Accessibility links

Өзбекстан: оппозиция лидері өзін “айыптымын” деп мойындамады


Өзбекстанда оппозиция белсенділерінің “істері” бойынша сот үдерістері әрі қарай жалғасуда. Адам құқын қорғаушы ұйымдар ресми биліктің осындай сот үдерістері, іс жүзінде, осыдан 8 ай бұрын басталған қудалау саясатының жалғасы деп мәлімдейді. Бейсенбі күні “Экономикалық қылмыстар істеді” деп айыпталған Нодира Хидоятоваға үкім шығару 30-ыншы қаңтарға ысырылды. Нодира – оппозициялық “Күн сәулелі Өзбекстан” ұйымының үйлестірушісі болып табылады. “Күн сәулелі Өзбекстан” ұйымының тағы бір белсендісі – Санжар Омаровтың “ісі” бойынша сот үдерісі дәл сол күні – 30-ыншы қаңтарда басталады.

Нодира Хидоятованың ісін қарайтын сот үдерісін бақылаған оның туыстары мен адвокаттары, журналистер мен адам құқын қорғайтын белсенділер сот үкімінің жариялануын күтіп бейсенбі күні таңертең сот ғимаратының сыртына жиналды. 1 сағаттай өткенде үкімнің 4 күннен кейін шығарылатыны хабарланды. Жиналғандардың арасында Ташкент қаласындағы адам құқын қорғайтын Орталықтың жетекшісі Сурат Икрамов та бар еді.

“Таңертең ертесімен біз бен басқа қаншама жұрт сот отырысы басталуға тиіс болған Ташкент қалалық сотының алдына келдік. Сот сағат 10-да басталу керек еді. 1 сағаттай өткен соң, ғимараттан сот өкілі шығып: “...сот кейінге қалдырылды, себебі: судья мен алқа мүшелерінің сырқаттанып қалуына байланысты сот отырысы дүйсенбіге сағат 10-ға көшірілді” деген уәж айтты”, - деді С.ИКРАМОВ.

38 жастағы Нодира Хидоятова – “Әндіжан қырғынына” байланысты көптеген Батыс елінің Өзбекстан басшылығынан теріс айналуынан 1 ай бұрын – сәуір айында құрылған “Күн сәулелі Өзбекстан” (КСӨ) коалициясының үйлестірушісі болып істеді. “КСӨ” коалициясы - Әндіжан қаласындағы бейбіт халықтың толқуын қантөгіспен аяусыз басып-жаншыған ресми билікке айтылған сын пікірлерге қосылды. Н.Хидоятова Мәскеуден Ташкенттің халықаралық әуе жайына ұшып келген желтоқсан айында тұтқындалды. Ресей баспасөзінің топшылауы бойынша, өзбек президенті И.Кәрімовтің әкімшілігін Нодира жанына батырып сынаса керек. Енді оның өзіне экономикалық қылмыстар бойынша “салық төлеуден жалтарды”, “арам ақшаны айналымға салды” деген сияқты бірқатар айып тағылып отыр. Оның туған сіңлісі – Нигора Хидоятова да “КСӨ” коалициясының мүшесі әрі “Азат дихандар” партиясының лидері болып табылады. Нодира Хидоятоваға қарсы қозғалған “қылмыстық істің” астарында саяси мүдде жатқанын Нигора талай рет айтқан болатын.

“Әрине, Нодираның тұтқындалуында саяси себеп бар. Оған ешқандай күмән жоқ”, - дейді НИГОРА.

Көрші Қырғызстанда А.Ақаевты биліктен тайдырған түрлі-түсті төңкерістің ізінше құрылған “КСӨ” коалициясы өзбек үкіметін де құлатуға үндеп келді. “КСӨ” коалициясының төрағасы Санжар Омаров - Өзбекстанда және Батыста кәсіпкерлік мүдделері бар қалталы азамат. Өткен қазан айының соңында ұсталған С.Омаровқа да әлгіндей айыптар тағылып, оның “ісі” бойынша сот үдерісі де алдағы дүйсенбі күні, яғни 30-ыншы қаңтарда басталуға тиіс. С.Омаров Еуроодақ пен АҚШ-тың талабына қосылып, “Әндіжан қырғынына” тәуелсіз тергеу жүргізілуін талап етті.

Өткен қазан айында “бейбіт халыққа жөн-жосықсыз қару жұмсады” деген сынды ресми Ташкенттің қабылдамай, халықаралық тәуелсіз тергеу жүргізуге келісімін бермеген соң, Еуроодақ Өзбекстанға қару-жарақ сатуға тыйым салды. Сонымен қатар С.Омаров Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавровқа Ресей мен Өзбекстанның байланысын нығайтуға және Өзбекстандағы қалыптасқан саяси дағдарыстың шешімін қарастыруға шақырған хат жолдады. Оның адвокаты Виталий Красиловский абақтыға кіріп шыққан соң, С.Омаровтың денсаулығы мен сана-сезімінің күрт нашарлағанына алаңдайтынын мәлімдеді. Нодира Хидоятованың денсаулығы мен сана-сезіміне байланысты да дәл осындай алаңдаушылық туып отыр. Өйткені, халықаралық қауым Өзбекстан үкіметін түрмелер мен абақтыларда азаптау-қинау тәсілдерін “жүйелі түрде” қолданады деп айыптап келеді. Н.Хидоятованың “ісін” қараған сәрсенбі күнгі сот отырысынан кейін адам құқын қорғайтын Орталықтың директоры С.Икрамов Нодираның денсаулығына алаңдайтынын жасырмады.

“Сот барысында сондай бір оқиға болды. Нодира Хидоятваға сөз берілгенде, Хидоятова сот отырысын жабық өткізуді өтініп, адвокатынан бас тартты. Біздің пікірімізше, Нодира Хидоятоваға қысым көрсетілген немесе тергеу изоляторында оны күштеген немесе, тіпті, оған психотроптық дәрмек берілсе керек. Неге десеңіз, оның дәл осылай сөйлеп шыға келуі мүмкін емес”, - деді С.ИКРАМОВ.

Нодираның сіңлісі – Нигора Хидоятова – апасының қолына құранды ұстап, өзін “ерекшелеу” ұстағанын хабарлады. Нигораның айтуынша, апасы өзінің жанында отырған 15 жасар қызына көңіл бөлмей, әбден езіліп-егілгендей болып көрінді. Кәмелет жасына жетпеген 2 баласы бар Нодира Хидоятова - өзін айыпты деп тапса, 7 жыл түрмені қайсарлықпен қарсы алар еді.
XS
SM
MD
LG