Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.26.2006 жыл


Белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақиянов бейсенбі күнгі жарық көрген кейбір тәуелсіз басылымдардың басты қаһарманына айналыпты. Тәуелсіз басылымдарға берген сұхбатында Ғалымжан Жақиянов оппозиция өзінің біріге алатындығын президентік сайлауда көрсеткендігін айта келіп, Қазақстандағы болып жатқан жағдайлар туралы халық шынайы ақпарат алуы үшін қоғамдық телеарна ашу керектігін сөз қылыпты. Бейсенбі күнгі кейбір мерзімді басылымдарда Өзбекстан мемлекетінің Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа кіруіне байланысты сараптама жасалыныпты.

“Жас Алаш” басылымы ұйымдастырған оқырмандар сауалына берген жауабында оппозиция басшыларының бірі Ғалымжан Жақиянов бүгінгі таңдағы көптеген саяси мәселелерге байланысты пікірін білдіріпті. Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы тарапынан қойылған, Қазақстандағы партиялардың санының тым көп екендігіне байланысты сауалына берген жауабында Ғалымжан Жақиянов олардың санын шектеуге болмайтындығы туралы ойын айтыпты. Оның себебін Ғалымжан Жақиянов партиялардың санын шектеген жағдайда Қазақстанның тоталитарлық жағдайға қайтып оралуы мүмкін екендігімен түсіндіріпті. Сондай-ақ өз сөзінде Ғалымжан Жақиянов оппозиция өзінің біріге алатындығын президентік сайлауда көрсеткендігін айта келіп, Қазақстандағы болып жатқан жағдайлар туралы халық шынайы ақпарат алуы үшін қоғамдық телеарна ашу керектігін сөз қылыпты. Оның айтуынша, оппозициялық топтар ықпалды күш болуы үшін оған бүкілхалықтық қолдау қажет. Газет тілшісінің “ол үшін не істейсіңдер” деген сауалына Ғалымжан Жақиянов - халықтың санасын оятып, көзін ашуымыз керек, оларға жан-жақты ақпарат жеткізу керек, деп жауап қайтарыпты.

“Время” газетінің тілшісі Виктор Верктің сауалдарына берген жауабында саясаттанушы Досым Сәтпаев дәл қазіргі уақытта бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақияновтың кезіндегі оппозициядан мүлде бөлек саяси күштердің ортасына оралғандығы туралы ойын білдіріпті. Досым Сәтпаевтың айтуынша, дәл бүгінгі саяси күштердің ортасында Ғалымжан Жақияновтың қандай қызмет атқаратындығы мүлде белгісіз болып отыр. Сондай-ақ өз сөзінде Досым Сәтпаев алдағы уақытта биліктің тағы да оппозицияның алдын орап саяси реформалар жасауы қажеттілігі туралы өз ұсыныстарын айтуы мүмкін екендігіне тоқталыпты. “Егер де оппозицияның қатарында үлкен ыдыраудың болатындығы расқа айналып, олардың кейбір басшылары билікке келсе, мұндай жағдайда 2009 жылы билікті қолдайтын “Отан” мен “Халықтық коалиция” партиялары өз араларында ғана бәсекелесетін болады” дейді, саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Свобода слова” басылымының соңғы санында президент сайлауы өте салысымен оппозицияны қудалаудың одан әрі жалғасып жатқандығының тарихы баяндалыпты. Осыған дәлел ретінде мақалада бірнеше мысалдар келтіріліп, таяуда белгілі оппозицияонерлердің бірі Жасарал Қуанышәлинге Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен шақыру қағазының келгендігінің тарихы айтылыпты. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, өткен жылдың тамыз айында телеарнадан сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанда және қазақтарда ешқашан шекара болған емес. Дәл қазіргі белгілеп берген шеңберде мемлекеттілік болған жоқ” дегенді айтқан. Осындай мағынадағы мәлімдеме жасағаннан кейін белгілі оппозиционер Жасарал Қуанышәлин Мемлекет басшысын Қазақстанның тарихын силамағаны үшін сотқа берген еді. Газет тілшісіне берген сұхбатында Жасарал Қуанышәлин Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің өзін жиі мазалап жатқандығын осы оқиғамен байланыстырыпты.

“Айқын” және “Литер” басылымдарының бейсенбі күнгі санында Өзбекстан мемлекетінің Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа кіруіне байланысты сараптама жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Өзбекстанның бұл одаққа мүше болуының бірнеше мақсаты бар. Оның ең біріншісі күн сайын өзгеріп бара жатқан Орталық Азия аймағындағы жағдайға қатысты. Қазір дамыған державалар Орта Азия аймағында өз саяси мүдделері үшін көз тігуде. Екінші мақсат-көрші мемлекеттермен интеграциялық ынтымақтастықты дамыту. Үшіншіден Өзбекстан Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа кіру арқылы ірі коммуникациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіншілік алады.
XS
SM
MD
LG