Accessibility links

Қайта жасақталған жаңа Үкіметтің басты міндеттерінің бірі Ресей мүддесін орындау болып тұр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сейсенбі күні Астанада жаңадан қайта тағайындалған Қазақстанның Үкімет басшысы Даниял Ахметовтің басшылығымен үкімет мүшелерінің бірінші отырысы өтті.

Сонымен таяу арада жаңа үкіметтің алдағы екі жылдық бағдарламасы дайындалмақшы. Олардың ішінде алдымен Даниял Ахметов көтеріп отырған мәселе: ядролық технология кешенін салу, ұлттық қордағы қаржыларды қайта жүйелеу және ең бастысы елдегі инфраструкуралық құрылымдарды жүзеге асыру. Алайда Даниял Ахметовтің екі жарым жылдық жұмысына қанағаттанбаған бірқатар сарапшылар, енді бұл Үкіметтің алда тыңғылықты іс тындырады дегеніне сенбейді.

Енді бір айдың ішінде Үкімет басына қайта келген Даниял Ахметов қарамағындағы үкімет мүшелерімен бірге екі жылда атқаратын жұмыстарын тізіп, Парламент депутаттарының алдында таныстыруы керек. Үкімет басына Даниял Ахметовтің кандидатурасын ұсынар кезде Парламент алдында оған шаң жуытпаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордаға, өзіне ант беруге келген Үкімет мүшелерін өткен жұмыстарындағы кемшіліктерін айтып, сынап алған еді. Енді Даниял Ахметов екі жылдық бағдарламаның жобасын жасау үшін өзінің орынбасары Кәрім Мәсімовке «Үш күннің ішінде жұмыс тобын ұйымдастыр», деп шұғыл тапсырма берді.

Сонымен елдің премьер-министрі Даниял Ахметов алдағы екі жылдық бағдарламасында қандай мәселелерді жүзеге асыруға талпынып отыр?! Алдымен айта кету керек, бұл Үкімет көрші Ресейдің қызығушылықтарын жүзеге асырмақшы. Президент инаугурациясына келіп, ертесіне ресми сапарын бастап кеткен Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде «біз екі мемлекеттің бейбіт жағдайда атом энергиясын пайдалану жөніндегі ынтымақтастыққа қызығушылық білдіреміз», деген болатын. Енді міне Үкімет басшысы Даниял Ахметов Энергетика және табиғи ресурстар министрі қызметіне жаңадан келген Бақтықожа Ізмұхаммедовке «биылдан бастап ядролық технология кешінінің құрылысын бастау керек», деп отыр. Осы мәселені Энергетика министрі Бақтықожа Ізмұхаммедовтен жан-жақты түсіндіріп беруін сұрағанымызда, ол «мен өте асығыспын» деп, жауап беруден бас тартты.

Екінші, Даниял Ахметовтің көтерген мәселесі Қазақстанның экономикасын шикізаттың көмегінсіз көтеру. Қазіргі үкімет үстіміздегі жылдың екінші жартысынан бастап, мұнайдан түскен қаржыны толық ұлттық қорға жібермекші. Даниял Ахметов ұлттық қордағы ақшаларды қайта жүйелемекші және ол Қазақстан шикізаттың ақшасына мүдделі болмай дамуы қажет деп отыр.

Алайда Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы «қазіргі Үкіметтің шала жұмысымен мұнайдың ақшасынсыз Қазақстан алға баса алмайды», деген пікірін айтты.

– Бұл тұрғыдан шикізатсыз елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге Үкімет әлі де бір оңтайлы бағдарлама ойлап тапқан жоқ, – деп отыр Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы.

Бірақ Үкімет басшысы Даниял Ахметов өзінің екі жарым жылдың жұмысының ішінде тұрғын үй инфраструктурасы оң нәтижесін берді деп нақты айтады. Оның сөзіне қарағанда тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 млн. 41 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта екі есеге көбейтеміз, дейді Даниял Ахметов.

Бірақ Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы осыдан екі жыл бұрын қолға алынған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын Үкімет қайта қарау керек деп отыр.

Даниял Ахметов көтерген тағы бір мәселе - елдегі Ұлттық компаниялардың жұмыстарының ашық болуы. Оның сөзіне қарағанда ұлттық компания жұмыстарының көлеңкелі тұстары көп. Мысалы, олардың айналымдарында 6 млрд доллар ақша бар. Бір сөзбен айтқанда республикалық бюджеттің 50 пайызын құрайды, дейді премьер Д.Ахметов.

Үкімет басы сонымен бірге «биыл Жезқазған – Шалқар – Бейнеу темір жол құрылысының жұмысына кірісу керек және 27 айдың ішінде ғарышқа екінші жер серігін ұшырамыз», деп отыр. Дегенмен, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев қазіргі Үкімет басшысының қолынан түк те келмейді деп отыр.
XS
SM
MD
LG