған үкіметінің соңғы уақыттары бірқатар қателіктердің жіберіп қойғандығына тоқталыпты. Атап айтқанда, бағалардың өсуімен үкімет күресе алмаған. Тағы бір кемшілік, көптеген ақшалар игерілмей қалған. Оның үстіне көптеген аймақтарда әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілмеген. Ауыз су мәселесі немесе әлеуметтік жағынан қамсыздандырылмаған, топқа көмек көрсету, оралмандарға пәтер беру ісінде кемшіліктер көп. Ерлан Қариннің пікірінше, Президент осы қателіктерді жоюға, жаңа жетістіктерге жету үшін Үкіметке тағы мүмкіндік беріп отыр. “Егер де қазір мемлекет басшысы кенеттен күрт кадрлық өзгерістер жасаса, әрине, бұл элитада жаңа және әр түрлі топтардың ара салмағын қалыптастырып, ішкі конфликтер туғызуы мүмкін. Меніңше, бұл президентке керек емес” дейді, саясаттанушы Ерлан Қарин.

“Сөз” газетінің бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада Президент сайлауы өте салысымен бағалардың шарықтап шыға келгендігі баяндалыпты. Мақала авторының болжамына сүйенсек, қазіргі уақытта қаланың тұрғындарын комуналдық төлемдердің қашан қымбаттайтындығы алаңдатып отыр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қостанай облысында 1 квт электрэнергиясының бағасы 5 теңге 52 тиыннан 6 теңге 12 тиынға шейін көтерілген. Бүгінгі уақытта көпқабатты үйлерде тұратын қостанайлықтар әр шаршы метр үшін жылуға 58 теңге 50 тиын төлеп отыр. Егер жылудың бағасы 30 процентке қымбаттаса олар әр шаршы метр үшін 76 теңге төлейтін болады. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, бағалардың бұлайша тез көтеріле бастауы президент сайлауымен байланысты болып отыр. Өйткені сайлау науқаны барысында бағалардың көтерілмеуін қатаң қадағалап, оның өсуіне жол бермеген биліктің енді оны ұстап отыруға ешқандай қауқары қалмаған. “Сөз” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Андрей Чеботарев үкіметтің өз орнында қалуын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық пікірмен санасқысы келмейтіндігімен түсіндіріпті. Андрей Чеботаревтың пікірінше, Президенттің үкіметті өз орнында қалдыруы уақытша қадам болғандықтан, алдағы бір-екі айдың ішінде бұл мәселе қайтадан туындауы ықтимал.

“Литер” басылымында Мемлекет басшысы үкіметтің жұмысын қатты сынға алғаннан кейін премьер-министр Даниял Ахметовтың өз қарамағындағыларды жинап алып жиналыс өткізгендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, премьер-министр Даниял Ахметовтың алдында банк секторындағы бәсекелестікті күшейту мәселесі тұр.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Экспресс К” басылымы болса банк секторындағы бәсекелестікті күшейту жұмысының монополистер тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырайтындығын атап өтіпті.

“Егемен Қазақстан” басылымының сәрсенбі күнгі санында жарық көрген Сейфолла Шайынғазыұлының мақаласында жаңа үкіметтің алдында қандай міндеттердің тұрғандығының жай-жапсары баяндалыпты. Премьер-министр Даниял Ахметовтың айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың 18 қаңтарында Парламентте сөйлеген сөзі, атап айтқанда Қазақстанның таяудағы 10 жылдың ішінде бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруін көздейтін стратегиялық бағыт оған негіз болуға тиіс. Өз сөзінде премьер-министр Даниял Ахметов мемлекеттік банк секторындағы монополияны жоюға баса назар аударған. Оның себебі активтердің басым бөлігінің Қазақстандағы үш ірі банкте ғана шоғырлануы, қызмет құнының өсіп кетуіне әкеліп соқтырған.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында премьер-министр Даниял Ахметовтың энергетика және минеральды ресурстар министрлігіне Қазақстанда атом электрстанциясын салу мүмкіншілігін тексеру үшін тапсырыс берілгендігі сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл мәселе осыдан он жыл бұрын көтерілгенімен, ол жүзеге аспай қалған. Енді уақытта осы мақсатты жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылмақшы.
XS
SM
MD
LG