Accessibility links

Иранның оңтүстігіндегі Ахваз қаласында екі үлкен жарылыс болып, кемінде 7 адам қаза тапты


Иран президенті Ахмединежат өзінің Хузестан уалаяты орталығы Ахваз қаласына жоспарлаған сапарына бара алмады. Хабарға қарағанда, ол екі жарылыс Табиғат қоры департаменті мен Саман банкы маңайында, сейсенбі күні таңертеңгі сағат 10-дарда болған.

Бұл жөнінде Иран полициясынан полковник Салехи былай деп хабарлаған:

- Өкінішке орай, бізге алты адам мерт болып, 15 шақты кісінің жарақат алғандығы жөнінде хабар келіп түсті.

Бірақ, Ахваз қаласынан тілшіміздің хабарлауынша, құрбандар саны 6-7 кісімен шектелмейтін секілді. Себебі, жарылыс кезінде банк ғимараты ішінде 40-50 шақты салымшы болған екен. Әзірше сейсенбі күнгі ол жарылыстарды ешқандай топ мойнына алмай отыр. Бірақ журналист Мойтабаның айтуынша, кешегі жарылыстар өткен маусым мен қазан айында болған жарылыстарға ұқсайды екен.

Ол кезде сол Ахваз қаласында кемінде 100 адам қаза тауып, ол үшін Иран ресмилері Британия күштерін қаралаған еді. Ахваз қаласының әкімі Мохаммад Сарамидің тілшілерге айтуынша, сейсенбі күнгі екі жарылысқа да сол жазғы, күзгі шабуылшы топ кінәлі көрінеді. Ал парламент мүшесі Саид Молахавейзенің айтуынша, ол жарылыстарға Ираннан сыртқы күштер және британиялық күштер айыпты екен.

Өткен көкек айында Хузестан уалаятының ұлттық құрамын ауыстырмақшы деген қауесет тарағалы бері Ахваздағы ел дүрлігумен келеді.

Мұнайға бай Хузестандағы тұрғындардың кемінде 3 пайызы - арабтар. Олар тұрғын үйге жайғасарда, жер алуда, азаматтық қызмет саласында қысым көріп келеді. Бұл жөнінде БҰҰ-нан келген арнайы өкіл Милоон Хотари өткен тамыз айында мәлімдеме жасаған болатын.

Міне, Ирандағы атом қуаты бағдараламасы жөнінде дау-дамай жалғасып отырған осындай күрделі бір уақытта, жергілікті аймақта жарылыстар жалғасып, кісілер құрбан болуда.
XS
SM
MD
LG