Accessibility links

Қазақстанның «ҚазСат» байланыс жер серігі 2006-шы жылдың маусым айына дейін ұшырылмақ

  • Досан БАЙМОЛДА

Бұл туралы қаңтардың 26-сы күні Алматыда өткен «Қазақстанда жер серіктері жүйесін дамытудың болашағы» атты халықаралық жиында Ресей және Қазақстанның ғарыш саласының мамандары хабардар етті.

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіровтың айтуынша Қазақстандық тұңғыш байланыс жер серігін жасап шығаруды өз мойнына алған Ресейдің М.В.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-тәжірибе орталығы «ҚазСат»-ты 2005 жылдың желтоқсан айына дейін жасап шығарып, оны желтоқсан айының 29-ы күні ғарышқа ұшыруға жоспарлаған болатын.

Бұл жайында екі елдің үкіметтері де өз араларында келісіпті. Қазақстан үшін ғарышты игеруде бір қадам болсын алға боларлық осы күнді қазақстандықтар асыға күтеді дейді Т.Әубәкіров. Алайад, оның айтуынша, осы межелі күн жеткен сәтте ресейлік мамандар өздері жасап шығарған байланыс жер серігінің өміршеңдігіне сенімсіздеу болғандықтан, оның сапасын сынау мерзімін ұзартқан көрінеді. Оның айтуынша, Қазақстан жағы Ресей жағына байланыс жер серігі сапалы шықпаса оның барлық шығынын Ресей өз мойнына көтеру керек деген қатаң талап қойған соң барып Ресей мамандары «ҚазСат»-ты қайта қарауды жөн көрген сыңайлы.

Қалайда «ҚазСат» биылғы жылдың маусым айына дейін жер орбитасына шығуы тиісті, деді ол. «ҚазСат» байланыс жер серігі орбитаға шығарылған жағдайда Қазақстан аумағын түгелдей қамтитын болады және кю-диапазонында жұмыс істейтін 10-12 транспондер-бағаны бар, сол арқылы телехабарларды таратуға, спутниктік байланысқа шығуға және телемәліметтерді жолдауға мүмкіндік тумақ.

«ҚазСат»-тың не себептен алдын-ала белгіленген уақытта ұшырылмағаны туралы «Интерфакс» жаңалықтар агенттігі қаңтардың 25-і күні сенімді бір бұлақ көзіне сүйеніп таратқан хабарында былай дейді: «ҚазСат» байланыс жер серігін жасау барысында М.В.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-тәжірибелік орталығының басшылары арасында келіспеушілік туындаған. Ақыры «ҚазСат» жер серігін жасауға тікелей жауаптанған бас құрастырушы Александр Медведев өз жұмысын тастап кетуіне мәжбүр болған. Міне, сол себептен «ҚазСат» келісілген мерзімде дайын болмады, бұған қандай бір техникалық не технологиялық жағдай себепті емес».

Алайда, Қазақстандық «ҚазҒарыш» ұлттық компаниясының вице-президенті Мейірбек Молдабеков «ҚазСат»-тың белгіленген мерзімде ұшпауы себебін техникалық себептерге байланысты дейді. Оның айтуынша, «бұл соншама бір кісі ренжитіндей үлкен нәрсе емес».

«Ғарыш техникасы дегеніміз аса күрделі техника болғандықтан, бұндай жағдай қай елде болсын болып тұратын жағдай. Алла қаласа, алдағы маусым айына дейін «ҚазСат» байланыс жер серігі жер орбитасына шығып, өзінің жұмысына кірісіп қалады» - деді М.Молдабеков.

Қазақстан үкіметі Қазақстанның мүддесіне жұмыс істейтін ұлттық, тұңғыш байланыс жер серігін жасап, оны ұшыруға арнап 65 млн АҚШ долларының көлемінде қаржы бөлген болатын.
XS
SM
MD
LG