Accessibility links

Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов жылумен қамтамасыз ете алмай отырған меншік иелерін жауапқа тарту керек десе, жұлдызшы Назарбек Қожамсейіт табиғат енді мейірімсіз адамдарды жер бетіне көтере алмайды, дейді


Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов қыс мезгілінде тұрғындарды жылумен қамтамасыз ете алмай отырған жылу электр станциясының иелерін жауапқа тартатындай арнайы заң қабылдау қажет, дейді. Өйткені, оның сөзіне қарағанда, жылу беретін монополиялық компаниялар тек өздерінің мүдделерін ғана көздейтін заң жобаларын парламент арқылы өткізіп алады да, ал қытымыр аяз кезінде жылусыз қалған үйлерге мойын бұрып та қарамайды деп отыр. Ал бүгінде ауа-райын болжаушылардың айтуынша, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ауа-райы 45 градустан төмен болып тұр және бұл суық ақпан айының басына дейін созылады дейді. Ал Қазақстанда соңғы 10-15 жылда болмаған мұндай суықты жұлдызшы Назарбек Қожамсейіт табиғат күрделі өзгерістерге ұшырап жатыр, соның әсері деп түсіндіреді.

Қазақстанда күн райының күрт суытуына байланысты бірқатар облыстардағы жылу беретін қазандықтар істен шығып, жарылып, нәтижесінде тұрғындар жылусыз қалып отыр. Алайда, жылумен қамтамасыз ететін электр станцияларының дені жекеменшік, заң бойынша, оларды өкімет қадағалай алмайды. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов жылу беретін станциялардың иелерін жауапқа тартатындай заң қабылдайық деген мәселе көтерді. Ал бұл мәселеге байланысты Кегок электр желілерін іске қосатын компанияның вице-президенті Дүйсенбай Нұрманов «өз міндеттерін орындай алмай отырған жылу беретін меншік иелерін жауапқа тартқан дұрыс», дейді.

Қазіргі кезде ауа райын болжаушылардың айтуынша, Астана қаласының өзінде 45 градус төмен суықтықтықты көрсетіп отыр. Қазақстан бойынша ең төменгі температура Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында. Жұлдызшы Назарбек Қожамсейіт биылғы жылы ауа-райының күрт суытуын табиғаттың өзгеруімен түсіндіреді. Оның айтуынша, табиғат-ана қайта жаңарып жатыр.

Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Торбаев төтенше жағдай Шығыс Қазақстан облысында орын алып отыр дейді. Сонымен қатар ол Астанадан көрші облыстарға қатынайтын жол көліктерінің санын уақытша азайтып отырмыз, дейді.

Астана қаласындағы ауа райын болжау орталығының қызметкері Маринаның айтуынша, таяу екі-үш күнде қатты аяз болып, тепература 40 градустан төмен болады. Ол сонымен бірге ақпан айының басына дейін аяздың беті қайтпайды, дейді. Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Қайрат Торбаев әзірге аяздан адам өлімі жоқ, дейді.

Ауа райын болжау орталығының қызметкері Марина жалпы соңғы бір-екі жылда Қазақстанда қазіргідей суық болған жоқ деп отыр. Ал жұлдызшы Назарбек Қожамсейіт қатты суық оңтүстік оңірлерде ақпан айының соңына дейін жалғасады, дейді. Ол сонымен бірге наурыз айының аяғында Астанада ерекше табиғат құбылысы болады деп отыр. Оның айтуынша, 29 наурыз күні Астанада күн тұтылады.
XS
SM
MD
LG